Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks
Гүлзия Сеитова гострайтинг, фрирайтинг туралы арнайы ÖrkenMedia үшін

Кәсіби жазушылық — жүйелі еңбек

Бүгінде жазушылықтан табыс табу дегенді жиі ести қоймамыз. Есесіне әлеуметтік желіде копирайтингтен табыс табатын жастардың қарасы аз емес және бұл заман ағыны. Осы орайда соңғы он жыл бойы жазушылықпен айналысып, тапсырыспен 50-ден астам кітап жазған редактор, ICF коуч Гүлзия Сеитовамен гострайтингтің мәні мен жауапкершілігі, кәсіби жазушыға қойылатын талаптар, жастар мен жасөспірімдердің фрирайтинг арқылы өзін-өзі тануы туралы кеңінен сұхбаттастық. 
Автордың ойлау жүйесін, мінезін, сөз саптауын сезіну қажет
— Сіз үлкен журналистік мектептен өттіңіз: екі тілде жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламалар жүргіздіңіз, ақпарат агенттігінде жұмыс істедіңіз, кейін жазушылық пен коучингке бет бұрдыңыз. Мамандық ауыстырудан, жаңа бағытты байқап көруден қалай қорықпауға болады? 
— Мамандық ауыстыру нөлден бастау емес, жиналған тәжірибені басқа формада жалғастыру. Журналистика маған ойлау тәртібін, сұрақ қоя білуді, мәтінмен жұмыс істеуді үйретті. Жазушылық пен коучинг соның логикалық жалғасы. Қорқыныш көбіне «бәрін тастап кету» деген иллюзиядан туады. Ал шын мәнінде, адамның бойындағы білімі, дағдысы, ішкі тірегі әрдайым өзімен бірге жүреді. Жаңа бағытқа бет алу үшін өзіңе, ішкі қызығушылығыңа, өмірдің келесі кезеңіне сенім керек. Егер бұрынғы жол өзектілігін жоғалтса, оны мойындаған жөн. Мұны да дамудың белгісі деп біліңіз.
— Көпшілігіміз жазғанды жақсы көреміз, бірақ оны болашақ мамандық ретінде елестете бермейміз. Әлеуметтік желідегі копирайтинг пен SMM-ді есептемегенде, бүгінде жазу арқылы табыс табуға бола ма? Қандай форматтар мен бағыттарға назар аударған дұрыс?
— Иә, бүгінде жазу арқылы табыс табуға болады. Бірақ мұнда бір нәрсені дұрыс түсіну керек. Жазудан табыс табу — бұл қызмет көрсету. Яғни өз ойыңды, біліміңді, тәжірибеңді басқа адамдарға пайдалы формада ұсынасың. Қазір тек әлеуметтік желідегі посттар ғана емес, басқа да форматтар сұраныста. Мысалы кітап жазу, гострайтинг, сараптамалық мақалалар, білім беру жобаларына арналған мәтіндер, сценарийлер, бренд пен компания тарихын жазу. Мұнда маңыздысы мағынамен жұмыс істеу, ойды нақты жеткізе білу.
Сөз арқылы біреуге ой саласың, бағыт көрсетесің, тірек боласың. Сол себепті жазуды мамандық ретінде таңдаған адам «Мен не жазамын?» деген сұрақтан бұрын «Мен кімге және не үшін жазамын?» деген сұраққа жауап беруі керек. Сонда жазу тек табыс көзіне емес, құндылығы айқындалған қызмет жолына айналады.
— Жазушы мен тапсырыспен, яғни кәсіби деңгейде жазатын жазушының айырмашылығы неде?
— Жеке жазушы көбіне өз ішкі әлемін, сезімін, ойын жеткізеді. Ал тапсырыспен жазатын гострайтер басқа адамның ойын дәл, этикалық және сапалы түрде жеткізуі керек. Автордың дауысын сақтай отырып, құрылым мен логиканы қамтамасыз етеді. Бұл — шеберлік, тәжірибе және үлкен ішкі тәртіпті талап ететін жұмыс. Бірақ кітабынды өзің жазсаң да, оны баспа сатып алса да, редакциямен жұмыс істесең де, мұның бәрі кәсіби жазушылыққа жатады. Бұл жерде жазушы өз еңбегіне толық жауап беретін маман.
Жазушылық көбіне шабытпен байланысты романтикалық кәсіп ретінде қабылданады. Ал шын мәнінде, бұл жүйелі еңбек. Кітап жазу үшін шабытты күтіп отыру мүмкін емес, әсіресе адам осы жұмыспен күн көрсе. Кәсіби жазушы кез келген кәсіп иесі сияқты, жұмысын уақытында, сапалы орындауға міндетті. Бұл жағынан жазушылық кәсіпкерлікке өте ұқсас. Нәтиже де, табыс та тек өзіңе байланысты.


— Сіз тапсырыспен 50-ден астам кітап жаздыңыз. Гострайтингте ең қиыны не: техника ма, психология ма, әлде жауапкершілік пе? Жалпы, гострайтинг деген не және бұл мамандық кімдерге лайық?
— Гострайтинг — басқа адамның атынан өлең, мәтін не кітап жазу. Мұнда жазушы көрінбейді, бірақ нәтиже үшін толық жауап береді. Автордың ойлау жүйесін, мінезін, сөз саптауын сезіну қажет. Техника тәжірибемен келеді, ал сенім мен жауапкершілік туа бітетін қасиет.
Фрирайтинг — өзіңді танудың қауіпсіз және қолжетімді жолы

— Қазіргі таңда жастардың кәсіби әрі тұлғалық дамуына ментор немесе коучтың ықпалы қандай?
— Бүгінгі жастар ақпаратқа бай заманда өмір сүріп жүр. Бірақ бағыт-бағдарға мұқтаж. Осы ретте айтқым келетіні коучтың, ментордың рөлі кеңес беру емес, ойлануға көмектесу. Дұрыс қойылған сұрақтар арқылы адам өзінің қабілетін, құндылығын, ішкі бағытын анықтайды. Коучинг жастарға дайын шешім бермейді, оларды жауапкершілікке үйретеді. «Мен кіммін, не істегім келеді, не үшін?» деген сұрақтарға өз бетінше жауап табуға үйретеді. Бұл кәсіби таңдауда да, тұлғалық қалыптасуда да өте маңызды.
— Мәтінмен жұмыс істегісі келетін жастарға грамматикалық сауаттылықтан бөлек қазірден бастап қандай дағдыларды дамытқан маңызды?
— Бүгінде грамматика база ғана. Одан бөлек ойды құрылымдау, күрделі нәрсені қарапайым тілмен жеткізу, мағынаны түсіну әрі жеткізу, тыңдай білу қабілеттері өте маңызды. Сондай-ақ сыни ойлау, өзін-өзі редакциялау, уақытпен жұмыс істеу дағдылары қажет. Жақсы жазу ойлау мәдениетінен басталады.
— Сіз жазуға негізделген коучингпен және фрирайтингпен айналысасыз. Жазу адамның өзін, қалауын және өмірлік бағытын тереңірек түсінуіне қалай көмектеседі?
— Көп адам не қалайтынын білмейді, өйткені ол туралы ойлануға да, ішіне үңілуге де уақыт бөлмейді. Жазу осы жерде көмектеседі. Қағазға жазғанда адам өз ойын реттейді, басындағы шуды азайтады. Бір қарағанда жай ғана сөз сияқты, бірақ жазып отырған кезде адам өзі туралы көп нәрсені түсіне бастайды: не мазалайды, не қуантады, неден қашады.
Жазу — өзіңмен сөйлесудің бір тәсілі. Кейде бір нәрсені түсінеміз деп ойлаймыз, ал жазып көргенде мүлде басқа ой шығады. Сол себепті фрирайтинг пен жазуға негізделген коучинг адамдарға өз бағытын анықтауға көмектеседі.
Талант маңызды, бірақ ол бәрін шешпейді
— Жазу (writing) жасөспірімдер мен жастар үшін кәсіби бағдар құралы бола ала ма? Тәжірибеңізден нақты мысалдар келтіре аласыз ба? 
— Иә, бола алады. Өйткені жазу арқылы адам өз ойлау жүйесін, ойларын байқайды. Біреулер жазу барысында ойының аналитикаға жақын екенін, екіншілер адамдармен, эмоциямен жақсы жұмыс істейтінін түсінеді. Менің тәжірибемде жазу арқылы өзін мүлде басқа қырынан таныған жастар көп болды. Олардың бастапқыдағы райынын қайтып, журналистикаға, психологияға, білім беру саласына бет бұрғандары болды.

Бұл мамандық таңдаудың дайын жауабы емес, бірақ ол адамға «мен неге бейіммін?» деген сұраққа жақындауға көмектеседі. Фрирайтинг — өзіңді танудың қауіпсіз және қолжетімді жолы.
— Жазушылыққа енді қадам басқан авторлар көбіне қандай қорқынышпен келеді? Жазушылық жолдың басында не маңыздырақ: талант па, әлде тұрақты тәжірибе ме?
— Көп адам «менікі қызық емес», «мен жаза алмаймын», «басқалар менен жақсы жазады» деген қорқынышпен келеді. Өте таныс жағдай. Көбіне адамдар өз ойын дұрыс жеткізе алмаудан емес, бағаланудан қорқады. Ал шын мәнінде, жазу — үйренілетін дағды.
Талант маңызды, бірақ ол бәрін шешпейді. Егер адам тұрақты түрде жазбаса, талант та ашылмай қалады. Тәжірибенің арқасында ой да, тіл де біртіндеп қалыптасады. Сондықтан жазушылық жолдың басында ең маңыздысы күнделікті тәжірибе мен сабыр.
— Сіз «Дарынды бала әлемі» жобасындағы ертегілердің редакторы болдыңыз. Балаларға арналған мәтін жазғанда автор мен редактордың жауапкершілігі неде деп ойлайсыз?
— Балаларға арналған мәтін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бала оқыған мәтінді шындық ретінде қабылдайды. Сондықтан мұнда артық қаталдық та, жалған әдемілік те болмауы керек. Автор мен редактор баланың жасын, сезімін, ойлау деңгейін ескеруі тиіс.

Балаларға арналған мәтін түсінікті, адал және қауіпсіз болуы керек. Ол қорқытпайды, бірақ өмірдің қыр-сырын ұғындырады. Бұл жерде ең бастысы баламен жоғарыдан емес, тең деңгейде сөйлейсе білу керек.
— Егер балаға мектепте «сенде талант жоқ» деп айтса, бұл шынымен жазуға қабілетінің жоқтығын білдіре ме? Мұндай жасөспірімге сіз қандай кеңес берер едіңіз?
— Мұндай сөздерге сенудің қажеті жоқ. Көбіне мұндай сөздер балаға бір сәттік баға ретінде айтылады. Ал жазу туа бітетін ғана қасиет емес, үйренілетін дағды. Егер балаға мүмкіндік берілмесе, қолдау болмаса, оның қабілеті ашылмай қалуы мүмкін.

Мұндай жағдайда ең бастысы баланың өзіне сенуіне көмектесу. Бірден «жазушы бол» деудің қажеті жоқ. Жай ғана жазуға рұқсат беру, қатесін сынамай, тәжірибе жасауына мүмкіндік беру жеткілікті. Қабілет көбіне сол жолда ашылады.
— Дамуды, өз мүмкіндіктерін байқап көргісі келетін жастар үшін неден бастаған дұрыс: жазудан ба, ойлаудан ба, әлде өзін және өз ісін іздеуден бе?
— Жастарға міндетті түрде бірден «дұрыс жолмен» жүрудің қажеті жоқ. Жастық шақ — максимализм уақыты. Бір нәрсені қатты қалау, бәрін бірден көргісі келу, үлкен армандар құру — бұл қалыпты жағдай. Оны басып тастауға немесе «біртіндеп, сабырмен» деп тоқтатуға болмайды. Әр кезеңнің өз уақыты бар.

Жазу, ойлау, өзін іздеу дегеннің бәрін қатар алып жүруге болады. Ең бастысы өз-өзіне тыйым салмау. Егер қазір жасөспірім немесе жас адам үлкен мақсат қойғысы келсе, максималист болғысы келсе — болсын. Уақыт өте келе бәрі өз орнына келеді, тәжірибе жинақталады.

Маңыздысы, өзіне сену, ізденуден қорықпау және бар қалпында өзін қабылдау. Өсу еркіндіктен басталады.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Зарина Қайратқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)