Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Көркем жазумен табыс табатын Дана Дүйсембай: Каллиграфия өнер ме, жұмыс па?

Логистика мамандығында оқыған Дана Дүйсембай бүгінде каллиграфиямен айналысады. Ол 5000 жыл бұрын пайда болған өнер түрін хобби ретінде меңгеріп, кейін осы сала маманы атанды. Jo Malone, Dior, Louis Vuitton, Prada, Cartier сынды әлемдік брендтермен жұмыс істейді.

Orkenlink Media тілшісі ерекше өнерден табыс тауып жүрген Данамен каллиграфияның пайдасы, одан қалай табыс табуға болатыны және жеке дамуы жайлы сұхбаттасты.
«Бірнеше күн отырып жазған кез болды»
— Каллиграфтың бойынан табылуы керек маңызды 3 қасиет?
Каллиграфтың бойынан шыдамдылық, табандылық және сабырлық сынды қасиеттер табылуы керек. Каллиграфияны меңгеру басқа өнер түрлері сияқты ұзақ уақыт пен қажырлы еңбекті талап етеді. Үйренемін деп мақсат қойған соң, соның жолында әрдайым жаттығуың қажет. Қолыңнан бірден келмей жатса, тастап кету өте оңай, ал нәтижеге жету үшін табанды болып, алға қарай ұмтылу керек. Жазу барысында сабырлы болып, әр әріпті, сызықты байыппен, асықпай жазу да маңызды.
— Тапжылмай ұзақ уақыт жазасың. Ең ұзақ жазғаның қанша сағат болды?
Иә, каллиграфияда асықпай жазу өте маңызды. Әр әріпті әдемі етіп, мән беріп жазу қажет. Мен көбінесе тапсырысқа әртүрлі шақыртулар мен ұзақ мәтіндер жазамын. Ол тапсырыстарды шұғыл түрде орындау қажет болғандықтан, 7-8 сағаттан бірнеше күн отырып жазған кез болды. Студент кезімде тіпті таңғы 6-да тұрып, бірнеше сағат, сосын сабақтан келіп түнге дейін жазғанмын. Тапсырыс данасы мен мәтіннің көлеміне қарай жазу ұзақтығы әртүрлі уақытқа созылады.
Jo Malone, Dior, Louis Vuitton, Prada, Cartier…
— Бұған дейін қандай танымал брендтермен жұмыс істедің? 
Мен 2020 жылдан бастап әртүрлі әлемдік брендтерден шақырту ала бастадым. Британдық Jo Malone парфюмерлік брендінен бастау алып, Dior, Louis Vuitton, Prada, Cartier, Jimmy Choo, Hermes, Armani, Valentino сынды алып компаниялармен жұмыс істедім.
— Каллиграфиямен айналысудың қандай пайдасы бар? 
Каллиграфияның денсаулыққа пайдасы орасан зор. Логика және шығармашылыққа жауап беретін мидың екі жартышарын белсендіреді, ұсақ моториканы, зейін мен концентрацияны дамытады. Күнделікті 15−20 минут айналысқанның өзі бойдағы стресті азайтып, ми мен денені тыныштандыратын әсері бар. Сонымен қатар каллиграфия сырттағы мәселелерді ұмыттырып, өзімнің ішкі әлеміме үңіліп, осы сәтте болуға көмектеседі. Маған шығармашылық еркіндік сыйлап, креативті қырымды дамытты. Бұл өнер арқылы жан-дүниемді тереңірек танып, өмірде өзімді де, қабілет-қарымымды да жарқыратып көрсете бастадым.
Каллиграфияға қызығатын жасөспірімге кеңес
Біздің 12−18 жас аралығындағы оқырманымыз каллиграфиямен айналысуды қалай бастаса болады? Қандай кеңес бересің?

Бұл өнер түріне жоғары қызығушылық пен құштарлығыңыз болса, үйрену процесі де сізге оңайырақ болады. Сосын техникасын білу үшін шеберлік сабағына, курсқа қатысқан жөн. Алғашында қаржы жеткіліксіз болса, ғаламтордағы тегін материалдар мен ютубтағы видеолардан базалық білім алуға болады. Бастысы, өзіңізді біреумен салыстырмай, процестен ләззат алуға ұмтылыңыз. Көңіліңізден шықпай жатса, бірден мойымай, жалғастыра беру керек. Өйткені уақыт өте келе қолыңыз жаттығып, сенімділігіңіз де күшейе береді. 
— Каллиграфия үшін қандай құралдар қажет? 
Жалпы каллиграфияның бағыты әртүрлі. Мысалы қытай-жапон, араб, Еуропа каллиграфиясы, заманауи каллиграфия деп бірнеше түрге бөлінеді. Әрқайсының жазатын құралдары да ерекшеленеді. Мен жазатын стиль түрі «Копперплейт» (ағылшын курсиві) деп аталады. Бұған қиғаш сап (косой держатель), қаламұш (острое перо), сия және арнайы қағаз секілді құралдар қажет. Қиғаш сап қолда ұстауға өте ыңғайлы, қаламұшпен жуан-жіңішке сызықтар жаза аламыз, ал арнайы қағаз сияның жайылып кетпей, тиянақты жазылуын қамтамасыз етеді. Бұл құралдар болмаса, қарапайым қарындашпен де практика жасауға болады.
Каллиграфтың қаражат көзі қандай?
— Ал осы саланы меңгерген адам оны қалай жұмыс көзіне айналдырса  болады? 
Алдымен базалық білім алып, жақсы деңгейде меңгерген соң, каллиграфия арқылы табыс табуға болады. Мен, мысалы, бұл іске 2017-2018 жылдары қызықтым. Өзім үшін хобби ретінде үйрендім. 

Тек 2019 жылдан бастап өзге адамдар тапсырыс бере бастады. Сонда да бірден көп ұсыныс түскен жоқ. 

Уақыт өте келе 5 жылдан кейін ғана тұрақты клиенттерім пайда болып, бұл менің бастапқы табыс көзіме айналды. Бірден жақсы табысқа шығып кететін іс емес, алайда бәрі де мүмкін. Бірнеше жолын айта кетейін, олар – жеке тапсырыстар, яғни хат, ашықхат, шақырту қағаздарын жазу, брендтермен серіктестік, той-думанда бірнеше сағатқа ивент-каллиграф болу, өзіңнің жеке өнімдеріңді шығару (ашықхат, постер, құралдар сату), өзгеге үйрету – шеберлік сабағы, курс сабақтарын өткізу арқылы монетизация жасауға болады.
Дана қай кезде қолына қалам алмайды?
— Сүйікті фильмің қандай? 
2020 жылы өмірімді өзгертуге түрткі болған «Соңғы демалыс» деген америкалық фильм болды. Бас кейіпкерге қателікпен бір диагноз қойылады. Әйел өмірінің аз уақыты қалғанын біліп, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Бұрыннан қалаған армандарын өзі орындай бастап, бақытты өмір сүремін деп бел буады. Қазір өмірде өзін таппай жүрген адамдарға көруге кеңес беремін.
— Өзің сүйікті ісіңнен жалыққанда не шаршағанда қалай күш аласың?
Сүйікті болса да, кез келген жұмыстан шаршайсың. Ол кездері мен қолыма мүлдем қалам алмаймын, жазу жазбаймын. Біраз уақыт ештеңе істемей, өзіме демалуға рұқсат беремін. Бұл да өмірдің бір кезеңі: тыныштықта күш пайда болып, қайтадан шығармашылық шабытым оралады.
Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)