Дильнара Диасова: «Ауылда оқып жүріп-ақ үлкен армандарға сенетінмін»
Қазақстандық жас ғалым, Абай облысының тумасы Дильнара Диасова бүгінде мұхит асып, АҚШ-тағы R1 санатындағы University of Wisconsin-Madison университетінде толық қаржыландырылған PhD бағдарламасында білім алып жүр. Ол білім беру саясаты бағытында ғылыми зерттеу жүргізіп, ұстаздық жолын да осы университеттің қабырғасында жүріп бастады.
Сұхбат барысында біз Дильнарамен ғылымға келуінің себептері, жаңа ортаға бейімделу, күмән мен қорқынышты еңсеру, сондай-ақ білім мен талпыныстың, жауапкершілік пен арманның адам өміріндегі рөлі туралы әңгімелестік.
PhD-ге құжат тапсырар алдында анаммен ақылдастым
— Дильнара, сіз АҚШ-тағы білім бағыты бойынша ең мықты университеттің толық қаржыландырылған PhD бағдарламасына оқуға түстіңіз. Осы орайда нақты жоспар болды ма, әлде өмірдің өзі ақырындап осы жолға алып келді ме?
— Осыдан бес жыл бұрын біреу маған «сен Америкада PhD оқисың» десе, сенбес едім. 2023 жылы Назарбаев Университетіне түскеннен кейін ғылым жолы өзіме жақын екенін түсіндім де, бірден PhD-ге тапсыруға шешім қабылдадым.
Ой елегінен өткізсем, өмірдің өзі мені осы жолға алып келгендей. Себебі мен Абай облысындағы қарапайым ауыл мектебін бітірдім. Ол кезде Американы ойлау түгілі, елестету де қиын еді.
— Неліктен дәл білім беру саясаты мен curriculum & instruction (оқу бағдарламасы мен оқыту әдістемесі) бағытын таңдадыңыз? Бұл сала сізді несімен қызықтырды?
— PhD-ге құжат тапсырар алдында анаммен ақылдастым. Анам — білім беру саласында, әдістеме бағытында 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ұстаз. Екеуіміз әр бағыттың артықшылығы мен кемшілігін саралап, curriculum & instruction бағытына тоқтадық.
Маған тек саясатты зерттеп қана қоймай, практикалық-педагогикалық білім беретін сала қажет болды. Бұл бағыттың аясы өте кең: тілдер, білім беру саясаты, ғылым, педагогика, сабақ беру әдістемелері — барлығы осы арнада тоғысады. Сондықтан бұл мен үшін ең оңтайлы таңдау болды.
— Толық қаржыландырылатын бағдарламаларға үміткерлердің шамамен 10%-ы ғана өтеді. Сіздіңше, университет сізді 100% грантқа қабылдауда қандай факторларға ерекше мән берді?
— Бұл жерде ғылыми жетекшімнің рөлі өте үлкен болды. Ол кісі мені департамент алдында ұсынып, қолдау көрсетті. Сол үшін ғылыми жетекшіме әрдайым алғыс айтамын.
Өзімді еңбекқор адамдардың қатарына жатқызамын
— Ғылым мен академиялық ортаға қызығатын жастар бойында қандай дағдыларды қазірден бастап дамытуы қажет деп ойлайсыз?
Бірінші кезекте — ағылшын тілі. Ғалым ретінде халықаралық журналдарға мақала жариялау үшін жұмыс ағылшын тілінде жазылады. Екіншіден — үздіксіз ізденіс пен талпыныс. Бұл тек ғылымда емес, кез келген салада табысты болуға қажет қасиеттер. Үшіншіден — қарым-қатынас құра білу, адамдармен тіл табыса алу. Қазіргі таңда академиялық ортада да, кез келген салада да нетворкингтің маңызы зор.
— «Мен бұған лайықты емеспін» деген ішкі күмән сізге таныс па?
— Өзімді еңбекқор адамдардың қатарына жатқызамын. Егер белгілі бір жетістікке жетсем, оған қалай жеткенімді жақсы білемін. Сондықтан өзімді лайықсыз сезіну сияқты күмәнді ойлар әзірге болмады.
— Бүгінгі Дильнараның қалыптасуына не көбірек әсер етті деп ойлайсыз?
— Ең үлкен әсер еткен фактор — менің туып-өскен ортам. Ауылда оқып жүріп-ақ үлкен армандарға сенетінмін.
Кейін сол армандарға жету үшін тәуекелге бел будым. Нақты қадамдарымды жоспарлап, ақырындап сол ойларымды жүзеге асыра бастадым. Әрине, айтып отырған тәуекелдің артында үлкен еңбек, отбасымның қолдауы, тіпті күмән жатыр.
Өзімді еңбекқор адамдардың қатарына жатқызамын
— Қазақстан мен аймақтың мектептегі білім беру жүйесіне сырт көзбен қарағанда, нені дамыту қажет деп санайсыз?
— Соңғы 10 жылда Қазақстанның мектеп білім беру жүйесінде үлкен ілгерілеу бар, әрі бұл — жақсы бағыттағы өзгерістер.
Тіпті көршілес елдермен салыстырғанда біздің білім саласының деңгейі жоғары деп ойлаймын. Сондықтан қазақстандық білім жүйесі ары заман талабы мен сұранысына орай дамитынына сенемін.
— «Академиялық стресс — уақытша, ал PhD дәрежесі — мәңгілік» деген ойыңыз әлі де сізге тірек бола ма?
— АҚШ-та PhD дәрежесін алу әдетте 5−7 жыл, кейде одан да ұзақ уақыт алады. Сондықтан кез келген қиындықты уақытша деп қабылдап, позитивті салтты ұстаным, алға қарай ұмтылу өте маңызды. Ең бастысы — мақсатыңнан таймау.
— Үлкен мақсат қоюдан қорқатын мектеп түлектері мен студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
— Бастапқыда көп күмәнданасыз. Кейде өзіңе сенуден қаласың. Алайда айқын мақсат бар жерде, сол мақсатқа апаратын нақты қадамдар қалыптасады. Еңбектің арқасында ойға алған мақсаттарыңыз міндетті түрде жүзеге асады.
Бұл жолда ең маңыздысы — процеске және өзіңе сену. Ал сәтсіздікті жолдың бір бөлігі ретінде қабылдай білу керек.
— Егер 18 жастағы Дильнараға қайта оралу мүмкіндігі болса, оған не айтар едіңіз?
— Бұл әлем сен ойлағаннан да әлдеқайда үлкен, мүмкіндіктерге толы дер едім. Үлкен армандардан, сол арманға қарай қадам жасаудан қорықпа дер едім.
Өмірге, оның ырғағына, алда дайындап қойған сыйларына сену де өте маңызды.
Әңгімелескен, Зарина Қайратқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар