Абыл Кекілбаев: «Аймақтағы әуежай — тек ұшу-қону жолағы емес»
Авиацияда нағыз жауапкершілік пен тәртіпті ұстанып, дұрыс шешім қабылдай алатын мамандар ғана жұмыс істейді.
Orkenlink Media авиация менеджері, беделді ICAO, яғни Халықаралық азаматтық авиация ұйымының бұрынғы қызметкері әрі бұл ұйымдағы алғашқы қазақ маманы және аймақтағы әуежай директоры Абыл Кекілбаевпен оның қызметте жүріп өткен жолы, жұмысының маңызы, қиындығы мен қызығы жайлы әңгімелесті.
Бұл сұхбаттан авиацияда бармақ басты, көз қысты дегеннің іске аспайтыны, инженердің менеджерлік қабілеті мен қарымы, аймақтың алдындағы әлемдік мүмкіндіктер мен бүгінде жас мамандардың қандай дағдыларды бойында дамытуы қажет екенін оқи аласыз.
«Авиацияға отбасымның қолдауының арқасында келдім»
— Неліктен авиацияны таңдадыңыз және сізді не нәрсе қызықтырды?
Бәрі балалық шағымнан басталған секілді. Алматыда тұрған кезімізде, жерге қонайын деп келе жатқан ұшақтарға қарап тұратынмын. Аспаннан дәлдікпен және тып-тыныш келе жататын алып машиналарға таңдана қарайтын едім.
Кеңес дәуіріндегі ұшақтарға мініп, Қазақстанды жиі аралайтынмын. Кейде кабинада отыруға мүмкіндік болатын. Әсіресе, шыны тұмсығы бар Ту-134АК ұшағы ерекше есімде қалыпты: қонайын деп жатқанда ашық аспан астында қалықтап ұшып бара жатқандай болатын. Штурманның қасына отырып, аспаптарды, экипаж жұмысын бақылағаным ұмытылмастай есте қалды.
Мектеп бітірген соң, шетелдік университетке оқуға түскім келді. Әкем АҚШ-та екінші жоғары білім алып жатқан. Ал мен дайындық курсын аяқтап, шетелге жол тартпақ едім. Бірақ тағдырдың жазуымен қайта елге оралдым.
Мамандық таңдауыма атаммен әңгімелескеніміздің әсері тиді. Ол елде техника мамандары жетіспейтіндіктен, «Осы сала бойынша білім алғың келе ме?" — деп сұрады. Осы сұрағынан авиацияға деген қызығушылығымды бұрыннан байқағанын түсіндім. Ол кісі мені Алматы әуежайындағы авиация көрмелеріне, кейде шетелге және Маңғыстауға іссапарларына ертіп жүретін.
Кейінірек әкемнің де бұл қызығушылығымды қолдағанын түсіндім. Бір күні Вашингтондағы Ұлттық әуе және ғарыш мұражайына бардық. Нью-Йорктегі Intrepid мұражайына кездейсоқ кірдік. Мұның бәрі авиацияға деген шынайы қызығушылығымды оятты.
Бала кезімнен бері барлық кеңестік және шетелдік ұшақтар мен тікұшақтар туралы көп ақпарат білдім. Тіпті сол ұшақтарда ұшып, ал кейбірінің кабинасында біраз уақыт өткіздім. Өткенге көз жүгіртсем, авиацияны таңдауым кездейсоқ емес екен. Балалық шақтағы естеліктер мен отбасымның қолдауының арқасында осы салаға келдім.
«Авиацияда әркімнің өз жауапкершілігі бар»
— Көптеген жасөспірім авиация мамандарының іс жүзінде не істейтінін толық білмейді. Авиация менеджері деген кім және олардың инженерден немесе диспетчерден ерекшелігі неде? Қарапайым тілмен түсіндіріп беріңізші.
Қарапайым тілмен айтсам, авиацияда әркімнің өз рөлі бар.
Инженер жабдықтардың дұрыс әрі үздіксіз жұмыс істеуіне жауапты.
Бұл адамдар техникалық қызмет көрсетуді күнделікті жүзеге асырады және жүйелердің беріктігін қамтамасыз етеді. Сырттан қарағанда, бұл бір қайталана беретін әрекет сияқты көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы реттелген жұмыстың арқасында ұшқыштар мен диспетчерлер техникаға толық сене алады.
Диспетчер қауіпсіз ұшу үшін басымен жауап береді.
Ал авиация менеджері - бүкіл жүйенің тұтастай алғанда бұзылмауын және дамуын қамтамасыз ететін адам. Олар процесс, адам және ресурс деңгейіне сай шешім қабылдайды. Қабылданған осындай шешімдер өзгелерге үнемі бірден байқала бермейді. Бірақ авиацияның бүгінгі және болашақтағы тұрақтылығы тікелей осы мамандарға байланысты.
«Авиацияда қателікке жол жоқ»
— Сіздің тәжірибеңізде жас маман үшін не маңыздырақ: мықты техникалық білім бе, әлде стратегиялық ойлау және адамдармен жұмыс істеу қабілеті ме?
Енді жұмысқа кіріскен адам үшін мықты техникалық білім маңыздырақ. Авиацияда басқа нұсқалар қарастырылмайды. Ұшқыш ұшақты басқарып отырған сәтте оның қолында жүздеген адамның тағдыры болады. Диспетчер іске кіріскенде, мыңдаған адаммен жұмыс істейді. Сол себепті авиацияда қателікке жол жоқ.
Бірақ уақыт өте келе басқаша түсінік пайда болады. Тіпті ең мықты деген техника маманының өзі бір дүниені қайталай берсе, тығырыққа тіреледі. Адамдар процестер мен шешімдер үшін жауапкершілік алған кезде стратегиялық тұрғыда ойлану, командамен жұмыс істеудің маңызы байқалады.
Аса бағаланбаған аспект — физикалық және психикалық дайындық. Авиация үнемі назарда ұстауды, тәртіпті және төзімділікті қажет етеді. Бұл салада тоқтап тұруға болмайды, кәсіби маман ретінде де, жеке тұлға ретінде де үнемі дамуыңыз керек.
«Жүйеге жауапты болған кезде инженерлік білім жеткіліксіз болады»
— Сізде инженерлік білім, халықаралық магистр дәрежесі және MBA бар. Авиация маманына басқару білімі не үшін қажет және ол қай кезеңде қажет болады?
Бір күні тек инженерлік біліммен шектелмеу керегін түсіндім. Өйткені жүйеге ғана емес, адамдар, бюджеттер мен ұзақ мерзімді шешімдер үшін де жауапты бола бастадым. Мұнда тек бір іске назар салмай, бәрін көре алу керек.
Мен әріптестеріме қолдау көрсетіп, білім алу үшін Ригаға бардым. Олардың мықты техникалық білімі болды, бірақ арнайы авиациялық басқару машығы жетіспеді. Мен үздіксіз білім алу қалыпты және қажет екенін өзім арқылы көрсеткім келді. Бұл да оңай болмады.
Басқара білу де керек, ол маған ойды жүйелеуге және мәселелерге басқаша көзқараспен қарауға көмектесті. Тек өз жұмысыңа ғана емес, команда мен жүйенің бәріне жауапты болу маңызды.
«Чикаго конвенциясының қосымшаларының бірін қайта қарауға қатыстым»
— Сіз ICAO-ның Аэронавигация бюросында жұмыс істедіңіз. Халықаралық ұйымдардағы тәжірибе маманға не береді?
Жауапкершілік сезімі бірден пайда болмайды, кейінірек, немен айналысып жатқаныңызды нақты түсінген кезде пайда болады.
Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден кейін мыңға жуық өтінім түсті. Оның үшеуі қалып, екеуі жұмыс істеп жатты.
Мен 193 мемлекеттің авиациялық қауіпсіздігінің негізін қалаушы құжатты, яғни Чикаго конвенциясының қосымшаларының бірін қайта қарауға қатыстым. Қазір Қазақстанда осы құжаттарды басшылыққа алып жұмыс істей бастадым. Әр стандартты негізге алдым. Содан кейін өзімді осы стандарттарды тұжырымдағандардың арасынан көрдім.
Біз қосымшаның жаңа нұсқасын дайындап, PANS әзірледік және басқа құжаттарға түзетулер енгіздік. Жұмысты үн-түнсіз, мұқият істедік әрі сырттан ешкім мақтап, мадақтамады. Бұл біздің міндет, марапат күтпейміз. Авиацияда қателесуге болмайды. Себебі әр қимылымыз адам өмірі мен мемлекеттің сеніміне тікелей әсер етеді.
Халықаралық деңгейде жұмыс атқарып жүргендіктен, қарапайым өмір сүруге, кәсіби тәртіпке дағдыланасың. Бұл мектептен стандарттардың тек қағаз жүзіндегі дүние емесін, керісінше, мәдениеті мен тарихы әртүрлі елдер арасындағы сенім тілі екенін түсінесің.
«Әуе жолағы бір облысты дүниежүзімен байланыстыруы мүмкін»
— Сіз Петропавл халықаралық әуежайын басқару тізгінін жақында ғана алдыңыз. Аймақтық маңызы бар әуежайдың миссиясы қандай?
Аймақта мүмкіндік көп. Жастар үшін бұл кем дегенде тәжірибе жинақтап, маман ретінде өсетін орын.
Аймақтағы әуежайды тек ұшу-қону жолағы демес едім. Бұл жолақ бір облысты дүниежүзімен байланыстырып, дамуына негіз бола алатын орын дер едім.
Мұнда жұмыс істеу — саналы таңдау әрі өзіме артылған міндет. Аймақ көшбасшысы тек көрсеткіштер туралы ғана ойламай, әуежайға келген әрбір адамына құрметпен қарауға тиіс. Бұл жерде әр қабылдаған шешімің маңызды екенін түсінесің.
Менің мақсатым — әуежайды аймақтың бүгіні мен болашағын гүлдендіретін мықты мекенге айналдыру.
Әрине, жауапкершілік дер едім. Өйткені тегіме дақ түсірмес үшін, тура жүріп, тәртіп сақтап, өзімді бақылауда ұстап жүремін. Авиацияда «аға-көкеге» сенуге болмайды, бәрі іс-әрекетің мен қабылдаған шешіміңе байланысты болмақ.
— Авиацияны тым күрделі сала деп ойлайтын мектеп оқушылары мен студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
Авиация, шынымен де күрделі әрі қыр-сыры ашылмаған сала. Сондықтан оған саналы түрде қадам басу керек. Мұнда тәртіпке бағынып, тез үйреніп, ұсақ-түйек дегеннің бәрін назарға алу керек. Ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жүйені сырттай бақылай алатын, қателіктердің мәнін түсіне алатын мықты мектепке, осы — авиацияда. Есесіне бұл қасиеттер адамның бойында өмір бақи сақталмақ. Жастар тапсырманы дұрыс тыңдап, тез, асығыс шешім шығармауға үйренсе, білмегенін мойындап, сұрақ қоюдан қысылмаса, зор жетістіктерге жетеді.