Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Биология пәнінің мұғалімі Айгерім Ғабдуллина: «Мұғалім тоталитар маман емес»

Мектепте «үздік оқушы» тәрбиелеу маңызды ма, әлде өмірге бейім, көңіл көкжиегі кең тұлға қалыптастыру маңызды ма? Атыраулық биология пәнінің мұғалімі Айгерім Ғабдуллина бағадан бұрын баланың түсінгенін, қызыққанын, өзін тұлға ретінде сезінгенін маңызды санайды. Дәрігер болудан бас тартып, мұғалімдік жолды таңдаған педагог Orkenlink Media тілшісіне берген сұхбатта қазіргі білім беру жүйесі, бала өміріндегі ата-ананың рөлі, жасөспірім психологиясы және болашақта пайда болатын мамандықтар туралы қызық әрі терең ой қозғады.
«Биология тек жаттайтын пән емес»
— Мұғалім мамандығына қалай келдіңіз? Биология пәнін неліктен таңдадыңыз? 
Мен Павлодар қаласындағы қазақ-түрік лицейінде оқыдым. Мұғалімдеріміз өте күшті болды: оқушылармен қарым-қатынасы, білімі, сабақ түсіндіруі, өзін-өзі ұстауы қатты ұнайтын. Бір сөзбен айтқанда, ұстаздарымыз бізге role-model болды. Ағай-апайларыма қызығып, мұғалім мамандығын таңдаймын деп армандадым. Алайда анам медицинаға барғанымды қалап, Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім. Бес жыл білім алсам да, дәрігер болғым келмейтінін түсіндім. Бұл шешіміме бірге оқыған группаластарымның өзі таңғалды. Иә, мен медицина ғылымын жақсы көремін, алайда науқастарды қарап, қағаздармен жұмыс істегенді қаламадым. Өйткені табиғатым шығармашылыққа жақын адаммын. Дипломды анама әкеліп бердім де, мұғалім боламын деп шештім. 

6−7 жыл бұрын пандемия болған кезде, қызым дүниеге келген еді. Сол кезде SMM секілді онлайн мамандықтар пайда бола бастады. Мен бұрыннан Instagram-дағы парақшама тәрбиеші кезімнен фото-видеолар салып жүретінмін. 200-дей ғана оқырманым болса да, блог жүргізуші едім. Осылайша қолымнан келетін осы дүниені одан әрі дамытқым келді. Алайда мұндай мамандардың арасынан қалай даралансам болады деп ойлайтынмын. Бір күні дәрігердің парақшасын жүргізуге ұсыныс түсті. Сонда ғана мен медицинаның қиын тілін оқырманға қарапайым түрде жеткізе алатынымды түсіндім. Өзімнің мықты тұсымды байқаған соң, дәрігерлермен жұмыс істей бастадым. Ресейдің білікті маркетологтарынан курс оқыдым. Кейін өзім де медициналық блог жүргізгісі келетін дәрігерлерге курс, марафон өткізуді қолға алдым. Себебі ол кезде қазіргідей парақшасы дамыған медицина мамандары жоқ еді. Қазақстанда дәрігерлерге SMM курсын жасаған жалғыз мен едім. Курсыма 500-ден аса адам қатысып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түлектеріміз бар. 

Бірінші бөпемнен кейін тек Instagram арқылы жұмыс істеймін деп шештім. Табыс та жақсы, өзім қалағандай, шығармашылықты да талап етеді. Сонымен қатар нәтижесін бірден көресің. 2022 жылы орамал тақтым. Енді мектепте мұғалім бола алмайтын шығармын деп ойладым. Күйеуімнің жұмысы бойынша бір жыл Камбоджада тұрдық. Ол да мұғалім, халықаралық мектепте математика пәнінен сабақ берді. Сол кезде аяғым ауыр болып, егіздер дүниеге келетінін білдім. Бөпелерімді Қазақстанда босанғым келіп, елге, Атырауға, ата-анамыздың жанына келдік. Осында жеке мектеп ашылмақ екен. Мені басшысы маркетолог ретінде жұмысқа шақырды. Бір ай жұмыс істеп, әрі қарай биология пәні мұғалімі ретінде жаңа қызметке кірістім. Қызығы, мұнда барлық дерлік мұғалім әр қаладан арнайы шақырылған. Өйткені қалада ағылшын тілінде сабақ беретін педагогтар жоқ десе де болады. Сондай-ақ адамның біліктілігін киімі емес, білімі шешетінін түсіндім. Сұраныстағы маман болсаң, кез келген мекеме өздері жұмыс ұсынады. 
— Биология пәнінің мұғалімі тағы қандай пәндерді жақсы меңгеруі керек деп есептейсіз? 
Қазір мектеп бағдарламасы қиындай түскен. Мысалы оқушылар біздің университетте өткен биохимия тақырыптарын оқып жүр. Сол үшін биология пәнін таңдағысы келген оқушы химияны да өте жақсы оқуы керек. Сонымен қатар логика мықты болғаны дұрыс. Өйткені биология тек жаттайтын пән емес. Мәселен оқушы аурудың қалай пайда болатынын, себебі неде екенін, одан әрі қалай өрбейтінін логикалық тұрғыда түсіне алуы қажет.
— Расымен, көбі мектепте биологияға теория ретінде қарайды ғой. Кей мұғалімдер осы пәнді өмірмен байланыстырып түсіндіре алмайтын сияқты. Яғни функционалды білім беру әлі ақсап жатқандай…
Кей мектепте мұғалімдер тек оқулықта жазылған білімді ғана беріп отыр. Алайда 40 минуттың ішінде онда жазылғанның бәрін түсіндіріп үлгере алмайсың ғой. Сол үшін мұғалім теорияны қалай өмірмен байланыстыруға болатынын ойластыруы керек. Бүгінде «Астана-Кітап» баспасының оқулығымен сабақ беріп жүрмін. Кезінде осы кітаптың жазылуына өзім де атсалысқанмын. Оқулық жазардағы мақсатымыз теориямен қатар, функционалды білім беру үшін соған сай сұрақ, тапсырма әзірледік. Бала сабақты түсініп, көз алдына елестетсе, есінде ұзақ әрі мәңгі сақтауы мүмкін.

Мен түрлі әдістемелік курстарда ментор болып жұмыс істедім. Биология пәнін үш тілде оқыту үшін мұғалімдерге сабақ өттім. Осы бойынша Назарбаев Университеті де шақырды. Норвегиядан тренер келіп, түрлі әдістерді үйретті. Алайда кейін көптілді білім беру бағдарламасын біздің білім жүйесінен алып тастады. 

«Оқушыдан тапсырманы мінсіз орындағанын талап етпеймін»
— Мектепте биология пәнін оқытуда қандай әдістерді жиі қолданасыз? Өзіңіздің арнайы тәсілдеріңіз бар ма?
Бұрын үйренген түрлі әдіс-тәсілді бүгінде жұмысыма қолданамын. Жоспар құрғанда-ақ, сабақты қалай түсіндіретінімді, топқа қалай бөлетінімді, не тапсырма беретінімді ойлап тұрамын. Мәселен тақырыпты кішкене түсіндіремін де, сол бойынша видео көрсетемін. Содан соң екі топқа бөліп, тапсырма беремін. Олар өзара жарысып, сабақ қызық өтеді. Кез келген ақпаратты түсіндіргенде, эмоция болса, оңай есте қалады. Тағы бір мысал: жасуша тақырыбын өткенде, тек сурет салғызып қоймадым. Бір сайттан бос жасушаның суретін тауып алып, қағаз түрінде шығарып алдым. Оны ламинациялап, үстіне органеллаларды жабыстырдық. Оқушыларға сол сабақ өте қатты ұнады. 

Әр сабаққа арнайы бір әдіс-тәсіл қолданамын демеймін. Осы кезге дейін үйренгендерімнің қайсысы тақырыбыма сәйкес келеді, соны пайдаланамын. 
— Процесті қиындатпау керек дейсіз ғой?
Иә, солай. Мысалы мен оқушылар тапсырма орындап жатқан кезде кітаптан қарауға да рұқсат беремін. Өйткені кей балалар ақпаратты солай есінде сақтауы мүмкін. Бастысы — балалардың тапсырманы мінсіз орындағаны емес, сол сабақты түсінгені. Қазір жасанды интеллект бар, түрлі тәжірибе жасауға болады.
— Сабаққа дайындалуға қанша уақыт кетеді?
Мектепте сағатым көп емес. Сабаққа дайындалуға 2−3 сағатым кетеді. Кей күрделі көрнекіліктерді бір апта бойы дайындауым мүмкін. Бәрін алдын ала жоспарлап жүремін.
«Барлық баланың тек үздік бағаға оқуы негізгі мақсатым емес»
— Биология пәнін ұнатпайтын оқушыны қалай ынталандыруға болады? Ынталандыру қажет пе?
Әрине, әр баланы сабаққа қызықтыру керек деп есептеймін. Өткен тоқсанда бір ана қызының биологияға қызығушылығы қатты артқанын айтып қуантып қойды. Ол оқушы негізі сабақты «беске» оқиды. Алайда мен сабақ бергелі ол мектепке жақсы баға алу үшін емес, жаңа нәрсе үйрену үшін барады екен. Сондықтан барлық баланың тек үздік бағаға оқуы негізгі мақсатым емес. Мақсатым: оқушы неше алса да, менің пәнім туралы түсінік қалыптасса деймін. Мысалы бір бала «үшке» оқуы мүмкін. Бірақ ол өзіне қойылған бағаны қанағат етеді. Соған қарамастан, менің пәніме қызыға қатысып, сабақты түсінуге тырысса деймін. Әрине, ол үшін баланың ынтасын арттыру керек. Тақырыпты өмірмен байланыстырып, бала түсінсін деп түрлі әдіспен, мысалмен сабақ өтетінім де содан. Гормоналды жүйе туралы сабақ өткенде: «Осы нәрсе сендерде қазіргі кезде болып жатыр»,-десем, балалар жалт қарап, мұқият тыңдайды. Осындай қарапайым мысалмен-ақ оқушы назарын ұстап тұруға болады.
— Алайда мұғалімнің бәрі сіз сияқты ойламайды ғой. Алдына келген оқушының бағасына қатты мән беретіндер бар…
Бұлай ойлайтындар көбіне өзі үздік оқыған ағай-апайлар шығар. Оқушыларының да тек «беске» оқығанын қалауы осыдан да болуы мүмкін. Мен де мектепті, оқу орнын өте жақсы бағамен тәмамдадым. Алайда қабілеттерімнің әртүрлі екенін білетінмін. Сондықтан да баға үшін аса қиналмадым. Оқушыларға да: «Менің пәнімді тек «5"-ке оқуға міндетті емессіңдер. Алайда жүрегіңнің, бүйрегіңнің қайда екенін біліңдер. Қалай жұмыс істейтінін түсініңдер»,-деймін.

Мектеп — адамды өмірге дайындайтын баспалдақ. Мектеп қабырғасында ісіңе жауапкершілік танытуды, қатаң тәртіп ұстануды үйренесің. Болашақта ең керегі де осы қасиеттер ғой. Сол себепті мұғалім оқушыларынан тек үздік шығаруға міндетті емес деп есептеймін. Одан да өмір сүруге бейімді, керек ақпаратын жүйелі іздеп таба алатын, күнін жоспарлап, дисциплина ұстай алатын, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құра алатын тұлғаны тәрбиелеуге үлес қосуы керек деп санаймын.
«Заманауи мамандықтарды да қоса үйренген дұрыс»
— Алдағы 20−30 жылда биология пәні бойынша қай саланың маманы болуға сұраныс артады деп ойлайсыз?
Қай мамандық иесі болса да, тек бір саламен шектелмегені абзал. Мысалы 9 жыл оқыған дәрігерлер: «Маркетинг маған не үшін керек?"-деуі мүмкін. Алайда қазір өзіңнің қабілетіңді көрсетіп, көп науқасты емдеп не пайдалы ақпаратыңды адамдарға жеткізу үшін, жалпы қызметіңді ұсыну үшін маркетолог болуың керек. Сондықтан қазіргі заманауи мамандықтарды да қоса үйренген дұрыс. Тағы бір мысал: өзі ағылшын тілі маманы, алайда қазір Сингапур математикасынан сабақ беретін әріптесім бар. Оны да басқа қаладан шақыртқан. Көрдіңіз бе? Ол кісі тек ағылшынды не тек математиканы оқып қоймай, заманауи әдіс-тәсілдерді де меңгеріп алды. Сол үшін бүгінде негізгі салаңнан бөлек, бірнеше жаңа бағыттарды да игерген жөн. Сонда нағыз сұраныстағы маман боласың.

Ал енді сұрағыңызға оралсақ, биология саласын таңдағысы келген адам ІТ-ды, ЖИ-ді меңгергені дұрыс деп ойлаймын. Өйткені технология дамыған сайын жаңа мамандықтар да пайда бола береді. Сіз медицина, биотехнология не экология саласын таңдасаңыз да, сол бағытты өмір бақи зерттеуіңіз жеткіліксіз болады. Жан-жақты болыңыз.
«Мұғалімнің эмпатия көрсеткені әлсіздікке жатпайды»
— Жеке мектеп пен мемлекеттік мектептің айырмашылығын қалай сипаттар едіңіз?
Менің ойымша, жеке мектеп оқушылары артында өзін қаржылай тұрғыда қолдайтын ата-анасы барын біліп тұрады. Яғни ҰБТ секілді тесттер өмірдің мәні емес екенін, одан да басқа таңдаулар барын түсінеді. Шетелдік университеттерді таңдаймын дейтіндері көп. Біздің кезіміздегідей «Тек грантқа оқуым керек», «Шәкіртақыдан айырылмауым керек» дегендей қорқыныш жоқ. Бағаға байланбайды. Өздерін сенімді ұстайды. Кинодағыдай буллинг дейтінді көрмедім. «Біз ақша төлеп жатырмыз. Сіздер міндеттісіздер», — дейтін қарым-қатынасты да байқамадым. Баланың аты — бала. Олар да бәрі секілді өзін тыңдағанды, мақтағанды жақсы көреді. 
Біздің Фараби халықаралық мектебі Well being жүйесін ұстанады, яғни баланың психологиялық және эмоциялық әл-ауқатын бірінші орынға қояды. Осы бағытта буллингке қарсы, жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктері туралы көптеген семинар мен курс өткізіледі.
Жасөспірімдердің ең басты ерекшелігі олар енді бала емес, бірақ әлі ересектер қатарына да жатпайды. Дегенмен өздерін үлкен адам секілді қабылдағанын, тұлға ретінде құрметтегенін қалайды. Егер мұғалім оқушыны тек баға алатын объект ретінде емес, жеке тұлға ретінде көрсе, қарым-қатынас мүлде басқа деңгейге өтеді. Сол кезде мұғалім «бағасы неге түсті?» деп қана емес, «неге сабаққа қатыспай жүр?», «жағдайы не болды екен?» деп ойлай бастайды. Ал балалар мұны сезеді. «Мұғалім мені уайымдайды екен» деп, cізге тартылады.

Мен 11-сыныпта оқитын, биологиядан дайындалып жүрген үш оқушымен жұмыс істеймін. Өткенде ренжіп, ойымды жасырмай айттым. «Мен дипломымды алып қойдым, ҰБТ тапсыратын да мен емес, университетке түсетін де мен емес. Сонда неге мен сендер үшін уайымдап жүрмін?" — деп сөйледім. Олар үнсіз тыңдап қалыпты. Ойы бірден өзгеріп кетпесе де, тамшыдай-тамшыдай әсер етеді. Осылайша олардың болашағына шын алаңдайтынымды түсінеді. Дегенмен кейбір мұғалім өз ішкі сезімін білдіргісі келмейді. Егер педагог әрдайым оқушыдан өзін жоғары ұстап сөйлесе, бала оған ешқашан жете алмайды. Кейде мұғалім төмен түсуі керек, баламен қатарласы ретінде сөйлесе білуі қажет. Мұғалімнің эмпатия көрсеткені әлсіздікке жатпайды, керісінше, мұғалім мен оқушы арасындағы көпір дер едім.
Бала өміріндегі ата-ананың рөлі
— Бөпе өсіріп отырып, жұмыс істеу қиын емес пе? Бәріне қалай үлгересіз?
Балалар ауырған кезде бәрі тоқтап қалғандай болады. Бірақ бірнәрсені ұмытпауым керек деп отырамын: бірнеше күннен кейін тәуір болады. Алайда сол кезең анаға қиынға соғады. 

Өткенде бір жастағы егіз бөпелерім ауырып, мүлде ұйықтай алмадық. Келесі күні мектепке баруым керек еді. Таңертең көңіл күйім болмады, «бармай-ақ қояйын ба?» деген ой да келді. Бірақ екінші сабақтан жақсы көңіл күймен шықтым. Өйткені оқушылардың көбі сабақты түсінгенін айтты әрі белсенді болды. Әдетте үндемейтін бір оқушы сабақ соңында келіп: «Апай, бүгінгі сабақ маған қатты ұнады»,-деді де, шығып кетті. Сол бір ауыз сөз менің күнімді түбегейлі жақсы жаққа өзгертті. Сол сәтте бұл жұмыстың маған керек екенін жақсы түсіндім. Өйткені мен осы ортадан энергия аламын. Мен үйде отыра алмайтын адаммын. Себебі ішкі энергиям бір жерге жұмсалуы керек. Ал ол энергия дұрыс шықпаса, керісінше, ашуланып, күйзеліске түсіп кетемін.
— Мұғалім, оқушы туралы айттық. Бүгінгі ата-аналар қандай?
Кейбір ата-аналар баланың тәрбиесін толықтай мұғалімге жүктеп қояды. Бұл, әсіресе, жеке мектептерде жиі кездеседі. «Баланы сіздерге бердік, енді одан адам жасап шығарыңыздар» деген көзқарас бар. Бірақ шын мәнінде, бір мұғалім баламен күніне 40 минут қана болады. Ол сол уақыт ішінде өз пәнін, өз тақырыбын ғана түсіндіре алады. Ал баланың құндылықтары, өмірге деген талпынысы, мақсаты, мінезі - бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасады.
Баланы тәрбиелеу үшін жиі сөйлесу керек. Бірақ: «Не істедің? Қайда бардың? Не болды?» — деп тергеумен ғана шектелмеу қажет. Бір семинарда Елжас Ертайұлы: «Баладан бірдеңе сұрамас бұрын, алдымен өзің бірдеңе бер. Яғни өзің туралы, басыңнан өткен оқиғаң жайлы айт, сосын ғана баладан сұра», — деген ой айтты.

Студент кезімде үйге барғанда, анаммен құшақтасып ұйықтайтынбыз. Анам маған өзінің балалық шағындағы қызық оқиғаларын айтып беретін. Сол әңгімелер әлі күнге дейін жадымда. Өйткені мен 11 жасымнан бастап, басқа қаладағы лицейде оқыдым да, айына бір рет қана үйге келетінмін. Бірақ сол қысқа сәттердің өзінен өте құнды естеліктер қалды.

Қазір бәріміз асығыспыз: тамақты тез жасау керек, үй шаруасы, жаттығу, үй тапсырмасы… Бірақ бір сәтке тоқтап, дамылдау керек. Себебі баланың болашағы дәл қазір, осы сәтте қалыптасып жатыр. Таңғы ас ішіп отырғанда, қандай әңгіме айтасыз? Осыған мән беріңіз. Үйде баланың есінде қалатын, отбасылық құндылыққа айналатын шағын әдеттер болу керек.

Қазір үлкен қызымыз 6 жаста, өте көп сұрақ қояды. Сол сұрақтарға ерінбей жауап беруге тырысамыз. Ол бізден сұрайды, сосын мектептегілерден тағы сұрайды, қайта келіп бізге мектептегі жауапты айтады. Осылайша баланың ойлау, талдау, логика құру процесі дамып жатыр. «Ал егер бұлай болса ше?», «Ал анадай болса ше?» деген сұрақтар пайда болады. Бүгінгі балалар өте ақылды. Ақпарат өте көп, олар біздің кезімізден де әлдеқайда алда келе жатыр. Бірақ кейбір ата-ана: «Отыр десе — отыр, үндемей тамақ іш» деп, әлі де ескі тәсілмен тәрбиелегісі келеді. Иә, біз солай өстік. Бірақ заман өзгерді. Қазір терең ойлайтын, сұрақ қоятын, пікірін айта алатын ұрпақ өсіп келеді.
Жасөспірімдерге үш кеңес
— Жеткіншектер мен жасөспірімдерге мамандық таңдауға қатысты қандай үш кеңес айтасыз?
Бірінші кеңес: қазір ойлап жүргенің мен болашақтағы мамандығың мүлде басқа болуы мүмкін. Бұл — қалыпты жағдай, қорқудың қажеті жоқ.

Екінші кеңес: қазірден бастап әртүрлі нәрсені байқап көру керек. Би, сурет, кітап оқу, робототехника, спорт, дизайн, жазу, бәріне қатысқан дұрыс. Мектепте қызыққан дүниелерің кейін міндетті түрде пайдаға асады.

Үшінші кеңес: әр үйренгенің сені ерекшелендіріп, дара тұлға ете түседі. Мысалы, менің 7−8-сыныпта оқығаным, сурет салғаным, шығармашылықпен айналысқаным қазір жұмысымда, контентте күнделікті көмектеседі.

Қазіргі кезде баға үшін оқу деген нәрсе қалып барады. Өйткені көбі «төрт» пен «бестің» арасында аса үлкен критерий жоқ екенін біледі. Міндетті түрде GPA 5.0 болу керек немесе IELTS 9.0 болу керек деген талапты мұғалім де қоймайды. Бала төртке оқуы мүмкін, бірақ ол топпен жұмыс істей алса, сахнада өзін жақсы ұстай алса, жобасын қорғай алса — үлкен жеңіс. Таңнан кешке дейін тек оқып, бірақ өз ойын жеткізе алмай, білімін өмірде қолдана алмайтындар да бар… Сондықтан бағаны негізгі құндылық қылмауды ата-ана да, оқушы да, мұғалім де түсінуі керек.

Шынымен де, «керемет үздіктердің» заманы өтті. Қазір бәсекелестік өте жоғары. Мен баламнан міндетті түрде үздік оқуын талап етпеймін. Бірақ оның бойында белгілі бір дағдылар болуы керек. Сол себепті біз балаларға түрлі дағдыны меңгеруі үшін қажет болатын шыдамдылықты, сабырды, тәртіпті үйретуіміз қажет.

«Жүйе» кітабының авторы Жігер Тілеухановты білетін шығарсыздар? Сол кітабының универсалдар жайлы бөлімін жаздым. Универсалдар — бір нәрсені толық меңгермегенімен, көптеген саланы белгілі бір деңгейде білетін адамдар. Мысалы мен биологияны 80%, Photoshop-ты 70%, маркетингті 60% білемін. Барлық саланы 100% меңгерудің қажеті жоқ, бірақ 50−60% деңгейінде әртүрлі салаларды білсең, өмірде алға жылжи аласың. Мұндай адамның орнын ешкім баса алмайды. Бүгінде тек бір нәрсені өмір бойы оқып, содан ғана мықты болғаның жеткіліксіз. Ал жан-жақты, көп саланы меңгерген адам әрқашан ерекшеленеді.

Сөз соңында айтарым, мұғалім тоталитар мамандық емес. Педагог баламен жақсы қарым-қатынас орнатып, диалог жүргізіп, түсіністік таныта алатын адам болуы керек. Егер мұғалім стереотиппен ойласа, оқушының жүрегіне жол таба алмайды. Біздің міндетіміз — баланы білімге ғашық ету, сенімін ояту, шабыт беру, сағын сындырмау. Баға қою мен оқушыға тұлға ретінде қарау — екі бөлек нәрсе. Оқушы екі алса да, жаман адам деген сөз емес. Біз сабақта бағыт беріп отырамыз. 

Қазіргінің мұғалімі кез келген өзгеріске дайын болуы керек: балалар да өзгерді, қоғам да өзгерді. Енді мұғалім де өзгеруге тиіс. 

Сұхбаттасқан Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)