Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Nura Nomad құрушысы Айнагүл Хамитова: «Біз 5 миллион тапсақ, соны жобаға құямыз»

Нұра өңірінде бой көтеріп жатқан Nura Nomad жобасы балалар мен жастарды ғылымға, экологияға, қолөнерге баулиды. Жоба құрушылары — жеті баланың ата-анасы, кәсіпкер, жасөспірімдерге арналған кәсіби бағдар беретін Orkenlink платформасы, «Дарынды бала» оқу орталықтары мен «Дарынды бала әлемі» ертегілер жинақтарының авторлары Айнагүл мен Қайрат Хамитовтер. 

Nura Nomad идеясы балаларына қажеттіліктен туындап, кейіннен даланы нағыз зертханаға айналдыруға ұласады. Олар елдегі демалыс аймақтарының ластанғанын көріп, Нұра өңіріндегі сайын даланы таңдап, оны қайта жандандыруды жөн көрген. Осылайша, жоба тек саялы орта қалыптастыруды көздемей, балаларға кеңістікті, дала философиясын үйрететін бірегей арт-лагерь концепциясына айналды. Бұдан бөлек, жоба құрушылары бұл мекенге зерттеушілерді, жазушыларды, қазіргі заманауи креаторларды шабыттануға, тыныштықта ой жинақтап, өрісті кеңейтуге және шетелдік қонақтарды дала болмысымен танысуға шақырады. Жоба авторы Айнагүл Хамитовамен сұхбатта дәстүрлі лагерь түсінігін бұзатын жаңа концепцияны талқыладық.
— Айнагүл ханым, осы жобаның негізгі құндылығы туралы айтып берсеңіз. Идея қашан келді? Неге даланы таңдадыңыздар? Неліктен құрылысты Нұрада бастауды жөн көрдіңіздер?
— Жалпы біздің отбасылық жобаларымыздың бәрі де балаларымызға қажет болған соң дүниеге келген. Балаларымызды кішкентай күнінен дамыту орталықтарына, музыкаға беруге ұмтылдық. Өйткені ол кезде балабақша тапшы, кезек те ұзын-сонар еді. Содан оларға өзіміз жағдай жасауды ұйғардық. Шыны керек, балабақшаға баламызды беруге жүрексіндік, ол жақта балаға тиісті көңіл бөлінбейтіндей көрінді. Сол себепті перзенттерімізге ыңғайлы ортаны өзіміз жасадық. Алдымен үйімізден бастадық: мұғалімдерді шақыртып оқыттық. Кейін балаларға орта, қоғам қажет болғанда, оны да ұйымдастырдық. Содан соң бірінші сыныпқа барғанда репетиторлар, тіл үйрету курстары керек болды. Соған орай балаларға арналған дамыту, музыка және робототехниканы біріктіретін орталықтар аштық. Осылайша олардың жан-жақты өсуіне жағдай жасадық.

Алайда балалар есейіп, жасөспірім шаққа жеткенде, бізге ауылдың тынысы мен кеңістігі қатты жетіспейтінін ұқтық. Себебі қалада қанша жерден әдемі үй таңдасаң да, жанарың бәрібір қарсы алдыңда тұрған көрші үйді көреді. Бұрын бізге бір бөлмелі үй болса да жететін еді ғой, ал кейін терезеден қарағанда алдыңнан шексіз-шетсіз кеңістік тұрғанын қалайды екенсің. Осылайша, өзімізге не керегін түсіндік. Негізі мен Баянауылданмын, ал жолдасым Қарқаралыдан. Біздің бала күнімізде ол жақта туристер қаптамаған еді, табиғаты тамаша еді. Соқпақпен жүріп, бүлдірген теретінбіз, тұнық көлде шомылатынбыз. Жақында Баянауылға барып келдім, көңілім қатты түсті… Өйткені әр жерде құрылыс қалай болса, солай жүріп жатыр. Демалушы саны өте көп. Мысалы мөлдір болып тұратын Жасыбай көлінің суы қазір лайланып кеткен. Бұрын мұндай болмайтын. Адамның көптігі сондай, жағажайда жүру мүмкін емес. Кішкентай көлдің айналасы толған адамдар. Табиғат ластанып жатыр… Бұрынғы жолдың бәрі тапталып қалған. Қарқаралыда да жағдай осындай. Содан біз бос жер телімін алып, сонда эко-орта құрсақ, ағаш отырғызайық деп шештік. Өйткені ағаштың өзі-ақ табиғи орта қалыптастырады: тамыры тереңге бойлап, шөп жете алмайтын жерден азық алады да, сол арқылы айналасындағы өсімдіктерге жан бітіреді. Осылайша, алдағы уақытта ағаш отырғызып, саялы орта жасаймыз деп жоспарладық. Сол кезде бізге: «Сайын далада не бар? Бізде Бурабай, Баянауыл, Каспий сияқты жер бар емес пе?» деген сыни сөздер де, сарказм да көп айтылды. Осындай пікірлер дала философиясын тереңірек түсінуге түрткі болды. «Мүмкін бізге бұл ағаштардың да керегі жоқ шығар? Балаларға дәл осы даланы, кеңінен ойлауды үйрету керек шығар?» деген тоқтамға келдік. Кейін жобаға зергерлік, кескіндеме сынды арт-саланың мамандарын тарту ойға келді. Лагерь ішінде балалар түрлі концептуалды бағыттарды көре алатындай арнайы орта құру идеясы да пайда болды.
— Түсінікті. Әйтсе де, бұл жоба сіздер үшін бизнес пе, әлде орындалған арман ба?
— Жалпы, өзім де білмеймін, жолдасым екеуімізді нағыз бизнесмен деп айту қиын. Өйткені біз рационалды есеппен емес, біртүрлі иррационалды, ішкі түйсікпен әрекет етеміз.

Мәселен кітап сату мен мейрамхана бизнесін салыстырып көрейікші. Мейрамханада тұтынушы күніне бес рет маржасы жоғары бір шыны кофе мен круассан сатып алуы мүмкін, бұл жерде капиталдың айналымы өте жылдам жүреді. Ал кітапқа инвестиция салсаң, «қысқа мерзімдік ақша» екені ақиқат. Бір кітапты сатасың, тауарың да бітеді. Келесі тауарды шығару үшін кемінде бір-екі жыл уақыт кетеді. Мысалы біз «Дарынды бала әлемі» жобасын бес жыл бойы аударып, зерттеп, иллюстрациясын жасаттық. Бұл — ұзақ әрі үнемі қаржы талап ететін шығармашылық процесс. Бизнес тұрғысынан тиімсіз тәсіл. Сондықтан сырт көзге мұны бизнес емес деп ойлауға болады. Алайда, Алланың мейірімі шексіз ғой, «Тәуекел түбі - желқайық, өтесің де кетесің» демекші, тапқан табысымыздың бәрін реинвестициялаймыз. Өзімізге қызық әрі балаларға пайдалы дүниеге жұмсаймыз. Ең алдымен, перзенттерімізге, содан соң барлық кішкентай тұтынушыларымызға арнаймыз. Өйткені біз үшін әрбір бала қымбат.

Меніңше, жолдасым екеуіміз балалармен жұмыс істеу үшін жаратылған сияқтымыз. Ол да, мен де балаларды өте жақсы көреміз. Сондықтан да Жаратқан бізге жеті бала берген шығар. Жолдасым маған үйленерде: «Сені түсімде көргенмін, түсімдегі қызсың»,-деген еді. Қарап тұрсам, осы балалардың айналасында біздің бүкіл өміріміз өріліп жатыр. Үйімізде үнемі көршінің, туған-туысқандардың балалары жүреді. Келіншектер үйіндегі тұсқағазды 10 жылдай ұстаса, біздің үйдегіні 3−4 жылда-ақ балалар шимайлап, тоздырып тастайды.

Десе де, бұл — бизнес. Қандай да бір іс бәсекеге қабілетті болуы үшін ол пайда әкелуі керек. Сонымен қатар өзім қаржыгермін, бойымда прагматикалық, әйелге тән ұқыптылық бар. Өйткені әйел адам іштей үнемі отбасының тамағы мен қауіпсіздігін ойлап жүреді. Сол себепті менің рационалды тұсым бәрін алдын ала есептеп отырады.

Басқарушы ретінде де маған ақылды адамдармен жұмыс істеген өте ұнайды. Таланты мен біліктілігіне бизнес деп емес, қоғамға қызмет ету деп қарайтын мамандарды қатты бағалаймын. Адам қанша табатыны туралы ұмытып, өзінің шеберлігінен, қоғамға тигізген пайдасынан ләззат алған кезде ғана кемел тұлға бола алады деп ойлаймын.

Шынында да, мұны таза бизнес деу қиын. Бәлкім, басқа салада жүрсек, мықты жетістікке жетер ме едік?! Немесе, керісінше, банкрот болып, депрессияға түсер ме едік, кім білсін? Ал мұнда біз үнемі ізденістеміз, көңіліміз көтеріңкі, бақытты күйдеміз. Өйткені балалардың энергиясы да, істеп жатқан ісіміз де — өте мөлдір, жарқын дүние. Мен мұны шамадан тыс асыра сілтеп, «үлкен миссияны арқалап жүрміз» дегім келмейді. Жай ғана өз ісімізден рахат аламыз, өміріміз көңілді өтіп жатыр. Содан да болар, айналысып жатқан жұмысымыздан аса қатты қиналмаймыз. Мен көп киім сатып алмаймын, сәнді алтын-жауһар тақпаймын. Егер мен байлыққа ғана ұмтылсам, бұл тапқан қаржы маған ешқашан жетпес еді.

Жоба ешқандай инвесторсыз, демеушісіз және жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаларсыз, толығымен отбасының жеке қаражаты мен несиелер есебінен жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс барысында туысқандардың мүлкі кепілге қойылған. Тіпті, Хамитовтер отбасы 10 жыл бойы жалдамалы пәтерде де тұрған. Ал мемлекет пен жергілікті әкімдік тарапынан басты көмек — инфрақұрылым жүргізу және жер телімін 5 жылға жалға беру.
— Қаржы жайлы айтылып қалған соң сұрайыншы: бұл жоба қандай қаражатқа жасалып жатыр? Қаржылай қолдаушылар немесе серіктестеріңіз бар ма? Осы жағын айтып берсеңіз.
— Жоқ, бізде ешқандай қолдаушылар жоқ, бәрі өз қаржымызға жасалуда. Несие аламыз. Өзіміздің компаниямыз бар, 20 жыл бойы тұрақты өсіп келе жатырмыз. Сондықтан банктер үшін өте сенімді клиентпіз. Дегенмен қаржыгер ретінде белшеден қарызға батып кетпеуді де қадағалаймын. Бәрін алдын ала есептейміз, өйткені кез келген құрылыс — өте ұзақ мерзімді инвестиция. Мәселен осыдан 10 жыл бұрын да бір объектіні қолға алғанда қаражатымыз жетпей қалған еді. Ол жобаларды аяққа тұрғызғанша, жеті баламызбен 10 жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрдық. Кейіннен ипотеканың тиімді екенін түсініп, үйді ипотекаға алдық. Содан кейін осы жылдар ішінде қолға алған барлық жобаларымызды тұрақты табыс көзіне айналдырып, ақырындап кітап шығару сынды шығармашылыққа ауыстық. Мәселен бүгінде Orkenlink сияқты жобаларымыздың инвестиция кезеңі аяқталып, осы жылдан бастап ақырындап қайтарымын көре бастадық. Ал тапқан табысымызды қайтадан жаңа жобаларға инвестициялаймыз.

Жалпы мен ешқашан «Даму» қорының жеңілдетілген несиелерін алып көрмеппін. Біреулер миллиардтап алып жатады ғой, негізі ол — өте тиімді әрі ұзақ мерзімді ақша. Алайда оны алмадық. Біз «5 миллион тапсақ, соны жобаға құямыз» деген ұстаныммен жүрдік. Ал тұрмыс-тіршілігіміз айына 500 000 теңге тапқан кездегідей өзгеріссіз қалды. Өмір сүру деңгейіміз өзгермеген соң да, қарапайым қалпымыздан танбаған болармыз.
— Сонда бүгінде Нұрадағы жоба толығымен сіздердің жеке инвестицияларыңызға соғылып жатыр ғой, иә?
— Иә. Осы жоба үшін, тіпті, ата-анамыздың да, бауырымның да пәтерлерін кепілге қойдық (күледі). Шыны керек, мен де бірден 2 миллиард, 100 миллиард инвестиция сала салатын олигарх болғым келеді-ақ. Бізде басымыздағы баспанамыздан айырылу қаупі төнсе де, қарт ата-анамыз бен жеті баламызды сүйреп жүрсек те, тәуекел етуден басқа амал жоқ. Қайткенде де қолымыздан келгеннің бәрін жасап, бұл жобаны сәтті жүзеге асыруымыз керек. Дегенмен Жаратқан үнемі жәрдемдеседі. Біз балалар лагерін бастағанда ешкім бұл тақырыпты сөз қылмайтын еді. Ал біз құрылысты аяқтауға жақындағанда, лагерь мәселесі кенеттен елдің бәрі талқылайтын басты тақырыпқа айналды. «Қанша бала демалды?» деп өкімет деңгейінде айтыла бастады. Кейін білсек, биыл туризм саласына салық жағынан жеңілдіктер де қарастырылыпты. Біз мұның бәрін «лагерь трендке айналады» деген арнайы есеппен келген жоқпыз. Жай ғана ауылды, шексіз кеңістікті сағынғандықтан, балаларымыз бөгде біреу ластап кеткен жерде емес, таза далада жалаңаяқ еркін жүгірсін деген ниетпен бастаған едік.
— Ал жергілікті әкімдік тарапынан қандай да бір қолдау бар ма?
— Біз кезінде барлық аудандарға хат жазған едік. Сонда әкімдік жер мәселесі бойынша көмектесіп: «Келіңіздер, есігіміз ашық»,-деп, жер телімін бөлді. Электр жарығын тартып беру сияқты техника жағынан да қолдау көрсетті, өйткені оларда арнайы инвестициялық штаб бар екен. Әрбір инвестормен жұмыс істеудің стратегиясы бар болып шықты. Яғни, кез келген сұрақ пен өтінішке жауап беріп жатыр. Ешқандай кедергі жасап жатқан жоқ.
— Сонда сіздер өздеріңіздің шағын инвестицияларыңызбен бардыңыздар да, олар құрылыс жүргізу үшін жер ұсынды ғой?
— Иә, мемлекеттік баж салығы сияқты өз төлемдерімізді, шамамен 8 миллион теңгедей, төледік те, жерді 5 жылға жалға алдық. Негізі 5 жылдың өзіне кәдімгідей тәуекел жасап отырмыз. Егер осы жыл ішінде құрылысты аяқтай алмасақ, жер телімін қайтарып алады. Қазірдің өзінде 2 жылы өтіп кетті.
— Сонда бұл жерде мемлекет тарапынан қаржылай қолдау жоқ, ең басты көмек — 5 жылға жалға берілген жер мен инфрақұрылым жүргізіп беруінде ғой, дұрыс па?
— Иә, дәл солай. Кейін ол жалға алу мерзімін ұзартамыз, бұйырса.
— Ал осындай жобаға өз қаражатыңызды салуға қорықпадыңыздар ма?
— Ата-ана баласын вундеркинд болғаны үшін немесе «10 жылдан кейін өсіп, мені бағады» деп жақсы көрмейді ғой. Жай ғана шын жүректен жақсы көреді. Мұнда да ешқандай логикалық түсінік жоқ. Гәп осы жерде!
— Яғни, бұл жерде, ең бастысы…
— Бір сөзбен айтқанда, жүректің әмірімен жасалған дүние дейді ғой (күледі).
— Сонда ең үлкен инвестиция балаларға деген сүйіспеншілік пе?
— Сүйіспеншілік, қамқорлық және жауапкершілік шығар. Өйткені мұндай ортаны басқа біреу жасағанда, мен өз балаларымды қуана-қуана сондай лагерлерге ақшасын төлеп жіберер едім.
— Керемет! Лагерге көшіп баруға, орналасуға бола ма, әлде толыққанды іске қосуды келесі жылға жоспарлап отырсыздар ма?
— Негізі, бұл — сайын далада орналасатын ең алғашқы лагерь. тіпті экспаедициялық лагерь десем де болады. Көз алдыңызға елестетіңізші. Айдала. Бірде-бір ағаш жоқ. Сондықтан толық іске қоспас бұрын бұл жерді сынақтан өткізуіміз керек. Киіз үйдің іші ыстық па, суық па, қараңғы ма, ылғал ма — бәрін тексеру керек. Содан соң қауіпсіздік мәселесі бар. Кейін бұған ғылыми-зерттеу, дамытушылық орта қосуды ұйғардық. Балалар ол жерде немен айналысады? Бағдарламаларын жасап, мықты эксперттерді шақырдық. Дегенмен тағы да инвестиция қажет. Киіз үйлер эргономикалық болуы керек, яғни түнде суық, күндіз ыстық болмауы қажет. Алайда қазір бізде су өткізбейтін, жел соқпайтын киіз басу технологиялары жоғалып кеткен ғой. Бұрынғы киіздің сапасы басқаша болған. Олар су өткізіп, ыстықты ішке тартып тұратын. Егер ине өтсе, демек жел соғады деген сөз. Сондықтан біз дәл осы мәселеге келгенде сәл бөгелдік. Киіз үйлер үлкен, өте жайлы болғанымен, іші тым ыстық болып кетіп жатыр. Сол себепті қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы киіз үй лагерін соға салу оңай, бірақ оған инфрақұрылым керек. Яғни канализация, су тарту сияқты жұмыстар бар. Алғашында жай ғана киіз үй лагерін жасай саламыз деген идея болған. Кейін балалар жүрген жер бәрібір жайлы болуы керек екенін түсіндік. Ал қауіпсіздік мүлде мәселе емес. Мемлекеттік «Антитеррор» бағдарламасы бойынша бәрін реттейміз, камералар қойылады, тасада қалатын аймақтар болмайды. Оның үстіне біздің білім беру саласында жүргенімізге 20 жылдан асты. Сол үшін бала жалаңаяқ жерде жүре беретін жай алаң емес, спорттық алаңқайдың астын бір метрдей қазып, дренажын жасап, тас төсеп, іргетасын мықтап жатырмыз. Киіз үй лагері болғанымен, құрылыстың сапасы өте жоғары дәрежеде деп сеніммен айта аламын. Сол себепті де биыл сапаға басымдық береміз деп шештік. Негізі сұраныс көп. Келеміз деушілердің санында есеп жоқ, тіпті, халықаралық деңгейде де қызығушылық танытып жатқандар бар.
— Шетелден де қызығып жатқандар бар екен, соған тоқтала кетсеңіз. Алда қандай жоспарлар бар?
— Халықаралық бағытқа келсек, біріншіден, балаларымыздың басқа елдерден келетін балалармен өзара қарым-қатынас жасап, бірлескен жобалар жүргізуіне мүмкіндік туғызғымыз келеді. Бұл — бір. Екіншіден, шетелдік шеберлер мен мамандарды тарта отырып, даланы зерттеу сияқты ірі іс-шаралар ұйымдастыратын ауқымды алаң жасауды көздеп отырмыз. Мәселен үш айлық жазғы маусымда халықаралық лагерь жұмыс істесе, жылдың қалған мезгілдерінде де дала тіршілігі тоқтамайды ғой. Сол себепті көктемнен бастап қарашаның қара суығына дейін түрлі арт-алаңдар мен мәдени шаралар өткізіледі. Атап айтсақ, қазір Финляндия елшілігімен келісіп жатырмыз, олар іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр. Осының бәрі біздің ұлы дала философиясын танытуға бағытталған. Өйткені топырағымызда халқымыздың тарихи жәдігерлері мен ұлттың терең тамыры жатыр.
Orkenlink — ауылдық жердегі және қарапайым мектептегі оқушыларға дер кезінде бағыт-бағдар беріп, олардың әлеуетін ашуға арналған IT платформа. Жоба халықаралық деңгейдегі сарапшылар мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің методологтарын тарта отырып, балалардың қабілетін ерте жастан анықтауды көздейді. Басты мақсат — жоғары білімді ғана емес, дәнекерлеушілік сияқты сұраныстағы кәсіптерді де насихаттау. Сонымен қатар бұл қызметті кез келген отбасы үшін қаржылай қолжетімді етуді мақсат етеді.

— Керемет. Айнагүл ханым, сіздерде қазір екі-үш белсенді жоба бар болып тұр ғой. Әлгінде Nura Nomad туралы айттық, бұл — балаларға да, ересектерге де, отбасылар мен шетелдік қонақтарға да арналған дала зертханасы форматындағы лагерь. Мұнымен қоса, сіздерде Orkenlink жобасы бар. Бұл — мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге, тіпті студенттерге кәсіби бағдар беріп, мансап тұрғысынан мүмкіндік беретін IT-стартап. Қазір Orkenlink қандай кезеңде дамып жатыр? Мұны да қысқаша айтып берсеңіз.
— Қазір Orkenlink-ті белсенді түрде дамытып, мектептерге енгізіп жатырмыз.  АҚШ-та білім алған Қазақстанның алғашқы профориентатор мамандарын тартып жатырмыз. Сонымен қатар балалар өздеріне ментор таба алуы үшін PowerBI, Excel сияқты бағдарламаларды меңгерген түрлі эксперттерді, сарапшылар мен үлгі боларлық тұлғаларды шақырып жатырмыз.

Негізі біз Orkenlink-ті не үшін құрдық? Мәселен бізде Назарбаев зияткерлік мектептері, КТЛ сияқты мамандандырылған мектептер бар. Онда балаларымыздың тек 0,1%-ы ғана түсе алады. Ал қалған балалар қарапайым мектептерде оқиды. Оның үстіне қала баласының жағдайы бір бөлек те, ауылдағы немесе өңірлердегі балалардың мүмкіндігі мүлдем басқа. 

Өзім үнемі жұмыста жүрген көпбалалы ана ретінде мынаған іштей қынжылатынмын: менің де балаларым көпбалалы отбасыдан шыққандықтан, олар да өзін дәлелдегісі келеді, амбициясы бар, ізденеді, соның арқасында мектепті үздік бітіреді. Десе де, олар шетелдік немесе мықты гранттар мен стипендияларды ұтып алуға болатын алтын уақытты жіберіп алған екен. Ал бұған дайындықты негізі 6−7-сыныптан бастау керек. Біздің жұмыстан қолымыз тимейді. Ал бала кәсіби бағдар беріп, қандай олимпиадалар бар екенін айтатын ортада болған жоқ. Яғни, баланың болашақ траекториясын көрсететін амбициясы жоғары ортасы болмады…

Ауылға барғанда жағдайдың одан да күрделі екенін көрдім. Мұғалім тапшылығын былай қойғанда, олар ақпараттық вакуумда өмір сүреді. Қай университетте қандай мамандық бар екенін де біле бермейді. Сол себепті біз бала 5−6 арнайы тесттен өтіп, қабілеті мен қызығушылығының тепе-теңдігін анықтай алатын арнайы платформа жасауды ұйғардық.
— Orkenlink қазір қалай дамып жатыр?
— Біз бұл жобаны сенімгерлік басқаруға бермейміз, бірақ басқарушы мамандарды тартамыз. Өйткені бізге методология жағынан көмектесетін мамандар керек. Олар — Назарбаев зияткерлік мектептерінің методологтары, халықаралық деңгейдегі профориентологтар, консультанттар. 

Біздің басты міндетіміз — бұл қызметті қаржылай тұрақты әрі кез келген балаға қолжетімді ету. Мысалы жақында қызымызды бір жылдық сүйемелдеуге екі миллион теңге сұрады. Анығын айтқанда, 1−2 миллион теңгені кез келген қазақстандық отбасының қалтасы көтере бермейді. Сондықтан мен осы қызметті әрбір қазақстандық отбасына, шалғай ауылдағы балаларға да қолжетімді еткім келеді. Олар да шетелдік немесе отандық ЖОО-ларға түсу мүмкіндігін көрсін. Сондай-ақ жоғары білім алу міндеттелмейтін де мамандықтар бар. Мәселен дәнекерлеуші болып та айына екі миллион теңге табуға болатынын түсінсе деймін. Ата-аналар төрт жыл бойы несиеге батып, баланы өзіне ұнамайтын оқуға күштеп оқытқанша, бірден дәнекерлеушілікке барса, екі жылдан кейін-ақ дипломы бар басқа мамандардан да көп табуы мүмкін. Балалар мен ата-аналарға осындай да нұсқалар барын көрсетуіміз керек.

Nura Nomad — экологтар, геологтар мен астрономдардың басын қосатын, ғылыми-зерттеу бағытындағы дала зертханасы. Жоба аясында халықаралық шеберлерді тарту, зергерлік пен қолөнерді жандандыру, сондай-ақ фин елшілігі сияқты шетелдік серіктестермен мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Лагерь жазда балаларға, ал көктем мен күзде отбасылар мен ересектерге де арналған халықаралық білім беру әрі зерттеу алаңы ретінде қызмет етеді.

— Түсінікті, өте орынды айтылған ой… Ал лагерь форматына оралсақ, бұл тек балаларға арналған ба, әлде отбасымен де барса бола ма?
— Қазақстанда жазғы маусым өте қысқа ғой. Сол себепті жазда балалар лагері, ал көктем мен күзде отбасылар мен ересектерге арналған орта болмақ. Қыс мезгілін әлі ойластырып жатырмыз, өйткені даланың қысы өте қатты болады.

Осы жобаға жас экологтарды, геологтарды, тіпті астрономдарды тартып, жастардың айналасында экологиялық бизнес пен зерттеу орталығын құрғымыз келеді. Лагерь тек балалар көңіл көтеріп, демалатын жер емес, нағыз дала зертханасы болуға тиіс. Мысалы қолөнер саласын алайық. Шетелдегі ең беделді зергерлік университетті аяқтаған жалғыз қазақстандық қыз бар, қазір онда екінші отандысымыз оқып жатыр. Біздің бұзылмаған тарихи тамырымыз қандай! Біздің заманымызға дейінгі II-V ғасырлардағы бабаларымыздың жасаған зергерлік бұйымдары әлемдік таңғажайып дүниелерден бірде-бір кем емес. Алайда бұл сала бізде дұрыс дамымай қалған. Соны жандандырсақ, сәл де болса сурет сала алатын балаға қаншама мүмкіндіктің есігі ашылар еді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі шеберлерді шақырып, шеберлік сабақтарын өткізгіміз келеді. Мұны Orkenlink жобасымен де байланыстырамыз. Экология мәселесі де — әлемде күн тәртібіндегі басты тақырыптың бірі. Осылайша, бұл орта арқылы еліміздің де атын, даламыздың да брендін халықаралық деңгейге шығаруды мақсат етіп отырмыз.

Дегенмен қазір бүкіл әлем тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың артқанын көріп отырмыз. Бізді тек азиаттар демей, еуразиялықтар деп жатады. Өңірімізге, тарихымыз бен философиямызға деген сұраныс әлі де өсе береді. Сондықтан бұл лагердің нағыз дала зертханасына айналуына негіз бар. Ешқандай жасанды әшекейсіз, қолдан жасалған ландшафтсыз, бәрі табиғи күйде болады. Міне, ұлы дала, міне, ашық аспан. Тек базалық деңгейдегі жайлылықты жасап берсек болғаны. Қалғанының бәрі өзімізде бар: әлемдегі ең әдемі күннің батуы, тұнық аспан мен жымыңдаған жұлдыздар, шексіз кеңістік. 

Кез келген мектеп маусым бойы бізге келіп, білім алса болады. Мәселен белгілі бір мектеп лагердің бір маусымын толықтай ала алады. Елімізде 10 мыңдай мектеп бар, бірлесе жұмыс істеуге қуана-қуана дайынбыз.

Биылдың өзінде көбі осы ортаны асыға күтті. Ауылға келіп, дала философиясымен, дала рухымен танысуға дайын болды. Тіпті жетекші ретінде келген тарихшылардың өзі бұл жерде оқушыларымен мүлдем өзгеше форматта тіл табысатын еді. Өйткені біздің жобамыз — әлемдік тәжірибеде бар дүние. Бұл орта демалыспен қатар, шығармашылық пен зерттеуге арналған нағыз зертхана алаңы десек болады. Қазіргі стандартты лагерлердегі сияқты тек домбыра тартып, презентация жасап, дискотека жасамайды, тек тамақ пен ұйқыдан тұрмайды. Nura Nomad — таза ғылыми-зерттеу бағытындағы орта.
Материалды дайындаған: Құндызай Әмірбекқызы
Редакторы: Зарина Буенбаева
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)