Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Подкастер, марафоншы Әйнел Әмірхан: «Мен бар жан-тәніммен жүгірмеймін»

Қазір YouTube-ке интервью жүктегеннің бәрі өзін подкастермін деп атайды. Алайда көбі подкастиң жүйесіне салынбаған өнім подкаст болып есептелмейтінін біле бермейді. Десек те, елімізде кәсіби подкастпен айналысып жатқандар саны артып келе жатыр. Ал алғашқылардың бірі болып Әйнел Әмірхан «Ой-Detox» жобасын бастаған еді. Сондай-ақ ол — «Атың шықпасаң, подкаст жаса» атты кітаптың авторы, «Үркер» сыйлығының иегері,  Амстердам, Чикаго марафондарында жүгірген марафоншы. 

Бұл жолы Orkenlink тілшісі Әйнелмен подкастың рөлі, жүгірудің пайдасы және фриланстың шынайы бет-бейнесі туралы сұхбаттасып, жасөспірімдерге айтар кеңесін жазып алды.
Подкастиң өмірімді өзгертті
— OY-DETOX подкастын бастауға не түрткі болды?
OY-DETOX подкастын бастауға көптеген себеп әсер етті. Ең біріншісі, менің эмоционалды күйім деп айтса болады. Ол кезде енді, әрине, оны түсінбедім. Журналистика факультетін бітірсем де, ешқашан журналист болып жұмыс істемедім. ІІІ курстан бастап үкіметтік емес ұйымдарға, пиар саласына кетіп, осы бағытта ұзақ уақыт жұмыс атқардым. Орыс тілін, одан қалса, ағылшын тілін жетік білуім керек деп жүрдім. Содан көбінесе осы екі тілде жұмыс істедім де, қазақ тілінде ойымды анық жеткізетін бір туынды жасауға мүмкіндігім болмады. Өйткені бастықтарымның бәрі орысша сөйлейтін еді. Кез келген ақпаратты соларға ыңғайлап көрсету үшін бірінші орыс тілінде жазатынмын. Екі тіл де менің ана тілім болмағандықтан, оған көп ресурс жұмсайтынмын. Кейде ойымды анық жеткізе алмайтынмын. Солай сенімсіздік пайда болып, шаршай бастадым. 2019 жылы ағылшын тілін жетілдіремін деп жүргенде, мұғалімім маған подкаст тыңдауға кеңес берді. Мен подкаст әлемімен осылай таныстым. Екі жылдай подкастың тыңдарманы болдым. Кейін ойлап қарасам, орыс тілінде де, қазақ тілінде де түрлі подкаст бар екен. Бірақ, әрине, қазақ тілінде аса көп емес еді. Сол кезде бала күнгі арманым осы журналист болу екені есіме түседі. Сондай-ақ ана тілімде қандай да бір жоба жасағым келеді деген идеям бар. Шетелдік университетте оқып жүргенде, медиа пәнінен өзіңнің жеке өніміңді шығарып, соның пиарын жасауың керек деген тапсырма берген еді. Төртінші спектр: менің ортам қалыптасты, көптеген адаммен қызмет бабында таныстым. Бәрі де айтары бар тұлғалар еді. Бірақ олар республикалық арналардан көріне бермейтін. Сондықтан мен неге оларға баламалы, яғни альтернативті алаң ұсынбасқа, неге олардың да ойын қалың көпшілікке жеткізбеске деп ойладым. Осы төрт нәрсе бірігіп,  OY-DETOX подкасты жарыққа шықты.   

Алайда ол кезде мен «Ойбай, материал көпшілікке жету үшін танымал болуың керек» деген нәрсені ойламаппын. PR-да жүргенде жарқырап елге көрінбейсің ғой. Керісінше, ұйымның не адамның репутациясын қалыптастыруға қызмет істейсің. Бірақ өзің көлеңкеде қала бересің. Сондықтан жаңадан эпизодтарымды шығара бастағанда аудиториям болмады деп айтсам болады. Желіде парақшам ашық болғанымен, ол жерге ешнәрсе жазбайтынмын. Естелік ретінде қолданатынмын. Кейін медиаөнімді жасаумен қатар, оны қалың көпшілікке жеткізуді де ойлана бастадым. Сол бағытта жұмыс істедім. 
— Подкаст бастағалы өміріңізде қандай да бір өзгеріс болды ма? URKER-2023 алдыңыз, подкаст туралы кітап шығардыңыз. Осы салаға қатысты жоспарларыңыз қандай?
Подкаст әлеміне енгелі бері өмірімде айтарлықтай өзгеріс болды. Қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын ортамен тереңірек таныса бастадым. Жалпы подкаст саласын зерттеуге көштім. Парақшамды белсенді жүргізіп, аудитория жинап, іс-шараларға қатыстым.

Ең ерекше өзгерістің бірі деп «Үркер» ұлттық сыйлығын иеленген кезді  айтар едім. Сондай-ақ алғаш рет подкаст номинациясы еніп, оның ең алғашқы жеңімпазы болу маған бұйырды. Бұл — мен үшін өте үлкен мәртебе. Шынымды айтсам, додаға түскен өзге подкастар өте танымал болды. «Зере» подкастын кәсіби журналист жазатын. Подкастиң саласының барлық тәртібін сақтайтын. Ал «Дөп сөз» — қалың аудиториясы бар, әсіресе, жастар тарапынан үлкен қолдауға ие подкастың бірі. Жаңадан қосылған «Мамский әңгіме» деген жобаның жүргізушісі - Айнұр Ілиясова есімді актриса. Ол кісі өте танымал тұлға әрі қонақтардың болмысын күшті ашады. Сол себепті бұл додада жарып шығамын деп ойламадым. Дегенмен кәсіби орта тарапынан өте жоғары бағаға ие болып, «Үркердің» иегері атандым.
— Подкаст туралы кітап жазайық деген идея қалай келді?
Бақытгүл Салықова есімді подкастер, аудармашымен екеуіміз «Атың шықпаса, подкаст жаса» деген кітап шығардық. Меніңше, бұл кітап — подкаст туралы білімді нығыздай түсетін, әсіресе, қазақ аудиториясына арнап қазақ тілінде шыққан тұңғыш кітап. 

Ал идея қалай туды? Шетелдік университетте магистратурада білім алып жүрдім. Менің диссертациялық жұмысым краудфандинг тақырыбына арналған еді. Содан Қазақстандағы краудфандингтің дамуын, жалпы қандай платформалар барын және сандық, сапалық ақпарат жинау жолдарын зерттедім. Мұның бәрі маған қызық болып, кейін оқу бітірген соң да ойымда жүрді. Біз Талшын Тоқыжанов, Белла Орынбет және Бақытгүл Салықова төртеуіміз жарты жылда бір рет жиналып подкаст жазатын дәстүріміз болатын. Сондай кездесудің бірінен шыққан соң, кітап жазайық деген ой туады. Алайда жоспарымыз сәйкес келмей, Бақытгүл екеуіміз жазып шығамыз. «Үркерден» алған бір миилион қаржылай сыйақыны осы кітапты баспадан шығаруға жұмсадық.

Осыдан бір жыл бұрын болашақта жалғасын жазсам ба деген ниет болған. Қазір бұл ойым бәсеңдеп қалды. Себебі подкаст саласы да үлкен трансформацияға ұшырады. Бүгінде YouTube-қа интервьюі шыққан әр адам өзін подкастермін деп атай бастады. Подкастиң туралы қаншама танымдық жұмыс жүргізсек те, аудиторияға, тіпті, кәсіби ортаға да оның мән-маңызын жеткізе білмедік пе деп те күмәнданамын. Өйткені «Үркерді» OY-DETOX-тан кейін алған подкастардың бірқатары платформаға шықпаған болып шықты. Қазір шынайы подкаст деген не, ол қандай талаптарға бағыну керек деген сияқты мәселелер әлі талқылануда. Сондықтан кітаптың жалғасын жазу қаншалықты пайдалы боларын білмеймін. Бірақ маған подкаст саласын зерттеп жүрген бакалавриат, магистратура студенттері кітаптан керегін алып жүргенін айтады. Осы салада жүрген мамандар да туындыны оқып, болашақта кітап жазамыз деген ниеті барын айтып жатыр. Сондықтан біз жалғасын жазбасақ та, өзгелер бұл еңбек жолын жалғастырар деген үміттемін. 

Марафоншылар проблемадан гөрі мүмкіндік туралы көп айтады
— Сіздің бойыңызда өзгелер қызығатын бірнеше қабілет бар. Соның бірі спортпен айналысу дер едім. Жүгіру десе, көбі бастай алмай, қиындатып жібереді. Спортпен айналысуды қалай оңай, жеңіл түрде бастап кетуге болады?
Спортпен мен осыдан он бір жыл бұрын айналыса бастадым. Оған дейін жаттығу залына, йогаға, биге анда-санда баратынмын. Жұмыс бабымен шектен тыс көп ақпарат оқып, ол көңіл күйіме әсер ететінін байқадым. 1−2 километр жаяу жүрсем, белім, аяғым ауыратынды шығарды. Сол уақытта Алматыда марафонның, жүгіретін адамдардың кезеңі басталды. Көшеде жүгіретін адамдарды көре бастадық. Маған бұл спорт түрі артық шығын кетірмейтіндей көрінді. Кроссовки алсам болды, кез келген жерде жүгіре беремін деген бір ой бар еді. Осылайша Алматыда ашылған жүгіру клубтарының біріне жазылдым. 10 километр жүгіруге жеті апта дайындалып, денеңді үйретіп, қандай да бір қашықтықты игеруің керек. Мен ол кезде шетелдік марафондарға қатысамын деп ойламаған едім. Жүгіру үшін шетелге ақшасын құртып қалай барады деп түсінбейтінмін. Сонда да үйреніп келейін, қатысып көрейін деген бір ниетпен жазылдым. Алғашқы екі аптадан кейін-ақ өмірі ондай күш салмаған денем шашыла бастады. Белім, аяғым ауыра бастады. Отырсам, тұра алмаймын. Тұрсам, отыра алмаймын. Тіпті түшкірсем, барлық жерім ауыратын. Қатыспаймын деп шешіп, ақшамды сұрасам, қайтармайтынын айтты. Сондай-ақ таныстарымның бәрі денсаулығыңа зиян деп ақыл айта беретін. Ақыр аяғында төлеген ақшамды тастап кетуге қимай, сол ақша маған мотивация болып, жеті аптаны аяғына дейін жүріп өттім. Осы тұста мен жаттықтырушымның көрегенділігін атап өткім келеді. Себебі ол мені қинамады. «Кешке келіп, стадионды айналып жүр», — деді. Міне, сол екі аптадан кейін мен жетінші аптаға дейін стадионды тек қана айналып жүретінмін. Осылайша маған жүрген ұнап қалды. Бір жарым сағаттың көлемінде 7−10 мың қадам жүріп өтетінмін. Кейін көңіл күйімнің өзгергенін, өзімді сергек сезіне бастағанымды, түнде жайлы ұйықтайтынымды және тамаққа деген тәбетімнің жақсы ашыла бастағанын байқадым. Осы бір айдың ішінде жұмыста немесе өмірімде қандай да бір проблема болып, ашуланып шықсам да, стадионда көңілімнің тынышталатын. Топтағы адамдармен байланысымды үзбей, ара-тұра соларға қосыла жүгіре бастадым. Сөйтіп спорт менің айнымас серігіме айналып кетті.

Марафоншылардың өзіндік бір атмосферасы болады екен. Олар проблемадан гөрі мүмкіндік туралы көп айтады. Сол да жүгіруге махаббатымды аша түсті.

Қазір адамдардың көбі отырып жұмыс істейді, қозғалыс аз. Ұйқы, тамақ дұрыс емес. Сол үшін әр адам қазірден бастан өзіне ұнайтын бір спортпен айналысқаны дұрыс.
— Марафон жүгіргеннен қандай өмірлік сабақ аласыз? Қателеспесем, марафонды шетелде де жүгіріп өттіңіз…
Мен қанша жыл жүгіріп жүрсем де, бірден марафон жүгірген адамдардың қатарына жатпаймын. Өйткені сегіз жылдан кейін ғана алғаш рет марафон жүгіріп өту керек деген бір идея келді. Марафоншылар аяқпен емес, баспен жүгіресің дегенді жиі айтатын. Соны сезінгім келді. 2023 жылы жері жазық, ыңғайлы болғаны үшін Амстердамды таңдап, алғашқы марафонымды жүгірдім. Шынымды айтсам, физикалық тұрғыда қиын болды. Өйткені алдын ала денеңде қандай өзгеріс болатынын білмейсің. Ал дайындық барысында сен ешқашан толық марафон жүгіріп өтпейсің. Дегенмен маған ұнады. Ертеңіне аяғым да, белім де ауырмай, саяхаттап кеттім. Сол үшін де өзіме риза болдым. 2024 жылы Чикагода жүгіріп өттім. Бұйырса, келесі жылы да бір марафон жүгіріп өтсем деген ниетім бар. 

Марафоннан кейін қандай да бір өмірлік сабақ алдым деп айта алмаймын. Әлемде бір-ақ пайыз адам марафон жүгіреді деп айтады ғой. Солардың қатарына енгеніме қуаныштымын. 
— Жарты жолда тоқтағыңыз келетін, тастап кеткіңіз келетін сәттер бола ма? Сондай кезеңнен қалай өтесіз?
Кейде жаттығуға барғым келмейтін кез болады. Кейде көңіл күйім болмаса, өзімді жайсыз сезініп тұрсам, тиістісінен аз километр жүгіретін кезім де болады. Бірақ ондай мысал өте сирек кездеседі. Себебі үйреніп қаласың. Менің бір философиям бар. Ол біреуге дұрыс болар, біреуге бұрыс болар. Мен ешқашан бүкіл жан-тәніммен беріліп жүгірмеймін. Өзімді сынап көрмеймін. Бәрі өзіме жайлы болғанын қалаймын. Сол үшін күшімді жартылай жұмсаймын. Өйткені кәсіби спортшы емеспін. Денсаулығыма зиян келтіру үшін емес, қайта өмір сүру сапасын жақсарту үшін жүгіремін. Зорығып бара жатқанымды сезсем, өзімді тоқтата аламын. Денемді тыңдай аламын. Ұзақ уақыт жүгіріп жүргенім де содан шығар. Спортқа келетін адамдар, әсіресе, ер адамдар біреуден озғысы келеді, біреуге немесе өзіне бірнәрсені дәлелдегісі келеді. Сосын да ұзаққа шаппайды. Аз уақытта күшті нәтижеге қол жеткізеді, бірақ өмірлік серік ретінде спортты алып жүре алмайды. Бастайды да, тастайды. Өзгелермен өзін салыстырады. Сол себепті де жасымыз ұлғайған сайын жетістікке жете алмаймыз. Мұны көбі түсінбегендіктен, жаттықтырушысын жиі ауыстырып, қосымша жаттығулар қосып жатады. Мен мұндай жолды таңдамаймын. Осы уақытқа дейін жүгіріп келе жатқаным осыдан шығар, бәлкім. 
Фриланс жұрт ойлағандай оңай емес
— Сіз қазір фрилансерсіз. Фриланс сіз үшін еркіндік пе, әлде үлкен жауапкершілік пе? Фрилансты романтизация етіп жүргендерге не айтасыз?
Мен фрилансқа дейін біраз жыл бойы ұйымдарда жұмыс істедім. Ол мекемелерде жазылған тәртіп, график, иерархия болатын. Сондықтан жеке жұмыс істеуге шыққанға дейін үлкен корпоративті мектептен өттім. Адамдармен қалай жұмыс істеу керегін, жалпы жұмыс процесін қалай ұйымдастыру керегін меңгердім. Содан кейін бе, өз күнімді жоспарлау, өзіме ыңғайлы тайм-менеджмент жасау жеңіл болды. Қазір кей жастар мүлде жұмыс істегісі келмейді. Меніңше, бұл — дұрыс емес нәрсе. Сондай бір мектептен өту керек деп ойлаймын. Адамдармен кеңседе жұмыс істегенде, кәдімгі хат жазу, сөйлесу, эмоция сақтау сияқты бір мәдениетті қалыптастырасың. Маған фриланс та оңай болған жоқ. Ең алдымен, табысың тұрақсыз болады. Ал сенің қандай да бір қаржылай жауапкершілігің болса, бұйырғаны болар деп шығып кете алмайсың. Сондықтан сен қай деңгейде жұмыс істейсің, қай деңгейде өзіңді тонуста ұстайсың, сол деңгейде табысты боласың деп айтар едім. 

Кей фрилансер таныстарым көңіл күйім болмады деп, сол күнгі жұмысына селқос қарап жатады. Мен өзіме осал болуға мүмкіндік бермеймін. График құрамын. Аптасына бес рет таңым спортпен басталады. Аптасына екі рет жүгіремін және үш рет спортзалға барамын. Жаттығуға дейін таңғы асымды ішемін. Содан соң жуынамын. Әрі қарай кездесуім болса, соған барамын. Сұхбатқа дайындаламын. Подкаст үшін түсірілімге барамын. Монтаж жасаймын. Шын мәнінде көп уақытым жұмысыма кетеді және үлгермей жататын да кез болады. Сондықтан күніне үш сағат болса да жұмыс істеуге тырысамын. Егер үйде жұмыс істей алмасам, міндетті түрде кофейняға барамын немесе ұлттық кітапханаға барып жұмыс істеймін. Фриланс жұрт ойлағандай оңай емес. Сол себепті бұған дайын болу керек. 
— Жасөспірім шақта кім боламын деген арман-мақсатыңыз болды? Жете алдыңыз ба?
Бала күнімде журналист болуды армандайтынмын. Кішкентай кезімнен әке-шешем үйге газет-журнал алдыратын. Айнаға қарап отырып, «сіздермен бірге Әйнел Әмірхан» деп өзімді журналист ретінде елестететінмін. Бірақ университетте оқып жүргенде үкіметтік емес ұйым деген ұғыммен таныстым да, PR саласына ауыстым. Бұл бағытта он бес жылдан аса қызмет еттім. Кейін подкастқа келдім. 2019 жылы аудио форматта басталған «Ой-Detox» 2022 жылы видео форматқа ауысты. YouTube-қа шыққалы танымалдығым да арта түсті. Осылайша бала арманыма қол жеткіздім десем болады.
Жасөспірімдерге кеңес
— Қазірде кей жастар тез байып кеткісі келеді, тез танымал болғысы келеді. Бірақ бәрінің артында еңбек тұрғанын ескере бермейді. Сіздің ойыңызша, табысты, танымал адам деген кім?
Иә, қазіргі кезде жастар тез байып, тез танымал болғысы келеді. Әлеуметтік желілердің берген иллюзиясынан деп ойлаймын. Көбі: «Менде оқырман көп болса, жарнамалар келе бастайды, интеграция болады, жатып алып ақша таба беремін», — деп ойлайды. Меніңше, қайта ол ұғым бәсеңсіп бара жатыр. Қазір — стартаптар заманы. Жастар топтасып, стартап жасап, жарыстарға қатысып жүр. Жобаларын қорғау жолдарын зерттей бастады. Блогер болудың оңай емес екенін, әр сөзіңе жауапкершілік барын түсініп келеді. Күні-түні не контент түсіремін деп идея іздеу де — адамды зарықтыратын нәрсе. Жеңіл жол деп ойлағанымен, айналып келгенде, оның артында да үлкен еңбек жатқанын көріп жүр. 

Менің ойымша, бізде табысты, танымал адамдар бүкіл республика көлемінде танитын, қайда барса да дастархан жайып, құрмет пен ілтипат көрсететін жұлдыздар деп ойлаймын. Яғни, әншілер, әртістер және танымал TV жұлдыздары. Бірақ мен репутацияға қатты көңіл бөлетін адаммын. Фокусын сақтайтын, сөзінің қадірі бар, ісі мен сөзі бір жерден шығатын адамдарды жұлдыз деп айтар едім. Сондай адамдарды көбірек тыңдап, іздеп көруге тырысамын. 
— Қазіргі жеткіншек, жасөспірімдердің қай мүмкіндігіне қызыға қарайсыз?
Қазіргі жас ұрпақтың мүмкіндігі зор деп ойлаймын. Олар бізге қарағанда батыл, ойын еркін айтады, жеке мүддесін жоғары қояды. Сонымен қатар жасанды интеллект беріп жатқан мүмкіндіктерді пайдалана алады. Тіпті үй шаруасында да көп баланың қолы бос, себебі робот шаңсорғыш, кір жуғыш машина, тамақ істейтін құрылғылар, жартылай дайын тағамдар бар. Сенің еңбектенуіңе, оқуыңа қазақша көптеген кітап шығып жатыр. Интернетте де мүмкіндік жетерлік. Қандай да бір дүниені тез үйрену жағынан жастарда мүмкіндік көп. Өзіне деген сенім, құрмет, махаббат та көбірек деп ойлаймын. Басым бөлігі өзінің мүддесін әлдеқайда жоғары қояды, жеке шекарасын қорғай алады.
— Егер өміріңізде тек бір ғана әдетті өзгертуге мүмкіндік берілсе, қай әдетті таңдар едіңіз?
Менің өмірімде қандай да бір әдетті өзгертуге мүмкіндік берілсе, ерте бастан тілді үйрене бастар едім. Тілді өте кеш үйрене бастаған адаммын, әлі күнге дейін жетік білмеймін. Ағылшын, түрік тілін ұзақ меңгердім.
— Жаңа жылға қойған жоспар, мақсатыңыз қандай?
Orkenlink-тің жас оқырманын келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын! Бәрі бұл жыл экономикалық тұрғыдан өте қиын болады деп айтып жатыр ғой. Бірақ мен адамдарға оптимизмді сөндірмеуге кеңес берер едім. Интернет беріп жатқан мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланыңыздар. Алып-қашпа әңгімеге, жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Бойдағы қабілетті арттыруға көбірек уақыт жұмсаңыздар. 

Менің жаңа жылға қойған жоспарым — бақытты болу. Мен қандай да бір артық үлкен жоспар құрмаймын. Денім сау болып, көңіл күйім жақсы болып, әр күнімнің сапалы да мәнді өтуін тілеймін. 
Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)