Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Ауылдың талғампаз мұғалімі Ақсәуле Мәди: «Жас кезде тек қана бас алмай оқу керек»

Таукент деген кішкентай ауылда Ақсәуле есімді апай бар. Ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Ауыл мұғалімі қазір әлеуметтік желіде ерекше, сәнді образдары арқылы танымал. Сонымен қатар оқырманын дұрыс тамақтануға шақырады. Білімімен, киім үлгісімен және өмір салтымен ерекше көзге түсіп жүрген мұғаліммен Orkenlink тілшісі даму, әлеуметтік желі және оқушылар туралы сұхбаттасты.
Мұғалім еркін бола ала ма?
— Ақсәуле, қазір сіз әлеуметтік желіде ауыл мұғалімі де сәнді әрі заманауи киіну керек деген ұстанымды насихаттап жүрсіз. Бұл шешімге қалай келдіңіз? Мектеп басшылығы мен оқушылардың көзқарасы қандай болды?
Сәнді әрі заманауи киінуге аса мән беремін. Бірақ мен мұны кеше ғана бастаған жоқпын. Білім саласында 8 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Келбетім, киім образым және сөйлеу ырғағым мінез-құлқымнан деп білемін. Оны адамнан бөліп-жарған дұрыс емес секілді. Мысалы басшылар да мұғалімнің киімі ақ-қара түстен тұруы керек деп қатты шектеп, тыйым салады. Мен оған мүлде қарсы адаммын. Себебі мұғалім де өзінің жан дүниесін ашатындай киінуі керек деп санаймын. Оны айқындап көрсете алмаса, адам іштей дағдарысқа ұшырап, күйзеліске түседі.

Бұл ұстанымыма оқушылардың көзқарасы оң. Меніңше, оларға жақсы әсер етудемін. Себебі талғам қалыптастыруға көмегім тиіп жатыр деп ойлаймын. Енді өсіп келе жатқан оқушылар әдемілікке құмартып, өзінше стиль қалыптастырып жатса, оның несі айып?

Мектеп басшылығы ескерту айтқанымен, түбегейлі «мынаны ки, ананы киме» деп айтуға ешқандай құқы жоқ. Сондықтан орнымен қалағанымды киемін.
Ауылда жұмыс істеймін деген өзіңіздің мақсатыңыз не қалауыңыз ба еді?
Мен қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Таукент ауылында туып-өстім. Жұбайым да осы жердің тумасы. Алматыда оқыдым, сонда біраз жыл жұмыс істедім. Тұрмысқа шыққан соң да, ауылымда тұру бұйырды. Мектепке мұғалім болып орналастым. Бастапқыда үлкен қалада тұрғым келеді деп, ауылды ұнатпай жүрдім. Алайда кейін ой елегінен өткізіп, жағдайды қабылдап едім, ауыл ұнай бастады. Осындай тыныш жердегі қарапайым өмірден ләзззат ала бастадым. Уақыт өте келе жастар мен мұғалімдерге шабыт бергім келіп, блог жүргізуді қолға алдым.
Оқушы күніңізде де дәл осындай еркін ойлайтын ба едіңіз?
Оқушы күнімде еркін бола алмадым. Мұғалім тарапынан емес, ата-анамыз аздап тыйып өсірді.  «Ондай киме, боянба, шашқа тиіспе» деген сияқты ескертулер айтатын. Барлық миллениал сияқты өстік қой. Дегенмен студенттік шақта ашыла бастадым.
«Оқу жүйесі бұрыннан көңілімнен шықпайды»
Ағылшын тілі пәні мұғалімісіз. Мамандықты қалай, не нәрсеге сүйеніп таңдадыңыз? Мектептегі оқу жүйесі көңіліңізден шығатын ба еді?
Мамандықты туыс әпкеме қарап таңдадым. Мен мектепте оқитын кезде ол студент еді. Ағылшынды судай біліп, сайрап жүретін. Соған қатты қызығып, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түстім. 

Мектептегі оқу жүйесі бұрыннан көңілімнен шықпайтын. Қазір де солай. Білмеймін, өмір осы мамандыққа алып келді. Негізі ағылшын тілін таңдап жатқанда аудармашы боламын деп ойлаған едім. Алматыда жазбаша аудармашы болдым, кейін фрилансер ретінде жұмыс атқардым.
— Сіз қандай мұғалімсіз? Қазіргі оқушылардың ерекшелігі неде?
Өзімді мықты мұғаліммін деп айтпай-ақ қояйын. Бірақ оқушылармен тіл табыса аламын, оларды тыңдай аламын. Мұғалімге ең бір керек қабілет осы деп ойлаймын. 

Қазіргі оқушылардың ерекшелігі - өте еркін, тым еркін. Кейде шегін білмей де қалатындары бар. Ойын ашық айтқаны жақсы ғой, еркін болғаны дұрыс. Алайда ата-аналар қай жерде артық кетпеу керегін айтып қойса екен деймін.  
Ауыл баласының арманы не?
— Ауыл балалары арасында талантты оқушылар көп пе? Олар неге қызығады? Армандары не?
Ауыл балалары арасында талантты оқушылар өте көп. Көбі физика, математика, информатика сынды жаратылыстану бағытына қызығады. Бұған қазіргі таңда осы салалардың сұраныста болғаны әсер етеді деп ойлаймын. Ал олардың арманы — мықты маман болып, көп ақша табу :)
— Тіл үйренуге бейімі қалай? Бірнеше тіл білетін оқушылар бар ма?
Көп болмаса да, біраз оқушы жаңа тіл үйренгісі келеді. Біразы ана тілімізді, орыс тілін және ағылшын тілін біледі.
— Оқушыларға сабақ беру бір бөлек, әрқайсысымен жеке сөйлесіп, тіл табысудың өзі бөлек еңбек. Осы тұрғыда қалай жұмыс істейсіз?
Иә, рас айтасыз. Cыныпқа кірген бетте оқушылардың барлығын бақылап шығамын. Көңіл күйлеріне өте қатты мән беремін. Себебі сабақ бастамас бұрын сыныптағы атмосфера жайлы болуы керек деп ойлаймын. Үнемі күліп жүретін оқушының көңіл күйі болмаса, міндетті түрде жеке сөйлесемін. Мұндай сәттер өте жиі болады.
«Әлеуметтік желі - иллюзия»
— Әлеуметтік желіні белсенді жүргізуге қалай уақыт табасыз? Күнделікті видео монтаждаудың өзі біраз уақыт алмай ма? Осы тұста күніңізді жоспарлау туралы да айтып өтіңізші?
Өте жиі қойылатын сұрақтың бірі - осы. Негізі уақыт жетпейді. Бірақ жұмысты жақсылап реттей білсең, кез келген нәрсеге көңіл бөлуге болады. Сабақтар арасындағы бос уақытты шай ішумен өткізбеймін. Сол кезде видео түсіремін, монтаждаймын, үйге келгеннен кейін де блогыма 1−2 сағат уақыт бөлемін. Бірінші орынға өзімнің қызығушылығымды, жұмысымды қоямын. Содан кейін барып басқа тірлікке кірісемін. 
— Оқушылар әлеуметтік желіні қалай пайдаланғаны жөн?
Әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да бар. Кез келген нәрсені шектен тыс істейтін болсақ, бізге зияны тиеді. Сол үшін баланс сақтау керек. Себебі жас кезіңнен өзіңді тәрбиелеп, дисциплинаға үйренбесең, үлкейе келе қиын болады. Менің жасым отыз бесте, осы жылы ғана дисциплинаға әрең келіп жатырмын. 

Әлеуметтік желі иллюзия ғой. Адамдар не қалайды, соны ғана көрсетеді. Сондықтан оның жетегінде кетуге болмайды. Әркімнің өмірін бақылап, әзілдеріне күліп отырғаныңда, өміріңді өткізіп аласың. Жас кезде тек қана бас алмай оқу керек. Білім — фундамент. Болашағыңа дұрыс қадам басу қажет.
Дисциплина. Қағида. Мақсат
— Сіз сондай-ақ дұрыс тамақтанып та көпшілікке үлгі болып жүрсіз. Бұған қалай келдіңіз? Күнделікті түрлі тағам әзірлеу көп уақытыңызды алмай ма?
Маған дәрігерлер аутоиммунды гипотериоз деген диагноз қойды. Содан кейін осындай режим ұстануға тура келді. Одан бұрын ара-тұра үнемі диета ұстап жүретінмін. Бірақ денсаулығым барда дұрыстап қолға алмаппын. Алайда сырқатымды білген соң, қорыққанымнан дисциплинаға келдім. Енді қазір жүйелі түрде дұрыс тамақтанамын. Алдын ала тағамдарды әзірлеп, мұздатқышқа сақтап қоямын. Мұны дайындауға бір-екі күн уақытым кетеді. Есесіне алдағы бір-екі аптаға ішер асым дайын тұрады.
— Біздің жеткіншек, жасөспірім оқырманымызға дисциплина, мақсат қоюға қатысты қандай кеңестер ұсынасыз?
Жасөспірімдер, міндетті түрде мақсат қойыңыздар. Өйткені қайда бара жатқаныңды білуің керек. Сол кезде мына нәрселерге алаңдамауым қажет деп, маңызды дүниеге басымдық бересің. Соған сәйкес қағидаларың пайда болады. Мақсатқа жету үшін дисциплина болғаны өте маңызды. Аспаннан ақша жауа қалса, машина ала салсам деп жеңіл қиялдамаңыздар. Өзіңді қолға алып, еңбектенсең, ойлаған дүниеңе қол жеткізе бастайсың. Өзіңе қатаң тәртіп орнату жас кезінде оңай деп ойлаймын. Себебі қазір сенде энергия көп. Ал өсе келе ол энергия сарқыла түседі.
— Өзіңіздің алға қойған қандай мақсатыңыз бар? Миссияңыз бар ма?
Мен осы отыз бес жасыма дейін не нәрсемен айналысамын, миссиям қандай деп өзіме сұрақ қойып келе жатқан адаммын. Бірақ осы жылы блогымды жүргізгелі бері көптеген қыз-келіншектен «мотивация бересіз, шабыт сыйлайсыз» деген хаттар келеді. Менің миссиям осылай адамдарды жақсы нәрсеге жетелеп, күш беру деп ойлаймын.

Қысқа мерзімді мақсатым — блогымды оқитын оқырман санын көбейту. Осылайша көп адамға пайдамды тигізгім келеді. Бұдан да көп қыз келіншекке құндылығымды, қағидамды жеткізгім келеді. Ең болмағанда оларға блогым арқылы қолдау білдіріп, демегім келеді. 
Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)