Мұғалім Ақсұлу Мергенбаева: “Химия дегеніміз адамның өзі және күнделікті тіршілігі”
40 жылдық еңбек өтілі бар химия пәнінің мұғалімі Ақсұлу Мергенбаева — өз саласының нағыз жанашыры. Жаңа заманның «Альфа» ұрпағын пәнге қалай қызықтыруға болады? Технология дамыған заманда сабақта қандай әдіс-тәсілдерді қолдану керек? Тәжірибелі ұстаз Orkenlink Media тілшісіне өмірдегі ұстанымдары, білім саласындағы жаңалықтар және химияның күнделікті тіршіліктегі маңызы туралы сұхбат берді.
— Қаншама жылдан бері бір салаға өзіңізді арнап келесіз. Бұл ауқымды еңбек пен шыдамды талап етеді. Осы уақыт ішінде химия пәніне деген махаббатыңыз қалай сақталды?
Адам баласының өмір жолының қалыптасуында мамандықтың алатын орны ерекше. Егер жүрегіңмен қалаған болсаң, ешқандай кедергі болмауы керек.
Ұстаз деген тұлғаны қалыптастырушы, жасаушы шебер дер едім. Сондықтан әр күнің, әр сабағың сол тұлғаны қандай жағдай болмасын үлкен өмірге дайындап жатқаның — басты мақсатың болмақ. Ал, мақсатыңа жету, әрине, еңбекті, шыдамдылықты, қажыр-қайратты қажет етеді.
— Сіз үшін осы білім саласындағы ең үлкен жетістік не?
Бүгінгі таңдағы білім саласындағы жетістіктің бірі - ауыл мектептерін қала мектептерімен теңестіру. Оның айғағы — «Келешек» мектептерінің ашылуы, мектептердің заманауи кабинеттермен жабдықталуы.
— Жаңа кабинеттің ашылуымен құттықтаймыз! Бұл заманауи зертхана оқушылардың химияға деген көзқарасын қалай өзгертеді деп ойлайсыз?
Биылғы оқу жылында мектебіміздегі химия, биология, физика кабинеттері толығымен қайта жабдықталды. Көптеген жыл бойы зертханалық жұмыстарды жасауға қажетті химиялық құрал-жабдықтарымыз, реактивтеріміз жетіспейтін. Солардың барлығы заман талабына сай жабдықталып, қуанып отырған жайымыз бар. Әрине, бұның барлығы оқушылардың химия пәніне деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.
Химиялық реакцияларды көзбен көріп, қолмен жасау деген оқушылардың теориялық білімдерін практикамен ұштастырып, зерттеушілік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
— Бұрынғы «бор мен тақта» дәуірі мен қазіргі «цифрлық химия» дәуірін қалай салыстырар едіңіз? Қайсысы жаныңызға жақын?
Мен сол «бор мен тақтадан» шыққан оқушы ретінде айтарым, әр заманның қиыншылығы мен қызығы болды. Қарапайымнан күрделіге ұмтыла отырып, оқушыны химияға қызықтыруға, ұғындыруға жұмыс істедік. Жас мұғалім болып келген кезімде заттардың электрөткізгіштігін сынайтын құралды қолдан жасағаным әлі есімде…
Қазіргі дамыған цифрлы сауат дәуірінде заман талабынан шығуға тырысып жатырмыз. Түрлі тәжірибе жасап, әдіс-тәсілдерді іске асырып көрген дұрыс. Мүмкіндік көп кезде жұмыс істеген, әрине, оңайырақ дер едім. Дегенмен білім басты орында болу керек.
Нақты бір әдіс-тәсілге келсек, мысалы, жақында Action Research тәсілін қолданып, екі мұғалім параллель сабақ өттік. Сыныпта сабақ бойынша қандай мәселе барын анықтап алдық. Бірінші, мен тақырып таңдаған соң, іс-әрекетті жоспарлау, әрекет, бақылау және бағалау процестерін кезектесіп іске асырдым. Яғни осы әрекеттер қайталанып отырды. Ал келесі мұғалім кейін менің сабағымдағы жақсы нәтиже көрсеткен жұмыстарды өз сабағына қолданды. Бұл тәсілдің арқасында мұғалімдер өзара тәжірибе алмасады әрі сабағын зерттейді.
— Қазіргі «Z» немесе «Альфа» ұрпағын химия сияқты күрделі пәнге қызықтырудың құпиясы неде?
Алдымдағы оқушыны бала деп қараймын: ал бала «жас шыбық» сияқты, қалай исең, солай қарай майысады. Ақпарат көп заманда қызықтыру, қарапайым тілмен түсіндіру, өмірмен байланыстыру — менің басты «фишкам».
Бүгінде балалардың біразы дерлік химияға қызығады. Әсіресе, зертханалық сабақтарды жақсы көреді, өздері де соны жасауға ұмтылады. Қазір оқушыларды химия пәніне қызықтыруға мүмкіндік көп.
— Химияны түсінбейтін немесе «бұл маған керек емес» дейтін оқушыға не айтар едіңіз?
Ондай оқушыға айтарым: химия — бұл, алдымен, өзің, күнделікті тіршілік етуің. Өзіңді танымасаң, басқа әлемді қалай түсінесің?!
— Мұғалім ретінде жастардан сіз не үйренесіз?
Мұғалім ретінде жастардан үйренетін біраз дүние бар. Соның бірі - түрлі технологияны меңгеру.
— Көптеген адам химияны тек формулалар деп түсінеді. Күнделікті өмірде (тамақтану, косметика, экология) химияның рөлі қандай?
«Қайда қарасақ та, қайда көз жіберсек те көретініміз — химияның ғажайыптары», — деп орыс ғалымы М. В. Ломоносов айтқандай, химиясыз өмірді, әлемді көз алдымызға елестету мүмкін емес. Өмірде химияға келтіретін қарапайым мысалдар көп. Сүттің ашуы, нан өнімдерінен жасалынған тағамдардың ашуы, сары майдың өзінің қышқылданып кетуі - міне, бұның барлығы химия. Мұның өзі - глюкоза деген заттың үш түрлі химиялық реакциясы. Сүт ашығанда, глюкозадан сүт қышқылы түзіледі. Сондықтан ол сүт қышқылдық ашу деп аталады. Одан кейін тағамдардың ашуы спирттік ашу деген реакцияға жатады. Барлық тағамның құрамында көмірсулар бар, оның ішінде глюкоза ашиды. Мәселен тосап ашығанда, бетінде көпіршіктер пайда болады. Көмірқышқыл газының түзілуі және спирттің бөлінуі спирттік ашу деп аталады. Май қышқылдық ашу — майлардың тұрып қалып, сары май дәмінің бұзылуы. Міне, бұның барлығы химиялық реакцияға мысал болады.
— Химия болашақтың мамандығы ма? Бұл саланы таңдайтын жастарды алда не күтіп тұр?
Әрине, химия мамандығы болмаса, биотехнология, ғарыш, т.б. салалар да болмайды. Өйткені кез келген сала химиядан жасалған заттарды пайдаланады. Ал енді сол заттың қасиетін білмесе, онда оны пайдалану мүмкін емес. Қарапайым мысал келтірейін: мыстың электр өткізгіштігін білмесе, онда оны қолдана алмас еді. Сондықтан кез келген сала әрбір заттың қасиетін білуі керек. Ал зат дегеніміз химия: белгілі бір молекулалардан, белгілі бір атомдардан тұрады. Ал атом дегеніміз химиялық элементтің белгілі бір түрі. Сондықтан оның қасиетін білуіміз қажет.
— Егер сізде сиқырлы элемент жасап шығару мүмкіндігі болса, ол қандай қасиетке ие болар еді?
Егер мұндай мүмкіндік болса, мен жасаған элемент зұлымдық пен қатыгездіктің бет пердесін ашатын элемент болар еді. Бұны мен ана ретінде, әйел ретінде жүрегімнің қалауы дер едім. Сонда, бәлкім, өмірде қатыгездік, зұлымдық болмас еді…
— Жас мұғалімдерге беретін ең басты кеңесіңіз?
Жас мұғалімдерге, алдымен, білімді бол, содан соң оқушы жүрегіне үңіле білетін жан бол деп кеңес беремін. Қалғаны — тәжірибе мен еңбектің нәтижесінде келетін дүние.
— Сіздің өмірлік формулаңыз қандай?
Өзімнің өмірлік қағидам — Абай атамыздың мына сөзі: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап». Бұған қосарым, білімді болып, еңбектеніп, ізденіп, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Сұхбаттасқан Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар