Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Арайлым Құсбекова, бортсерік-супервайзер: «Бортсерік жұмысы физикалық та, эмоциялық та тұрғыдан ауыр»

Бала кезде аспанда әдемі жол сызып ұшып бара жатқан ұшақты көргенде, сол ұшаққа отыруды, тіпту есейе келе бортсерік, яки ұшқыш болуды армандамаған жасөспірім кемде-кем шығар. Романтикалық бейнесі басым бортсеріктердің шынайы болмысы қандай? Адам өмірі басты жауапкершілікке айналған сәтте қорқыныш сезімін қалай еңсеруге болады? Жұмыста қалыптасқан дағдылар шынайы өмірде қалай көрініс табады?

Осы және өзге де сауалдар төңірегінде 14 жылдан бері авиация саласында еңбек етіп, әуеде 6 000 сағаттан астам уақыт өткізген бортсерік-супервайзер Арайлым Құсбековамен әңгімелестік. 
Әр рейс — әртүрлі ұлт, әртүрлі мінез, әртүрлі талап
— Арайлым, неліктен бортсерік мамандығын таңдадыңыз? Бұл бала кезден бергі арман болды ма, әлде белгілі бір себептерге байланысты қабылданған шешім бе?
— Мен ешқашан бортсерік болуды армандаған емеспін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыдым. Үшінші курстан кейін студенттік Work and Travel бағдарламасымен Америкаға бардым. Бұл менің өмірімде алғаш рет шетелге шығуым еді.

Америкадай алып елде жұмыс істеп, бірнеше қаласын көрген соң, мамандығыма деген көзқарасым өзгерді. «Америка осындай әдемі болса, әлемнің басқа елдері қандай екен?» деген ой келді. Сол сәттен бастап әлемді көргім келді. Бұл арман мені авиация саласына алып келді деп ойлаймын.
— Алғашқы рейсіңіз есіңізде ме?
— Шынымды айтсам, алғашқы рейсімнің өзі есімде жоқ. Бірақ қатты қобалжығаным әлі күнге дейін есімде.
— Сырт көзбен қарағанда бортсерік жұмысы саяхат пен ел аралау сияқты көрінеді. Ал шын мәнінде бұл мамандықтың қыры мен сыры қандай?
— Көпшілік әуежайда формасын киіп, чемоданын сүйреп, әдемі болып жүрген бортсеріктерді көріп, олар тек саяхаттап жүреді деп ойлайды.

Ал шын мәнінде, бұл жұмыстың артында үлкен еңбек пен жауапкершілік тұр. Біз ең алдымен жолаушылардың бір нүктеден екінші нүктеге дін аман жетуіне жауаптымыз. Сол үшін арнайы дайындықтан өткен мамандармыз. Апаттық жағдай орын алса, ең алдымен жолаушыларды құтқару — біздің міндетіміз.
— Авиация саласында жүргеніңізге 10 жылдан асты. Осы уақыт ішінде сізді ең қатты таңғалдырған не болды?
— Биыл авиацияда жүргеніме 14 жыл болды. Осы жылдар ішінде мыңдаған жолаушыларға қызмет көрсеттік. Әр рейс — әртүрлі ұлт, әртүрлі мінез, әртүрлі талап.

Бірақ рейстің соңында жолаушылардың алғысын айтып, үлкен кісілердің батасын беруі бізді қатты қанаттандырады. Жақында Мединадан Алматыға 98 жастағы әжеміз ұшты. Ол кісі 30 жыл Мединада тұрған, Құранды жатқа білетін қари әже екен. Рейс соңында бүкіл экипажға батасын берді. Осындай сәттер жұмысқа деген құлшынысымызды арттырады.
Әр рейс — әртүрлі ұлт, әртүрлі мінез, әртүрлі талап
— Бұл мамандық физикалық әрі эмоциялық тұрғыдан қаншалықты ауыр? Шаршау, қажу сәттері бола ма?
— Сырт көзге оңай көрінгенімен, физикалық әрі эмоциялық тұрғыдан шаршаймыз. Әсіресе түнгі рейстер қиынға соғады. Мысалы, Таиланд немесе Вьетнамнан ұшып келіп, келесі күні Лондон не Франкфуртқа ұшуымыз мүмкін. Ыстықтан суыққа ауысу, уақыт айырмашылығы, джетлаг — бәрі ағзаға әсер етеді.

Әрине, менде де қажу, шаршау кезеңдері болады. Ондай кезде демалыс жақсы көмектеседі. Жылына 50 күн демалысымыз бар. Сол уақытта отбасыммен бірге мүмкіндігінше саяхаттап, күш жинап келемін.
— Бортсерік жұмысының ең жауапты тұсы қайсы деп ойлайсыз?
— Авиация қателікті кешірмейді. Бізде қатаң тәртіп, нақты талап бар, бәрі уақытында орындалуы керек.

Жолаушылар біздің қауіпсіздікке қатысты атқаратын жұмыстарымызды байқай бермейді. Бортсерік мамандығының ең жауапты тұсы — адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беру.
— Күн сайын өзге адамдардың қауіпсіздігіне жауап берген соң, «қорқыныш» деген ұғымға көзқарасыңыз өзгерді ме?
— Әрине, қорқыныш сезімі болады. Біз де ет пен сүйектен жаралған, жүрегі бар адамбыз. Өз басым аттракциондардан қорқамын.
Ұшуға келсек,  ешқашан қорыққан емеспін. Адамның тағдырына не жазылса, соны көретініне сенемін.
Қиын жағдайды сабырмен шешуді меңгердім
— Бұл мамандықта мансап құруға мүмкіндік бар ма?
— Әрине. Мен 2012 жылы қатардағы бортсерік болып келіп, бүгінде бортсерік-супервайзер деңгейіне дейін өстім. Супервайзер — экипаждағы аға бортсерік саналады.

Біздің компанияда мансапқа ұмтылған адамға жол ашық. Менеджер, департамент басшысы, тіпті вице-президент, президентке дейін өскен әріптестеріміз де бар.
— Авиация сізге қандай дағдыларды үйретті?
— Ең алдымен ұқыптылық пен уақытты бағалауды — кешікпеуді үйретті.
Күн сайын адамдармен жұмыс істеген соң, кез келген адаммен тіл табысуды, қиын жағдайды сабырмен шешуді меңгердім. Осы үшін өз жұмысыма ризамын.
— Егер бәрін қайта бастауға мүмкіндік болса, осы саланы қайта таңдар ма едіңіз?
— Мүмкін, менен жақсы журналист шығар еді. Бірақ мен авиацияны таңдадым және бұл таңдауыма ешқашан өкінген емеспін.

Жұмысымның арқасында әлемнің 30-дан астам елін, 50-ден астам қаласын көрдім. Тек өзім ғана емес, отбасым, балаларым да көптеген елді көрді. Әлі көрмеген кереметтер көп, жоспарымда бар елдер аз емес.
— Мамандық таңдап жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Оқудан, білім алудан жалықпау керек. Бір емес, бірнеше тіл меңгеруге ұмтылған жөн.

Қазақстанмен ғана шектелмей, шетелде оқуға, тәжірибе жинауға талпыну қажет. Арман қойып, сол арман жолында еңбек еткен адам міндетті түрде мақсатына жетеді деп сенемін. Уақытты босқа өткізбей, білімге, дамуға жұмсау керек.
АНЫҚТАМА
Арайлым Құсбекова — бортсерік-супервайзер.
6 000 сағат әуе рейсін орындап, 30-дан астам ел, 50-ден астам қаланы шарлады.
🏆 2025 жылы Air Astana компаниясында 6 000 қызметкердің ішінен Top-150 қатарына еніп, HEART Award марапатына ие болды.
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)