Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Шыныға жаңа өмір сыйлаған Асар Қойсары: “Біздің қоғам экологиялық өзгерістерге дайын екеніне көзім жетті”

Ақтаулық экобелсенді Асар Қойсары қоқысқа тасталған шыны бөтелкелерді күнделікті қолданатын стақанға айналдырып жүр. «Таза Маңғыстау» челленджінен бастау алған бұл ерекше хобби қалайша ауқымды экологиялық қозғалысқа ұласты? Өлкенің тазалығына бей-жай қарамайтын кейіпкеріміз шыны өңдеудің қиындығы мен болашақ жоспарлары жайлы Orkenlink Media оқырманына сыр шертеді.
— Асар, Ақтауға көшіп келгеннен кейін бұл ерекше хоббиге келуіңізге не түрткі болды? «Таза Маңғыстау» акциясы сіздің көзқарасыңызды қалай өзгертті?
Ақтау қаласына қайта оралмай тұрып, тіпті бала күнімнен-ақ, қоршаған ортаға пайдасын тигізетін, туған өңіріме үлес қосатын экологиялық бастамамен айналысуды армандадым.

Шыныға жаңа өмір сыйлауым Ақтау қаласында экопункттердің шыны бөтелкелерді енді қабылдамайтынын білгеннен басталды. Яғни, енді адамдар қаласа да, шыныны қайта өңдеуге тапсыра алмай қалды. Қайта өңдеу мәдениеті онсыз да дұрыс дамымағандықтан, бұған бей-жай қарай алмадым.

«Таза Маңғыстау» челленджі көптен ойлап жүрген дүниемді бастауға көмектесті. Соның арқасында жұмысымды көпшілікке көрсетіп, одан әрі дамытып жатырмын. Бұрын тек шеберханада уақыт өткізсем, енді қоғаммен байланыс орнатудың маңызын түсіне бастадым.

Жүлделі орын алмасам да, бұл челлендж маған өте құнды тәжірибе сыйлады. Ең бастысы, жақындарымнан бөлек, халық та қолдайтынын көрдім. Осы маған мотивация беріп, сенім сыйлады.
— Қарапайым қоқыс деп саналатын бөтелкеден эстетикалық стақан немесе ваза жасау процесі қаншалықты күрделі өтеді? Бір бұйымды жасау үшін қанша уақыт пен еңбек кетеді?
Процес аса күрделі өтпейді, алайда жасауға көп уақыт керек және әбден зерттеу қажет. Мен бұл қолөнерді ұзақ уақыт үйрендім, әлі де үйреніп келемін. Себебі осы саланы ірі бизнес пен өндіріс деңгейіне жеткізуге арналған дайын нұсқаулық немесе толыққанды жүйе жоқ. Сондықтан барлығын өзім нөлден бастап, бөлшектеп құрастыруға тура келеді. Әрине, кейде қателесіп те жатамын, содан уақыт жоғалтамын. Сонымен қатар процесті үнемі жетілдіріп отыру қажет. Қазіргі таңда мен осы бағытты, яғни жұмысты жүйелеп, сапаны жақсартуды мақсат етіп жүрмін.

Қазіргі кезеңде өндіріс процесі техникалық тұрғыдан күрделі болып жүрген жоқ. Бірақ уақыт пен энергия көп кетеді.
Бір күнде шамамен 4−5 сағат жұмыс істеймін. Одан артық отырсам, шаршаймын. Сонда күніне 7−10 стақан дайындаймын. 
— Сіз үшін бұл жай ғана қолөнер ме, әлде өлке экологиясын жақсартуға бағытталған үлкен қозғалыстың бастауы ма?
Мен бұл жобаны, ең алдымен, экологияға септігім тисін деп бастадым. Сондай-ақ қолөнерге деген сүйіспеншілігім тағы бар. Қазір айналысып жүргенімді экология мен шығармашылықтың керемет үйлесімі дер едім. Осы жоба арқылы экобастама тек хобби немесе шағын шеберхана деңгейінде қалмай, ауқымды, қоғамға пайда әкелетін әрі табыс әкелуге қабілетті бизнеске айнала алатынын көрсеткім келеді. Егер менің ісім өзге адамдарға, әсіресе, болашақ эко-белсенділерге шабыт берсе, үлкен жетістік болар еді.
— Әлеуметтік желідегі taza. stakan парақшасына халықтың реакциясы қандай болды? Адамдар өздеріндегі бос бөтелкелерді тапсыруға, яғни экологиялық мәдениетке қаншалықты дайын екен?
Қоғамның реакциясына қатты қуандым. Мені сонша көп адам қолдайды деп ойламаппын. Сондықтан әрбір жылы пікір әлі күнге дейін маған ерекше қуаныш сыйлайды.

Әрине, сыни пікірлер де кездеседі, бірақ позитивті қолдаулар басым. Көптеген адам қызығушылық танытып, үйренгісі келетінін, жобаның дамуына үлес қосуға дайын екенін жазады. Бұл мен үшін үлкен мотивация.

Бұған қарап, қоғамымыздың экологиялық өзгерістерге дайын екенін байқаймыз. Бастама бұрыннан осындай іспен айналысуды армандап жүрген жандарға да серпін беруі де мүмкін. Олар тек жақындарының емес, тұтас қоғамның қолдауына ие бола алатынын түсінеді деп ойлаймын.
— Шынымен жұмыс істеу қауіпті әрі оған арнайы құралдар керек. Осы істі бастағанда қандай техникалық қиындықтар болды?
Меніңше, тек әйнекпен жұмыс істегенде ғана емес, кез келген қолөнермен айналысқанда, зақым алуымыз мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік техникасын сақтап, сапалы, дұрыс құрал-жабдық пайдалану керек. Бастапқы кезде мен бұл нәрсеге онша мән бере қоймадым. Алайда уақыт өте келе, бірнеше қатеден кейін, қауіпсіздікке ерекше назар аудару керегін түсіндім. Тіпті қолымда бөтелке де жарылды. Әрине, ешқашан бұлай болмайды деп айта алмаймын. Алайда осындай қателерден әрі қарай шыңдалып, кәсіби тұрғыда өсемін деп ойлаймын.
Қазіргі таңда мен толық кәсіби құрал-жабдықпен жұмыс істеп жатқан жоқпын. Бұған дейін оқыс жағдай болмады. Дегенмен кәсіби жабдық жұмысты әлдеқайда қауіпсіз әрі ыңғайлы етер еді. Мұндай құралдардың бағасы өте қымбат. Сондықтан қалтам көтеретін техниканы ғана қолданамын. Жұмыс процесін кәсіби әрі қауіпсіз деңгейге жеткізу үшін қаржылай көмек көрсететін мүмкіндік іздеп жатырмын. Сол себепті қолдайтын түрлі бағдарламаларға да өтініш беріп жүрмін. 
— Алдағы уақытта ағаш пен пластикті де өңдеуді жоспарлап отыр екенсіз. Осы жоспарларыңыз туралы толығырақ айтсаңыз?
Бұл жоспарларымды айтуға тым ерте деп есептеймін. Себебі әйнекті қайта өңдеу бағытындағы мақсатымды толық жүзеге асырмай тұрып, әлі бастамаған жұмыстарым жайлы кеңінен сөз қозғау қиын болады. Дегенмен болашаққа қойған ауқымды мақсатым айқын. Маңғыстау өңірінде қайта өңделетін материалдардың көлемін арттырғым келеді. Болашақта тек әйнекпен шектелмей, пластик пен ағашты да қайта өңдеу бағыттарын дамыту ниетім бар.
— Экологиялық өмір салтын ұстанғысы келетін, бірақ неден бастарын білмей жүрген замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?
Мен экологиялық өмір салтын жай-жайдан бастауды ұсынамын. Ең қарапайымы — қоқысты сұрыптау. Мысалы пластик пен макулатураны бөлек жинап, оларды қабылдау пункттеріне тапсыруға болады. Енді тағам қалдықтарын жеке жинап, жергілікті фермерлермен байланысып, оларды жемге немесе компост жасауға беру жолын қарастырғым келеді.

Қазіргі цифрлы заманда экология тақырыбында пайдалы ақпарат ұсынатын эко-белсенді мен блогер өте көп. Олар енді бастайтындарға түсінікті нұсқаулықтар мен тәжірибелі кеңестер ұсынады. Соларды бақылап, білімді біртіндеп арттыруға болады. Ең бастысы, аз болса да, саналы әрі тұрақты қадам жасау керек.
Сұхбаттасқан Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)