Қазір контент дәуірі десек те болады. Кез келген салаға, кез келген тілде, кез келген аудиторияға күнделікті жүздеп, мыңдап контент түсіріліп жатыр. Сапалысы бар, мағыналысы бар, жеңілі бар, сүреңсізі бар, қалауыңа қарай технологиялық алгоритмдер саған контенттер ұсына береді. Бұл жерде азаматтың өз қалауы, білім көкжиегіне сай контенттер шыға береді. Мәселе күлкіге, шоуға қызығатындарға алгоритм тура сондай контент ұсына береді. Егер талғамыңды өзгертіп, тарихи, ғибратқа толы рухани дүниелер көріп, оқи бастасаң, әрі қарай да сондай дүниелерге тап боласың. Спортты қаласаң - спорт, саяхатты қаласаң, саяхат тақырыбы дегендей, лентаңды толтыра береді.
Ал енді бұл тұрғыда блогерлерге кеңесім, қай саланы жақсы меңгердің, қандай талантың бар, қаншалықты білімдісің - міне, соған сай контент әзірлей беру керек. Білмейтін салаға мұрныңды тықпаған абзал, себебі өзің де адасасың, өзгені де жалған дүниемен толтырасың.