Әдіскер Аяш Мырзабекова: “Өмірді қатты жақсы көретін мұғалім оқушыларына көбірек көңіл бөле алады”
2025−2030 жылдары білім беру саласында қандай дағдылар алдыңғы қатарға шығады? Қарапайым мұғалім өз брендін қалай қалыптастырып, жасанды интеллект дәуіріне қалай бейімделуі керек? Оқушылардың эмоционалды интеллектін ескеріп, соған сай қалай жұмыс істей аламыз? Белгілі әдіскер әрі медиа-педагог Аяш Мырзабекова Orkenlink Media тілшісіне оқушылармен тіл табысу құпиялары мен ұстаздық жолдағы жаңа мүмкіндіктер туралы баяндайды.
— Сіздің 2025−2030 жылдары инклюзия мен әлеуметтік-эмоционалды интеллект ең маңызды дағдылар болады деген жазбаңызды оқыдым. Қарапайым мұғалім осы дағдыны игеру үшін неден бастауы керек?
Менің ойымша, біз бұған аз-аздан қадам баса берсек болады. Мысалы осы оқу жылында оқушыларымызбен бірге «Күніне бір сұрақ» жобасын бастадық. Сыныпта кім бар, кім жоғын түгендегеннің орнына, балалар күн сайын әртүрлі сұрақтарға жауап береді. Осылайша бір-бірін жақсырақ тани түсуде әрі ой-өрісі де кеңейіп жатыр.
Егер сабақтың соңында уақыт қалса, эмоционалды интеллекті дамытуға арналған дайын парақтары бар education.com платформасымен жұмыс істейміз.
— Көптеген мұғалім түрлі белсенді әрекеттері бар әдістерді қолданғысы келгенімен, «оқушылар шулап, үлгермей қаламыз» деп қорқады. Бұл қорқынышты қалай жеңуге болады?
Оқушыларға еркіндік беріп те тәртіп пен ережелерді ескертіп отыру тікелей мұғалімге байланысты. Маған Cooperative learning әдістемесінің авторы, америкалық педагог Спенсер Кейганның сабақ беруі ұнайды. Ол ойын түріндегі әдіс-тәсілдерді жүйелі қолданады. Оқушылар тапсырмаларды жұптасып, топтасып орындайды, тақырыпты талқылайды, пікір айтады. Осылайша оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, оларды қоғамға да бейімдейді.
— Бүгінгінің оқушылары қандай? Жалпы мектепте қазіргі оқушылармен жұмыс істеу үшін мұғалім қандай қабілет, дағдыларды меңгергені жөн?
Жақында мен The science of learning: 99 studies that every teacher needs to know кітабын оқыдым, онда білікті мұғалімнің үш қасиеті туралы жазылған. Олар: өз ісіне деген құштарлық пен табандылық (grit) және өмірге шексіз ғашық болу. Өйткені өмірді қатты жақсы көретін мұғалім оқушыларына көбірек көңіл бөле алады. Ал үшіншісі - оптимизм және қиындықтарды жеңе білу.
Менің ойымша, қазіргі жасөспірімдер тым күйгелек, өздерін жалғыз сезінеді, сондай-ақ түрлі ақпараттан шаршайды. Сол үшін кейінгі кезде адамның сабырлығы мен кез келген дүниеге оңай үйренісіп, бейімделуі маңызды болып отыр.
— Қазіргі сабақ жоспарлары көңіліңізден шыға ма? Мектеп мұғалімі сабақты әрі қызықты, әрі түсінікті етіп толыққанды жүргізіп үлгереді деп ойлайсыз ба?
Иә, егер рефлексияға көбірек көңіл бөліп, оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге тырыссақ, сонымен қатар сабақта мұғалім сөйлей бермей, балаларға көбірек сөйлеуге мүмкіндік берсек, нәтиже тіпті жақсы болар еді. Осы ретте Спенсер Кейган жүйесін жақсы көмектеседі. Себебі бұл тәсіл оқушы саны көп сыныптарға сабақ беріп, білім беру сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
— Мұғалімнің Instagram немесе Threads парақшасы жай ғана хобби ме, әлде заманауи маманның міндетті портфолиосы ма? Сондай-ақ басшылықтың бұған көзқарасы қалай?
Қай салада жұмыс істесеңіз де, кәсіби брендтің пайдасы көп. Меніңше, мұғалімдер бұдан тыс қалмауға тиіс. Бренд — бұл сіздің визиткаңыз, портфолиоңыз, нетворкинг, сондай-ақ жаңа ұсыныстар мен мүмкіндіктерге жол ашатын құрал.
Бүгінде бүкіл әлемде EGC (Employee Generated Content), яғни қызметкерлердің өздері жасаған контентіне деген қызығушылық артып келеді.
Мектеп әкімшілігі менің блогымды үнемі қолдап отырады: әріптестерімізді мектепке тренингтерге шақырып, ал біздің түрлі конференцияға баруымызға рұқсат берді. Ең бастысы мұғалім тек қана «функция» емес, ол, ең алдымен, тұлға екенін ұмытпауымыз керек.
— Мұғалім мектептегі жалақыға ғана қарап отырмай, өз білімінен қосымша табыс тапқаны оның сабақ беру сапасына қалай әсер етеді? Бұл мотивация ма, әлде кедергі ме?
Ең алдымен, өз пәніңді өте жақсы меңгеріп алуың керек деп ойлаймын. Деңгейіңді көтеріп, халықаралық емтихандар тапсырған жөн. Оқыту әдістемесін жетілдіріп, авторлық материалдар әзірлеп, білім беруде нақты бір жүйе қалыптастыру қажет. Содан кейін ғана монетизацияға көңіл бөлуге болады. Мысалы, мен біліктілігімді арттырып, әдіскер мамандығын оқып шыққаннан кейін білім беру компанияларына кеңесші ретінде шақыра бастады.
— Мұғалім өз имиджін қалай қалыптастыруы керек және оның кәсіби тұрғыда өсуіне көмегі қандай?
Білім беру саласының басқа кәсіби бағыттардан еш айырмашылығы жоқ. Мұнда да стиліңді қалыптастырсаң, өзіңді көрсете білсең, мықты кәсіби ортаң мен портфолио рөлін атқаратын блогың болса, болашақта осының бәрінің пайдасы тиеді.
Мысалы, мұғалім беделді мектепке жұмысқа ауыса алады немесе ақылы кеңес бере алады. Сонымен қатар зерттеу жасап, белгілі бір брендтің амбассадоры да бола алады. Тіпті онлайн мектебін ашуға немесе әріптестерін оқытуға мүмкіндігі бар. Ал кейбір мұғалімдер конференцияларда спикер болғанды құп көреді.
— Мұғалім жұмысынан ығыры шығып, стресс болмауы үшін қандай кеңес айтасыз?
Меніңше, жыл сайын өзіңді дамыту үшін челлендж жасап, яғни жаңа мақсат қойып, түрлі жобада бақ сынаудың пайдасы зор.
— Мұғалімдерге кәсіби дамудан бөлек, ресурс жинау үшін қандай үш кітапты немесе фильмді ұсынар едіңіз?
— Егер сіз қазір мектеп директоры болсаңыз, жұмысқа мұғалім аларда оның қай қабілет-қарымына қарар едіңіз?
Мұғалімнің білімге деген құштарлығына, кәсіби шеберлігіне және soft skills-іне мән берер едім.
— Бүгінде әлеуметтік желі, жасанды интеллект қарыштап дамып жатыр. Соған сай оқушылардың да ой-өрісі өзгеруде. Мектепте жасөспірімдермен жұмыс істеудің қандай қиындығы және артықшылығы бар деп ойлайсыз?
Шынымды айтсам, жаңа технологиялар мен жасанды интеллекті жұмысқа енгізуден қатты қиналамын, іштей бір қарсылық бар. Алайда бәрібір мұны үйрену керегін түсінемін. Балалармен ЖИ-ді қолданудың әдебі туралы сөйлесіп, оларға сервистерді пайдалануды және промпттар (сұраныстар) жазуды үйретуіміз керек.
— Жасөспірімдерге және олардың ата-аналарына болашақта мамандық таңдағанда пайдалы болатын қандай оңтайлы кеңес бересіз?
Менің ойымша, бір ғана мамандықпен шектелмей, бірнеше жерден табыс таба алатын мамандықтарды қарастырған жөн. Өмір бойы бір ғана жұмысты істеймін деуге болмайды.
Өзіңе не керегін түсініп, қандай мықты қабілетің барын біліп, соған сай жұмыстарды таңдау қажет. Мәселен мен үшін шығармашылық, сабақ беру, жүйелеу, жасөспірімдермен жұмыс істеу, медиа саласы және өзгелерге пайдамды тигізу маңызды. Осы қабілет-қарымыма қарай жобалар таңдаймын.
Сұхбаттасқан Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар