Профориентолог Болат Насығазы: «Мамандық таңдауда ең бастысы — өзіңді тану»
Оқушылар мектеп кезде түрлі олимпиадаға, жарыстарға қатысып жүріп, мамандық таңдар кезде қиналып жатады. Неліктен? Сондай-ақ болашақ бағытыңды табарда не нәрсеге назар аудару керек? Ал шетелдік университетке оқуға түскісі келетін талапкер неден бастағаны жөн? Orkenlink тілшісіне мамандық таңдауға қатысты осы және өзге сұрақтарға білім беру саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби бағдар беру маманы Болат Насығазы жауап берді.
— Болат, сіз Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін «Радиоэлектроника» мамандығы бойынша тәмамдадыңыз. Ұлыбританиядағы «Уорик» университетінде Educational Leadership and Management бойынша білім алдыңыз. Ұлыбританияда алған магистратура біліміңіз білім беру жүйесіне басқа қырынан қарауға әсер етті ме? Қазақстан мен Ұлыбританиядағы білім жүйесінің айырмашылығы қандай?
Иә, әсер етті. Менде Қазақстандағы мемлекеттік университетте магистратурада оқыған тәжірибе де, Ұлыбританияда оқыған тәжірибе де бар, сондықтан екеуін салыстыруға мүмкіндік болды.
Қазақстанда магистратурада көбіне дайын тапсырмаларды орындап, оқытушы берген материалды ғана қарайды. Ал Ұлыбританияда басты назар — зерттеу жүргізу, әдістеме таңдау, әдебиетпен жұмыс істеу, дерек жинау және оны талдауда жатыр. Біз эмпирикалық зерттеу жасап, өз гипотезамызды дәлелдеуді, тексеруді, ғылыми деректерді салыстыруды үйрендік.
Ең басты айырмашылық - критикалық ойлауда дер едім. Ұлыбританияда оқыған студент тек ақпарат алушы емес, зерттеуші ретінде де қалыптасады.
— Сіз білім беру саласында 15 жылдан бері жұмыс істеп келесіз. Осы уақыт ішінде қанша адамға кәсіби бағдар бердіңіз?
Шамамен 1200-ге жуық оқушымен тікелей, күнделікті жұмыс істеппін. Бұған қоса, мені түрлі мектепке, республикалық және қалалық конференциялар мен семинарларға спикер ретінде шақырады. Сондықтан жалпы саны мыңдаған жасқа кәсіби тұрғыда бағдар көрсеттім деп айтуға болады.
— Бүгінде оқушылар мамандық таңдауда қандай қиындықтарға жиі тап болады?
Ең жиі кездесетін мәселе — оқушылар бұған дейінгі тәжірибесін болашақ мамандығымен байланыстырмайды. Олар түрлі үйірмелерге, клубтарға, жобаларға қатысады, олимпиадаларға дайындалады, бірақ соның бәрін болашақ мамандыққа апаратын жол ретінде көрмейді.
Негізі адам неден ләззат алады, немен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамайды, соны белгі ретінде көруге тиіс.
Екінші мәселе — ата-ананың ықпалы. Кейде ата-аналар өздері білетін салаларды ұсынады, бірақ ол балаға сай келмеуі мүмкін. Сондықтан мамандық таңдағанда, ата-ана мен бала бірге талқылап, ақылдасуы керек. Кампус турларға қатысу, мамандармен кездесу, кәсіби бағдар іс-шараларына бару мұндай шешім қабылдарда пайдасын тигізеді.
— Оқушылар мамандықты көбіне өз қалауымен таңдай ма, әлде ата-ананың пікіріне сүйене ме?
Қазіргі уақытта көп жағдайда оқушылар өз қалауын жасайды. Себебі бүгінгі жас ата-аналар өздерінің кезінде таңдау еркіндігі болмағанын түсінеді. Сондықтан балаларын қолдауға тырысады.
— Шетелдік университетке түскісі келетін талапкер неден бастауы керек?
Ең алдымен — академиялық база. Баға неғұрлым жоғары болса, мүмкіндік те соғұрлым көп болады. Аттестат, GPA-дың маңызы зор.
Екінші - ағылшын тілі. Алдымен, тілді нығайтып, кейін IELTS немесе TOEFL тапсыру қажет.
Үшінші - мотивациялық құжаттар мен профиль. Оқушы өз бағытына сай жобалар жасап, жарыстарға қатысып, университеттерді кемінде бір жыл бұрын зерттей бастауы керек. Қабылдау талаптары мен стипендия шарттарын ерте білгеннің артықшылығы көп.
— Шетелге оқуға түсу жас талғай ма? Ағылшын тілін қашан бастаған дұрыс?
Жас талғамайды. Бірақ ағылшын тілін 7−8 жастан бастап жүйелі түрде үйрену — өте жақсы шешім.
— Шәкіртақы мен грантқа өтініш бергенде қандай қателіктер жиі кездеседі?
Көп талапкер бір-екі ғана стипендиямен шектеледі. Негізінде, әртүрлі ел мен университетті қарастыру керек.
Шетелдік грантқа түсу, әсіресе, бакалавриат деңгейінде, Қазақстандағы грантқа қарағанда күрделірек болуы мүмкін. Сондықтан университет пен стипендия талаптарына сай профильді алдын ала дайындау өте маңызды болады.
— Алдағы 5−10 жылда қандай мамандықтар сұранысқа ие болады деп ойлайсыз?
Роботтар мен жасанды интеллектіғ әлі келмейтін мамандықтар сұраныста болады. Олар — адамдармен қарым-қатынас жасайтын жұмыстар, жобаларды басқару, конфликті шешу, т.б. Сонымен қатар шығармашылық, қолөнер сынды адам еңбегін қажет ететін салалар (мысалы, спорт, йога, өнер) маңызын жоғалтпайды. Қай мамандықты таңдасаңыз да, цифрлы сауаттылық пен жасанды интеллектпен жұмыс істей білгеніңіз жақсы.
— "Диплом маңызды емес" деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
Диплом талап етілмейтін салалар бар. Бірақ бұл жерде адам босаңсымай, өзіне жауапкершілік алып, уақытын жүйелей алуы керек.
Университеттен тек білім ғана алып шықпайсың. Әсіресе, шетелде оқысаң, елдердің мәдениетін түсініп, ой көкжиегің кеңейіп, критикалық көзқарас қалыптасады. Бұл дағдылардың құны тіпті дипломнан да жоғары болады.
— Мамандық таңдағалы жүрген оқушыларға қандай үш кеңес айтасыз?
Біріншіден, соңғы 3−4 жылда қолыңыздан не келді, қандай жетістікке жеттіңіз, соған зер салыңыз. Соның өзі мамандық таңдауға кәдімгідей көмектеседі.
Екіншіден, өзіңіз қызығатын бағыттар бойынша жобалар жасап көріңіз.
Үшіншіден, өз қызығушылығыңызды қолдайтын орта табыңыз. Дұрыс орта адамның дамуын бірнеше есе жылдамдатады.
— Өз жолын қайта таңдаудан қорқатын жастарға не айтар едіңіз?
Қорықпаңыз. Егер бір бағыт қызықтырса, сол саладағы адамдармен сөйлесіңіз, қысқа тағылымдамадан өтіңіз, курс оқыңыз. Бір-екі апта алған тәжірибе кейде бірнеше жылдық күмән мен сенімсіздіктің орнын басады.
Сұхбаттасқан: Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар