Оқытушы, зерттеуші және ана рөлдерін тең ұстаймын дей алмаймын. Бәріне бірдей үлгеруім керек деген иллюзия жоқ. Кейде жұмыс бірінші орында болады. Енді бірде отбасым басты орынға шығады. Өмірдің бар саласын бір мезетте баланста ұстаймын деуді доғардым.
Меніңше, әрқайсысының шекарасын анықтап алу керек. Әр салаға нақты уақыт бөлемін және біреуін екіншісімен араластырмаймын. Балалармен уақыт өткізгенде, жұмыс істемеймін. Бұған қатты көңіл бөлемін. Егер балалар демалыста болса, мен де үзіліс жасаймын немесе жұмысымды азайтуға тырысамын. Балалар мектепте болған кезде кездесулерге барып, сабақ беріп, жұмыс тапсырмаларын орындаймын. Содан кейін жай ғана анаға айналамын.
Мұның бәрінде күйеуімнің қолдауы ерекше екенін айтпаса болмайды. Біз үй тірлігін де, балаларға қатысты міндеттерді де бөліп алғанбыз. Жұбайың - серігің, отбасы деген жеке жүгіретін марафон емес. Осындай құндылықтар арқасында еш қиналмай, жан тыныштығын сезінуге болады.
Өмірде бірнеше дүниеден энергия жинаймын. Ең алдымен, отбасым мен балаларым күш береді. Олар жақсы көңіл күй сыйлап, өміріме мән үстейді. Сонымен қатар маған жұмысым да шабыт сыйлайды. Студенттерге сабақ бергенді жақсы көремін, содан ләззат аламын. Курстар өткізгенді, консультация бергенді, адамдармен жұмыс істегенді және олардың дамығанын жақсы көремін. Содан ресурс аламын.
Ұйқы, демалыс, дұрыс тамақтану деген жиі ұмытыла беретін ең маңызды дүниелер бар. Осы қарапайым ережелерді сақтамасаң, үнемі мықты қарқынмен жүре алмайсың. Мен бәрі мінсіз тепе-теңдікте болсын демеймін, тек тұрақты өмірге ұмтыламын. Бұған әр нәрсенің өз орны болып, жолдасым қолдап, сүйікті ісімнен ләззат алу арқылы жетемін.
Иә, кейде қиын болады. Бірақ өмірімнің салалары бір-бірімен бәсекелес деп есептемеймін. Менің бойымдағы қасиеттер бір-біріне кедергі жасамайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып, мені бүтін бір тұлға етеді.
Мен мұғаліммін. Мен зерттеушімін. Мен анамын. Бұл рөлдердің ешқайсысы менің уақытымды не күшімді сарқып алмайды, керісінше, бірі екіншісіне қуат беріп, мені бұрынғыдан да мықты ете түседі.