Сәлеметсіз бе! Дәлірек айтқанда, мамандығым — Бизнес басқару менеджменті. Ал соңғы 5 жылда, қаржы саласында, маркетинг жағында жұмыс істеймін. Қаржы сауаты саяхатта өте маңызды. Ақшаңызды дұрыс жоспарлауға, артық шығыннан сақтануға және оқыс жағдайларға дайын болуға көмектеседі. Ең бастысы — бюджетті дұрыс жоспарлау. Сіздерге өзімнің бірнеше лайфхактарым жайлы айта кетейін.
Арзан әуе билеттерін қалай аламын? Мысалы, Aviasales. kz қосымшасында баратын елге билеттерді алдын ала қарап, бақылауға қойып қоямын. Бағасы төмендеген кезде мобильді қосымша маған хабарландыру жібереді, сол кезде сатып аламын. Қосымша арқылы бағаны бақылап отыру өте ыңғайлы.
Тұратын жерді де алдын ала брондап қойған дұрыс. Себебі орындар тез толып кетсе, басқа қымбат қонақүйлерді алуға тура келуі мүмкін. Booking қосымшасын жиі қолданған сайын мәртебеңіз өседі. Қазір мен ең жоғарғы деңгейге жетіп, қонақүйлерде 10−20% жеңілдікпен қона аламын.
Одан бөлек, тұратын орынды таңдағанда метроға жақын болғаны дұрыс. Бұл жол шығындарын айтарлықтай үнемдейді. Өйткені көптеген елде такси қымбат.
Ал ақша мәселесіне келсек, шетелге шығарда ақшаны алдын ала айырбастап барған жөн. Тағы бір лайфхак — кейбір отандық банктер жақсы кэшбек ұсынады. Сапар кезінде банк картасымен төлем жасап, түскен кэшбектерге тамақ алып немесе қажетті заттарды сатып алуға болады. Мысалы, кейбір банктердің премиум карталары арқылы әуежайдағы лаундждарға кіріп, тегін тамақтанып, тыныш жерде демалып алуға болады. Бұл да саяхат кезінде шығынды азайтуға көмектеседі. Жеке өзім Bereke Premium банк картасын қолданамын.