Бұл кітапты жазуға шамамен үш жылдай уақыт кетті. Өйткені мемлекеттік мектепте 7 жыл жұмыс істедім, жалпы білім саласында он жылдан бері қызмет етемін. Мектепте көбіне өмірге керек дағдыларды, яғни өзін тану, тұлға ретінде даму, тайм-менеджмент, қаржы сауаты, мақсат қою, жоспарлау деген ең маңызды тақырыптарды үйретпейді. Мұны байқаған соң, сол бойынша жұмыс жүргізе бастадым. Алайда менің күшім өзім сабақ беретін сыныбым, әрі кетсе, мектебіме ғана жетеді. Бұл тақырып елдегі барлық оқушының арасында өте маңызды болғандықтан, бәрі көрсін, үйренсін деген мақсат болды. Дегенмен оның қалай жүзеге асатынын білмедім. Сөйтіп жүргенде, онлайн курс, семинар өткіздім. Кітапша да шығарамын деген ой болды. Алайда бәрібір кітап форматын қолға аламын деп шештім. Өйткені көбі кітап оқиды, барлығына қолжетімді болады. Оның үстіне, кейінгі кезде мамандық, университет таңдау деген тақырып жиі айтылып жүр. Жоғарыда айтқан мәселелерге профориентация бағытын қосып, «Кім болам?» кітабын жазып шықтым. Бүгінде көптеген оқушы, ата-ана мен мұғалімдердің қолына жетіп, пайдаға асып жатыр.