– Аудармашы болуды бала кезден армандадым және арманымды алдамадым. Мен әріпті ерте таныдым. Төрт жасымда-ақ әліппені әпкеммен жарысып оқып үйреніп алдым. Аудармашы болуыма және университетте сабақ беруіме үлкен ағам Қуаныш қатты ықпал етті. Кішкентай кезімнен анам екеуі менің қабілетімді және қағылез екенімді байқап, қайда барса да, мені ертіп жүретін. Ағам Алматыға әпкелерімді оқуға апарғанда, мені де ертіп баратын. Университеттерді көрсетіп: «Осында оқисың. Аспирантурада білім аласың. Жақсы оқысаң, профессорлар сияқты лекция оқисың. Мен саған сырт киім әперем», – деп айтатын. Ағамның маған деген сенімі менің жол картамды жасап берген сияқты.
Төртінші сыныптан бастап француз тіліне деген қызығушылығым оянды. Апайымыз да өте мықты болды. Маған демалыста кітаптың соңындағы Виктор Гюгоның әңгімелерін аудару деген тапсырма беретін. Сол кезде французшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударатын едім. Одан кейін 1995 жылы Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-нің «Француз және түрік тілі» мамандығы бойынша оқуға түстім.
2017 жылы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің дипломатиялық аударма кафедрасына кафедра меңгерушісі лауазымына конкурс арқылы өттім. Бұл кафедрада жеті тіл, яғни ағылшын, француз, неміс, испан, итальян, қытай және араб тілі оқытылады. Сол кездегі ректор маған: «Сыртқы істер министрлігіне синхронды аудармашы дайындайсың!» – деген тапсырма берді. Бастапқыда төрт магистрантпен бастадым. Жаңа оқу бағдарламасын жасадым. Шетелдік университеттермен байланыс жасап, жаңа «Халықаралық қатынастар және құқық саласындағы аударма ісі» мамандығын аштым. Женева (Швейцария), Пуатье (Франция), Бирмингем (Англия) университеттерімен келісім жасап, білім бағдарламасын пәнаралық байланыста жасадым. Аудармашының тілдік пәндерімен қоса, халықаралық құқық, геосаясат, дипломатиялық протокол, этикет және т.б. халықаралық келіссөздер аудармасы сияқты жаңа пәндерді енгіздім. 2021 жылы бакалавр мамандығын аштым. Сапаға жұмыс істейміз деп, жиырмадан артық студент қабылдамадық. 2023 жылы магистратура бағдарламасын аккредитациядан өткізіп, ол Қазақстан бойынша үздік оқу бағдарламасы ретінде танылды. Биыл 2025 жылы бакалаврдың алғашқы түлектері оқу бітірді.
Негізі аудармашы болу, әсіресе, ауызша аудармашы болу екінің бірінің қолынан келмейді. Жазба аударманы көп адам істей алады. Алайда ауызша аудармаға барудан бәрі қашады. Ол үшін есте сақтау қабілетің, сөздік қорың бай болуы керек. Стреске төзімділікті, мәдениетаралық коммуникация құзіретін игеру қажет. Аудармашы – саясаткер, тарихшы, дипломат және екі ел арасындағы дәнекер, көпір салушы. Ынтымақтастық бойынша шарт жасау кезінде аудармашы ойды сауатты жеткізсе, нәтижелі келіссөздерге қол жеткізуге болады. Менің ойымша, аудармашы спортшы сияқты үнемі өзін жан-жақты жетілдіріп, керекті ақпаратпен сөздік қорын байытып отырмаса, кейде қарапайым сөздерді де ұмытып қалуы мүмкін. Сондықтан маман үнемі үздіксіз ізденіп, жаңалықтардан хабардар әрі ойы зерек болуы керек.