Мұғалім Нұрила Өмірзақ: «Олимпиадаға дайындық – ұзақ әрі жүйелі процесс»
Америкадағы Флорида штатының Майами, Орландо қалаларында өткен халықаралық олимпиадада әлемнің 400-ге жуық үздік оқушыларының арасынан біздің қазақстандық дарынды оқушылар суырылып алға шықты. Елордалық оқушылар Neo Science and Coding Олимпиадасынан 9 алтын, 13 күміс, 11 қола медаль және 8 алғыс хат иеленді.
Orkenlink Media тілшісі оқушыларға жетекшілік жасаған Астана қаласындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының химия және биология пәнінің мұғалімі Нұрила Өмірзақпен олимпиадаға дайындық, жаратылыстану пәндерін оқыту әдістері мен еліміздегі білім беру жүйесі жайлы сұхбаттасты.
— Нұрила, оқушыларыңыздың жеңісі құтты болсын! Америкадан елге қандай жетістікпен оралдыңыздар?
Америкада, Флорида штатының Майами-Орландо қалаларында өткен халықаралық олимпиададан оқушыларымыз жүлделі орындармен, бағалы тәжірибемен және үлкен мотивациямен оралды. Бұл сапар тек білім сайысы емес, сонымен қатар мәдени, тұлғалық дамуға да үлкен әсер етті. Айта кетер болсам, нетворкинг үшін де өте ерекше тәжірибе болды.
— Біздің оқушылар өзін қалай көрсетті? Өзге елдердің қатысушыларының бойынан, білімінен қандай да бір өзгешелік байқай алдыңыз ба?
Оқушыларымыз өзін өте жоғары деңгейде көрсете алды. Олар біліммен қатар, тәртібімен, жауапкершілігімен және командада (collaboration) жұмыс істей алуымен ерекшеленді.
Әлемнің 22 елінен іріктелген 400-ге жуық үздік оқушы қатысты. Олар да мықты болды, алайда біздің балалардың ең басты артықшылығы еңбекқорлығы, бірлігі мен жан-жақтылығында деп ойлаймын.
— Сіз қанша жылдан бері мұғалім болып жұмыс істеп келесіз? Мамандығыңыз, жұмысыңыз туралы толығырақ айтыңызшы?
Мен 6 жылдан бері білім саласында қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда сол алғаш ұстаз болып бастаған Астана қаласы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатында жұмыс істеп жүрмін. Бакалавр бойынша мамандығым — биология пәні мұғалімі, магистратураны химия пәні мұғаліміне оқыдым. Бүгінде ұстаздық жолмен қатар, оқушыларды олимпиадаларға, жобалық жұмыстарға және халықаралық жарыстарға дайындаймын. Мұғалімдермен тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық, республикалық, қалалық форумдарда спикер болып белсенділік танытамын. Мұғалім болу — мен үшін жай жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен ерекше миссия.
— Оқушылардың химия, биология пәндеріне қызығушылығы қандай?
Қазіргі оқушылардың STEM бағытындағы жаратылыстану пәндеріне қызығушылығы жақсы деңгейде. Әсіресе, тәжірибе жұмыстары, зертхана тапсырмалары, өмірмен байланысты тақырыптар, ерекше тапсырмалар берілгенде, сондай қызығушылықпен жасайтынын байқаймын.
Барлығы мұғалімнің өз ісіне, оқушыларына деген махаббатынан деп ойлаймын. Біз өзімізге қалай сабақ өткізгенін қаласақ, солай үйретуіміз керек деп ойлаймын. Бұл да бір эмпатия.
— Сабақ беруде қандай ерекше әдіс-тәсілдерді қолданасыз? Дәстүрлі оқу форматына көзқарасыңыз қалай?
Сабақ барысы — мен үшін өте ерекше процесс. Өмірдің әр сәтінен көргенімді, кинодан болсын, ғаламтордан болсын, сабағыма қалай кіріктірсем болады деп ойланамын.
Барынша 4С дағдысын, яғни Creativity, Collaboration, Critical Thinking, Communication қалыптастыруға фокус қоямын. Заман талабына сай әртүрлі интерактивті әдістерді қолданамын.
Шет елдің білім жүйесі туралы кітаптарын көп оқып, олардан алған идеяларды өз сабағыма қолданамын. Жобалық оқыту, зерттеу жұмыстары, цифрлық платформалар мен AI құралдарын кіріктіруге тырысамын. Дәстүрлі оқыту форматы да маңызын әлі күнге дейін жоймады. Дегенмен оны жаңа әдістермен үйлестіру қажет деп есептеймін. Жаңашыл болып, дәстүрлі білім беру жүйесінің элементтерін қолданудың пайдасы да көбірек деп ойлаймын.
— Мұндай олимпиадаларға оқушыларыңызды қанша уақыт дайындайсыз?
Олимпиадаларға дайындық - ұзақ әрі жүйелі процесс. Кейде бірнеше ай, кейде бір жылдан астам уақыт дайындаламыз. Бұл жерде тек пән білімі ғана емес, логика, уақытты жүйелеу және психологиялық дайындық та маңызды.
Бұл олимпиадаға 4 ай үздіксіз дайындалдық. Демалыс уақытында мектепке жиналып, сабақтар түсіндірдік. Қатысушылар әртүрлі мектеп және әртүрлі сыныптан болғандықтан, ынтымақтастықты арттыратын ойындар да ойнадық.
— Сіз жұмыс істейтін мектеп жүйесі мен басқа мектеп жүйесінен қандай айырмашылық байқайсыз?
Өзім жұмыс істейтін мектеп жүйесінің басты ерекшелігі - мүмкіндіктердің кеңдігі және жан-жақты қолдау. Оқушыларға тереңдетілген білім алуға, халықаралық деңгейде өзін сынауға жағдай жасалған. Әріптестерімнің, оқушыларымның, ата-аналарының ерекше қолдауы бізге мықты сенімділік береді.
— Біздің елдің білім беру жүйесіне не нәрсе енгізсе деп армандайсыз? Керісінше, өзге елдерден артықшылығымыз қандай?
Еліміздің білім беру жүйесіне тәжірибеге негізделген оқытуды (Practice based education) көбірек енгізсе деп армандаймын. Зерттеу, жобалық жұмыс, сыни ойлау дағдыларына басымдық берілсе деймін.
Ал артықшылығымыз — оқушыларымыздың қабілеттілігі, ұстаздардың жанкешті еңбегі және білімге деген құрметі деп білемін.
— Сізге және оқушыларыңызға алдағы уақытта мол білім мен оқуда зор жетістік тілейміз!
Сұхбаттасқан: Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар