Шетелдік және қазақстандық оқушылардың арасында аса қатты айырмашылық жоқ. Себебі жаһандану заманында барлық бала интернетті қолданады. Бәрі де заманауи трендтерден хабардар болып, керек мәліметін іздеп, таба алады. Әрине, тіл жағынан айырмашылық болуы мүмкін. Өйткені ағылшын тілін білетін бала ақпарат пен білімге тез қол жеткізе алады. Сондықтан айырмашылық тек ақпаратты игеру саласында ғана байқалуы мүмкін.
Ал мінез-құлыққа келетін болсақ, әрине, әр елдің өзіне тән мәдени ерекшелігі болады. Бірақ елеулі айырмашылықтар жылдан-жылға азайып барады. Жаһандану заманында балалар бір-біріне ұқсас ойлайды, бірдей трендтерді бақылайды және әлеуметтік желілердегі ортақ контентті тұтынады.
Мектептегі тәртіпке келсек, оқушылардың жеке ұялы телефондарын таңертең жинап алып, күннің соңында, яғни ең соңғы сабақ аяқталғанда ғана қайтарып береміз. Телефон тапсырмаған балаларға арнайы шаралар қолданылады. Дегенмен мектеп әр оқушыны қажетті электронды құралдармен қамтамасыз етеді: әр балаға ең соңғы үлгідегі MacBook беріледі. Бірақ бұл компьютерлерде «ата-ана бақылауы» (parental control) орнатылған, сондықтан бала кез келген сайтқа кіре алмайды. Тек мектеп әкімшілігі рұқсат еткен ресурстар ғана қолжетімді. Бұл жерде өте жақсы блок қойылған: оқушы компьютер арқылы әлеуметтік желілерге кіре алмайды, тек мектеп бағдарламасына қажетті материалдарды ғана қарайды.