Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшамды 2021 жылы тамыз айында ашқанмын. Ол кезде Reels деген жоқ еді, көбінесе пост салатынбыз. Ол жылы саяхат қатты трендте болмаса да, мен парақшамда сол бойынша пост жаза бастадым. «Қалай саяхаттауға болады?», «Дубайға, Түркияға, Еуропаға қалай баруға болады?», «Визаға қалай тапсыру керек?» деген секілді кеңес беретін посттар жазатынмын. Одан кейін ағылшын тіліне қатысты сөздерді қалай жаттау керегін, грамматиканы қалай есте сақтауға болатынын жаза бастадым. Әлеуметтік желіде қазақша мұндай жазбалар өте аз еді. Пайдалы посттардан соң, адамдар парақшама көптеп жазыла бастады. Өркен Кенжебек, Данияр Жігітбек, Нәрікби Мақсұт, Перизат Мырзахметова сынды блогерлер жазған дүниелерімді өз парақшаларына бөлісетін. Кейін түрлі пабликтерде қазақ тілінде «Саяхат туралы жазатын ТОП-10 блогер» деген тізімдерге ене бастадым. Осылайша сапалы аудитория жиналды.
Парақшамды дамыту үшін көп еңбектендім, іздендім. Тақырыптарымды әр алуан етіп, өзім саяхаттап барған елдер туралы посттар салып жүрдім. Графиканы, монтаж жасауды үйрендім. Қиын тақырыптардың мәтінін барынша қарапайым тілмен, видео, графика және карта арқылы түсіндіруді қолға алдым. Мұның барлығын өзім қызыққан соң жасадым. Монтаж, карта жасаған, графикалармен жұмыс істеген өте қатты ұнайды. Саяхат, елдердің саяси құрылымдары, спорт тақырыптары жаныма жақын. Дүниежүзі тарихын, Қазақстан тарихын жақсы көремін және сол туралы кітаптарды көп оқимын. Соның нәтижесінде оқыған дүниелерімді халыққа қарапайым тілмен түсіндіріп беруге тырысамын.