«Жеке бренд барлық салаға керек»: 23 жасында бас редактор болған Ұлпан Рамазанова
Адам өзі бір жұмысты жан-тәнімен, шын беріліп істесе, одан табыс та таба алады, жетістікке де жете алады. Сондай-ақ заман ағымына сай трендтерден қалыс қалмауы керек. Бүгінгі пысық, жан-жақты кейіпкеріміз Ұлпан Рамазанова — осыған дәлел. Ол — журналист әрі блогер. Ұлпан біздің жас оқырманымызға жеке бренд және журналистика жайлы қызық оқиғалары мен пайдалы кеңестерін айтады.
— Бала кезімде мамандығым туралы көп ойланбадым: президент те, құпия агент те болғым келді. Бірақ 7-сыныпта журналист боламын деп шештім және ешқашан бұл ойымнан айныған емеспін. Жазуды жақсы көремін. Үнемі ізденіп, әрнәрсеге қызығушылық танытамын. Содан болар, журналистика менің салам екенін ерте түсіндім, — дейді ол.
Ұлпан 23 жасында-ақ басылымның бас редакторы қызметін атқарғанын айтады.
— Steppe басылымында редактор болып жұмыс істедім. The Village-де қызметім өсіп, бас редактор болдым. Мұндай жауапты қызметке өте жас кезімде, 23 жасымда қол жеткізіппін. Ол уақытта шаруаларымды реттеуді, жүйелеуді және жан дүниеме мән беруді білмейтінмін. Сондықтан тез шаршап, жабығып кеттім. Сондай бір кезеңдерде журналистикадан PR саласына ауыстым. Еліміздегі белгілі бір компанияның медиа-менеджері қызметін атқардым, — дейді Ұлпан.
Оның айтуынша, PR маманы компания туралы қоғам пікірін үнемі бақылап отыруы керек.
— PR маманы трендтерден қалыспай, дағдарысты ерте байқап, жаңалықтарды жылдам хабарлайды. Мекеменің имиджін жоғары деңгейде ұстап тұру үшін БАҚ-пен жиі келіссөздер жүргізеді. PR маманы орнымен уайымшыл, тапқыр, байланысы мықты әрі аңғарымпаз болуы керек. Блогер болу да — дәл осындай жұмыс. Мүлде оңай емес дер едім. Қайта маған журналистика саласындағы тәжірибем көмектеседі. Өйткені материал жазуға және контент жасауға қолым үйренген. Адамдармен араласып, жұмысыңды көрсетсең, ұсыныс өзі-ақ келеді, — дейді ол.
Журналист карьера жолындағы қателіктері туралы былай дейді:
— Жұмыс барысында жіберген қатем көп болды: бұрыс жазған да, мақаланы шала тексерген де және басқа материал жіберген де кез болды. Бұл кезең сол уақытта өмірдің соңы секілді көрінгенімен, кейін бәрі ұмытылып кетеді екен.
Ұлпан медиа саласында диплом аса қажет болмайтынын жеткізді.
— Егер медиа нарығында жұмыс істесеңіз, дипломның бар-жоғы қатты әсер етпейді. Бірақ мемлекеттік жұмысқа кіруге міндетті түрде диплом керек. Егер сіз үнемі оқып, жан-жақты әрі пысық болсаңыз, жұмыссыз қалмайтыныңыз сөзсіз, — дейді ол.
Ал жеке бренд өмірдің барлық саласына қажет екенін айтады.
— Қазір түлектер жоғары оқу орнына қалай түсетінін білмеймін, бірақ жеке бренд өмірдің барлық саласына қажет дер едім. Оны дамытсаңыз, адамдардың сізге деген сенімі мен құрметі арта түседі. Сонымен қатар табысты болу үшін тек талант пен тәртіп жеткіліксіз. Нарықты бақылап, не керек екенін біліп отыруыңыз керек. Ең заманауи дағды — life-learning мен trendwatching.
Саяхаттау қазіргі буын үшін өмір салты іспеттес. Ұлпаннан саяхатқа не үшін шығатынын да сұрап көрдік.
— Жаным саяхатты қалайды. Саяхаттағанда ғана әлемге басқа қырынан қарап, ерекше шабыт аламын, — дейді ол.
Сондай-ақ ол — тәукелді талап ететін әрі қызық таңдау жасаудан қорықпайтын жан.
— Мен өте сақ адаммын. Алайда бейтаныс адаммен саяхаттау, жалғыз өзім шетелге бару секілді өте қызық оқиғалар күтіп тұрғанын білсем, бас тартпаймын, — дейді журналист.
Егер қазір жасы 16-да болса, Ұлпан қай бағытты таңдар еді?
— 16 жасымда Bitcoin сатып алып, өмірімді теңіз жағасында жазумен өткізер едім. Қалғанын сол қалпында қалдырар едім.
Сұхбат соңында Ұлпан 12−18 жастағы жас достарымызға мынадай күшті мотивациялы кеңестер айтты:
— 12 жасымда ешкімді тыңдамағанымды білемін. Сол үшін ол жастағы жеткіншектерге, тым болмаса, жасы 25-ке келгенде кеңес берген дұрыс. Сонда да есте ұстайтын дүние: батыл әрі ашық-жарқын бол. Өз жолыңмен бара жатқаныңа сен, бәрібір ештеңеден кеш қалмайсың. Өсе келе өзіңе сенімді бола түсесің. Дегенмен ол үшін өзіңді шексіз жақсы көріп, үнемі қолдап отыруың қажет. Сонымен қатар шешіміңді сыйлап, ойлағаныңнан бас тартпауың керек. Осындай қасиеттер жинақтала келе, өзіңе деген сенім арта береді.
Кез келген жағдайда өзіңе мейірімді бол. Ешқашан өзіңе ұрыспа. Жиі білім ал. Жасанды интеллекті аз қолдан, одан да миыңды көбірек қозға.
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар