Қазақ шығармаларын комиксқа айналдырған жас мұғалім: «Бұл әдіс дәстүрлі форматтан әлдеқайда тиімдірек»
Құрметті оқырман, мұғаліміңіз сабақта комикс оқимыз десе, қуанар ма едіңіз? Әлде біздің елде мұндай ұстаздардың барына сенбейсіз бе? Ал Орал қаласындағы № 21 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары мұнымен келіспейді. Өйткені осы оқу ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжан Ғинаятова әр сабағына ерекше әдіс қолданады. Жас мұғалім Ж. Аймауытовтың «Ақбілегіне», І.Жансүгіровтің «Құлагеріне», М. Дулатұлының «Бақытсыз Жамалына», Ш. Уәлихановтың «Ыстықкөл сапарының күнделігі» мен Абайдың «Қара сөздеріне» арналған комикс дайындаған. Бұдан өзге бірнеше шығарманы сурет арқылы сөйлеткен.
Orkenlink Media тілшісі «Жаңашыл мектепке — жаңашыл ұстаз», «Үздік сынып жетекші» байқауларының 2-орын иегері Гүлжан Ғинаятовамен оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығы мен сабақ түсіндірудегі жаңа әдістер туралы сұхбаттасты.
Алғаш сезінген сезімім — қобалжу
— Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын деген шешімді қалай жасадыңыз? Бұл мамандықты таңдауға не әсер етті?
Бала кезімнен кітапқа қызығып өстім. Кейін мектеп қабырғасында білім алып жүріп, ұстаздарымды өзіме үлгі тұттым. Соның нәтижесінде мұғалім болуға деген махаббатым ояна бастады. Мамандық таңдар алдында да ұзақ ойланбастан, бірден қазақ тілі мен әдебиетін таңдадым және бұл өмірімдегі ең дұрыс жасаған шешімдерімнің бірі деп есептеймін.
— Ең алғашқы өткізген сабағыңыз есіңізде ме? Қандай сезімде болдыңыз?
Ең алғашқы сабағым әлі де есімнен кетпейді. Өйткені университетті енді бітіре сала бірден бұл салаға сіңісіп кету өте қиын болды. Ең алғаш сезінген сезімім — қобалжу. Алдымда маған үмітпен әрі жатырқай қараған кіп-кішкентай оқушыларым отырды. Олардың әрқайсысының жүрегіне жол табу, білім беру, өзіңде барды үйрете алу — қиынның қиыны дер едім. Бірақ сол әсерден соң, бірден жүйені түсініп, әрі қарай тоқтамау керегін түсіндім.
— Қазіргі оқушылардың әдебиетке көзқарасын қалай бағалайсыз?
Қазіргі оқушылардың әдебиетке көзқарасы орта деңгейде деп бағалар едім. Себебі оқушылардың басым бөлігі көркем әдебиетті терең оқудан гөрі қысқаша мазмұндағы туындыларға (фильм, сериал, әлеуметтік желі) көбірек мән береді. Бұл — заман талабының әсері. Мектеп бағдарламасындағы кейбір шығармалардың тілі күрделі болғандықтан, оқушыларға оны қабылдау қиындық тудырады. Осы себепті әдебиетке қызығушылық кейде формалды деңгейде қалып, тек баға үшін оқумен шектеліп жатады.
Жаныма ең жақыны — «Көксерек» шығармасына жасалған комикс
— Әдеби шығармаларды оқушыларға комикс форматында ұсыну идеясы қалай туды?
Бұл идеяның тууына ең алдымен әлеуметтік желілердің ықпалы әсер етті. Қазіргі оқушылар ақпаратты көбіне визуалды түрде қабылдауға бейім. Кітаптағы көркем шығармаларды оқу, түсіну және қабылдау кейде олар үшін қиынға соғады. Ал сурет, бейне, комикс сияқты форматтар оқушының қызығушылығын тез оятады. Сондықтан әдеби шығармаларды комикс форматында ұсынып көргім келді. Бұл тәсіл оқушыларға мәтіннің мазмұнын жеңіл қабылдауға, кейіпкерлерді жақсы елестетуге және оқиға желісін тереңірек түсінуге көмектеседі. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыс оң нәтижесін беріп жатыр деп ойлаймын: оқушылардың қызығушылығы артып, әдебиетке деген көзқарасы біртіндеп өзгеріп келеді.
— Оқушылардың мұндай жаңа әдіске реакциясы қандай болды? Осындай формат расымен қызық бола ма? Әлде дәстүрлі формат дұрыс па?
Бұл әдіске оқушылардың таңданғанын жасыра алмаймын. Олар үшін өзгеше формат болғандықтан, қызығып оқып шықты. Менің ойымша, бұл әдіс дәстүрлі форматтан әлдеқайда тиімдірек.
— Комикске айналдырғанның ішіндегі ең қызық шығарма қайсысы еді?
Өзімнің әр жасаған жұмысымды ерекше бағалаймын әрі құнсыздандырмаймын: оған энергиям мен идеямды аямай жұмсаймын.
Өзім үшін әр туындым қызық, соның ішінде жаныма ең жақыны — «Көксерек» шығармасына жасалған комикс. Өйткені бұл комиксті 2 апта бойы жасаған едім әрі ең алғашқы туындым.
— Комикс жасау барысында мәтінді ықшамдау қиынға соқпай ма?
Жоқ, оқушылардың жас ерекшелігіне сай ықшамдап аламын.
— Бұл жұмыстарды тек сабақта қолданасыз ба, әлде басқа платформаларға да жариялайсыз ба?
Негізгі мақсат — сабақта қолдану, оқушылардың пайдалануына мүмкіндік жасау. Сонымен қатар балалар журналына кейбір комикстерім жарияланып тұрады.
— Әлеуметтік желідегі парақшаңызға сынып жетекшілігіңіздегі оқушыларды қатты жақсы көргеніңізбен, сізді ренжітетін де кезі болатынын жазыпсыз. Сынып жетекшісі еңбегіне соншалықты көп ақы төленбейтінін білеміз. Бұл рөлдің ата-аналарға, оқушыларға, жалпы өзгелерге көрінбейтін қандай қиындығы бар?
Бұндай жағдайлар жас мамандарда жиі кездеседі деп ойлаймын. Мен алғаш рет сынып жетекші болғанымда, өте көп қиындықпен кездестім, әлі де болып тұрады. Әр баланың білімі мен тәртібіне жауапкершілік алу оңай дүние емес. Кейде қарапайым тәртіпке бағынбай қалады, сол кезде ренжіп те, ашуланып та аламын. Осындай жағдайлардың арқасында біраз тәжірибе жинап алуға болады.
Әр оқушы өзіне жауапкершілік алатындай саналы болып өскенін қалаймын. Баланың мектептегі білімі мен тәртібіне мұғалімнің, ал тәрбие мәселесіне ата-ананың жауапты екенін де қоса айтқым келеді.
— Оқушылармен сенімді қарым-қатынас орнатудың басты қағидасы қандай?
Ең бастысы — шынайылық. Олармен өзіңнің емес, өздерінің «тілінде» сөйлесе алсаңыз болды.
— Бүгінде жас мұғалімнің бойынан қандай қасиеттер табылуға тиіс?
Жас маманға артылатын жүк өте көп. Бірақ ең бастысы — жауапкершілік. Өзіңнің әр ісіңе жауапкершілікпен қарай алсаң, жұмысың да өнімдірек болады деп ойлаймын.
Ең бастысы — рухани аштыққа жол бермеу
— Сізді шабыттандыратын ұстаз немесе жазушы бар ма?
Маған шабыт сыйлайтын ұстаздар жоқ. Дегенмен әлеуметтік желілерде тәжірибесін бөлісетін мұғалімдерді жиі бақылып, пайдалы жағын алып отырамын. Ал шабыттандыратын жазушылар өте көп. Өзімнің ең сүйікті екі жазушым бар: бірі - Бексұлтан Нұржекеұлы, екіншісі - Дулат Исабеков.
— Кәсіби жолыңыздағы басты миссияңыз және мақсатыңыз қандай?
Басты миссиям — көзінде оты бар, білім алуға құштар, көңіл көкжиегі кең және пікірін еркін жеткізе алатын оқушыларды тәрбиелеу. Ал мақсатым — әр оқушының бойындағы қабілетті ашып, әдебиет арқылы олардың рухани дүниесін байыту, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға үлес қосу. Ең бастысы — рухани аштыққа жол бермеу.
— Әдебиетті сүймейтін балаға қандай кеңес берер едіңіз?
Әдебиетті бәрі бірдей сүюі міндет емес. Ең бастысы — жанына жақын, қызық тақырыптан бастау. Қысқа әңгімелерді, заманауи шығармаларды немесе өмірмен байланысты туындыларды оқуға кеңес берер едім. Әдебиетті «міндет» ретінде емес, адамды түсінуге, ойлануға көмектесетін құрал ретінде қабылдау қажет. Уақыт өте келе, дұрыс таңдалған шығарма баланың әдебиетке деген көзқарасын өзгертуі әбден мүмкін.
Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар