inVision U көшбасшылар университетіне құжат қабылдау кезеңі аяқталуға жақын
inDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский негізін қалаған inVision U коммерциялық емес көшбасшылар университеті 2026 жылдан бастап 4 жылдық бакалавриат бағдарламасын ұсынып отыр. Қазіргі уақытта оқу орнына құжат қабылдау жүріп жатыр.
Университетте келесі бағыттар бойынша білім беру көзделген:
креативті инженерия;
инновациялық цифрлық өнімдер мен сервистер;
инновациялар мен көшбасшылық социологиясы;
мемлекеттік басқару және даму стратегиялары.
Бағдарлама аяқталған соң түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Арсен Томскийдің айтуынша, студенттердің оқу ақысы мен тұру шығындары өзі, inDrive компаниясы және қазақстандық серіктестер тарапынан толықтай қаржыландырылады.
«Талантты әрі амбициясы жоғары жастарды қолдап, оларға әлемдік деңгейдегі білімге, мықты менторлыққа және халықаралық ортада дамуға мүмкіндік береміз. Олардың арасында болашақта өз қоғамын дамытып, әлемді өзгерте алатын көшбасшылар бар», — деп жазды Томский Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
inVision U университеті Қазақстан мен Орталық Азия жастарын қолдау мақсатында ашылған. Сонымен қатар биылғы қабылдау аясында Якутиядан да талапкерлерге мүмкіндік беріліп отыр.
Университеттің басты мақсаты — жас пассионарлардың әлеуетін ашу, оларға білім, дағды, ресурстар мен берік өмірлік құндылықтар қалыптастырып, ауқымды өзгерістерге шабыттандыру.
Құжат қабылдау 2025 жылдың 24 желтоқсанына дейін жалғасады.