Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Адамдар, мағыналар және даму энергиясы: жаңа замандағы коучингтің мансапқа ықпалы

Технологиялар қарқынды дамып, бизнес кеңістігі үнемі өзгеріп жатқан шақта мансап жолы да жаңа сипат алуда. Осындай кезеңде адамның өзі, оның таңдауы, мағынасы мен ішкі ресурстары ерекше рөл атқарады. Сертификатталған мансап коучы, халықаралық компанияларда HR-директор болған Анастасия Старчикова Orkenlink-те теңдессіз тәжірибесін бөлісті. Сұхбат барысында ол коучингтің кәсіби өмірдегі рөлі, қиындықты өсуге айналдыру және саналы болмыстың маңызы туралы кеңінен әңгімеледі.
Мектептегі қызығушылықтан корпоративтік коучингке дейінгі жол
Анастасияның адамдарға көмектесуге деген қызығушылығы мектептен басталған. Ол сол кезде мектеп психологының жұмысын сырттай бақылап, адамның ішкі әлемін түсінуге талпынып жүретін. Бала кезде оянған бұл құштарлық кейін оны психология мамандығын таңдауға жетеледі.
Deloitte компаниясының HR бөліміне жұмысқа тұрған соң, корпоративтік ортада адаммен жұмыс істеудің жауапкершілігін терең сезінді. Мансап жолында алға жылжи отырып, Freedom Finance компаниясында HR директор қызметіне дейін өседі. Дәл осы кезеңде ол кәсіби әрі тұлғалық дамытудың тиімді жолы ретінде коучингті үйренуге кіріседі.
«Коучинг — адамға өзіне дұрыс сұрақ қою арқылы ішкі ресурсын табуға көмектесетін әдіс. Алғашында жеке дағдыларымды дамыту үшін үйренсем де, уақыт өте келе бұл құралға шын ғашық болдым. Себебі коучинг тек бүгінгі әрекеттерді емес, сол әрекеттердің түпкі себебін де көрсетеді. Мақсат қою, өз орныңды түсіну, қолдағы ресурсқа дұрыс қарау — бәрі осы үдерістің бір бөлігі», — дейді Анастасия.
Бизнеске жаһандық көзқарас: халықаралық компаниялардан үйренген сабақтар
Deloitte, Kcell, FedEx және Freedom Finance секілді ірі ұйымдарда жұмыс істеу Анастасия Старчиковаға бизнесті кең ауқымда — оның ішкі механизмдері мен макроэкономикалық контексті арқылы түсінуге мүмкіндік берді. Ол жас мамандарға кәсіби міндеттерін орындаумен шектелмей, өз рөлін жан-жақты түсінуге, мақсат пен нәтиженің арасындағы байланысты көруге кеңес береді.

Мамандардың құндылығы «нені» істейтінімен ғана емес, «не үшін» істейтінімен айқындалады. Ал қызығушылық пен зерттеушілік көзқарас компаниядағы процестерді жаңа қырынан қарап, әсіресе жақсартуды қажет ететін тұстарды анықтауға көмектеседі.

Сонымен бірге, Анастасия келіссөз жүргізу дағдысын кез келген маман үшін маңызды құрал деп есептейді. Бұл — қарсы тарапты құрметпен тыңдау, ашық сұрақтар қою, өз ойыңды конструктивті ұсыну арқылы жаңа бастамалардың жүзеге асуына жағдай жасау қабілеті.
«Маңыздысы — өз жұмысыңды жан-жақты түсіне білу. Нұсқаулықта тұрған „қағазды бір жерден екінші жерге ауыстыр“ деп жазылған тапсырманы жай орындау бір бөлек, ал „мен мұны не үшін істеп жатырмын?“ деп ойлану — мүлдем басқа деңгей. Осындай ойлау жүйесі үлкен картинаны көруге, еңбегіңнің мақсаты мен мағынасын сезінуге көмектеседі. Және тағы бір өзіңізге қоятын маңызды сұрақ: мен компанияға қалай көбірек пайда әкеле аламын? Жастарға айтарым — қызығушылық танытыңыздар, не себепті кейбір процестер дәл солай жұмыс істейтінін сұраудан қорықпаңыздар, әр әрекеттен мағына іздеңіздер», — дейді Анастасия.
HR – адами капиталды ілгерілететін күш
Көпшілік үшін HR функциясы тек кадр іріктеу мен құжат рәсімдеуден тұратын рутиналық жұмыс болып көрінеді. Бірақ Анастасия Старчикова мұның мәні әлдеқайда терең екенін айтады. Бизнес қандай форматта жұмыс істесе де, оның өзегі әрдайым адамдар болып қала бермек.

HR маманының міндеті — қызметкерлер мен басшылықтың ортақ мақсатты бірдей түсінуін қамтамасыз ету, ұсыныстарды жинап, адамдардың компания өміріне қатысуын күшейту. Бұл акционерлердің көзқарасын командамен үйлестіру, стратегияны жүзеге асыратын атмосфера қалыптастыру, корпоратив мәдениетті нығайту сияқты міндеттерді қамтиды.

Нәтижесінде HR-дың басты мақсаты — адамдарды дұрыс орынға қою, олардың жұмысты қызығушылықпен, шабытпен, жайлы жағдайда атқаруына жағдай жасау. Бұл тұрақты кері байланыс пен процестерді үнемі жетілдіру арқылы жүзеге асатын жүйелі жұмыс.
«Кез келген бизнес адамдарға сүйеніп жасалады. Қызметкер офисте ме, әлде қашықтан ба — маңызды емес. Ең бастысы, олардың компанияның қайда бағыт алып бара жатқанын білуі, ал басшылық бұл үдерісті адамдар қалай қабылдап отырғанын көріп, ұсыныс бере алуы. HR-дың міндеті — өзара үйлесімді қамтамасыз ету, яғни басшылық пен акционерлердің көзқарасын команданың түсінігімен және оның ішкі мотивациясымен үйлестіру. Біз стратегия, мәдениет, ішкі коммуникациялар арқылы ортақ мақсатқа ұмтылуға жағдай жасаймыз. Бизнеске не қажет екенін түсіну, дұрыс адамдарды дұрыс орынға қою және олардың қызығушылықпен, шабытпен жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау — біздің негізгі міндетіміз», — дейді мансап коучы.
Болашақ дағдылары: эмпатиядан энергияға дейін
Технологиялар рутиналық міндеттердің орнын басып жатқан заманда Анастасия Старчикова ең маңызды қасиет ретінде қызығушылықты атайды, яғни — дамуға деген ұмтылыс, компанияны, нарықты және жаһандық трендтерді зерттеу, жаңа нәрселерді байқап көру және өзгерістен қорықпау. Өйткені кез келген табысты бизнес инновация арқылы өседі. Адамға өз-өзін және әлемді тани білу, өзгелердің мінез-құлқы мен мотивтерін түсінуге көмектесетін эмпатияны дамыту аса қажет.

Базалық психологиялық сауаттылық пен эмоционалдық интеллект бүгін де, болашақта да маңызын жоймайды — өйткені машиналар адамның жан дүниесін, шынайы қарым-қатынастарды және терең әңгімелерді алмастыра алмайды. Сонымен бірге, фактчекинг пен деректерді сараптай алу үшін сыни ойлау да маңызды дағдыға айналды.

Кәсіби ортада «тірі» күйде қалу үшін адам жан-жақты дамуға, өз энергиясын дұрыс басқаруға мән беруі керек: байсалды күн тәртібі, дұрыс тамақтану, спорт, психогигиена. Денсаулығы мықты, энергиясы жинақы адам — жаңа дәуірдің табысты моделі.
«Менің ойымша, табысқа жететін бизнес жаңашылдықтан қорықпайды. Олар байқап көреді, тәуекел етеді, тіпті үйреншікті үдерістерге сыни көзбен қарайды. Егер қазіргі адамның дағдылары туралы айтсақ, бірінші орында — өзіңді де, айналаңды да танып-білуге деген қызығушылық туру керек. Әрине, эмпат болу да аса маңызды: өзгені түсіне білу, сезіне білу қарым-қатынасты жақсартып, қақтығыстарды азайтады», — дейді Анастасия.
Абдыраудан саналы таңдауға дейін
Жасөспірімдер көбіне кәсіби бағыт таңдауда қиналады. Мұндай жағдайда Анастасия Старчикова ең алдымен сынап көруден, тағлымдамадан бастауға кеңес береді. Эмоционалдық әрі физикалық сананы дамыту — адамның өз денесінің белгілерін, ішкі импульстерін байқауына көмектеседі. Ал коуч немесе кәсіби бағдар маманының қолдауы бұл процесті жылдамдатып, уақыт пен күшті үнемдейді.
«Жақында маған Джейс есімді 24 жастағы қыз келді. Білімі өте мықты: бакалавриат пен магистратураны математика мамандығы бойынша үздік бітірген, екеуін де грантпен. Бірақ соған қарамастан, оның жан дүниесі гуманитарлық бағытқа жақын: кітап жазады, көп оқиды, өз оқырманы, танымалдығы бар. Бұл мысал адамның энергиясы кедергісіз қозғалатын бағытты/істі саналы түрде анықтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Білімді де, қызығушылықты да үйлестіре отырып, өзіңе мағына сыйлайтын жолмен жүрген дұрыс», — дейді маман.
Коучинг — әмбебап ойлау жүйесінің негізі
Халықаралық деңгейдегі сертификатталған коуч ретінде Анастасия коучингті тек мамандық емес, кез келген ортада, яғни отбасындағы қарым-қатынастан бастап, тіпті корпоративтік бизнеске дейін қажет «әмбебап ойлау тәсілі» деп түсінеді. Оның өзіне коучинг ең алдымен терең тыңдай білу қабілетін сыйлаған. Бұл — коммуникациядағы шын мәніндегі суперқабілет.
«Адамды тыңдау тек сөзді емес, сөз арасындағы мағынаны, интонацияны, энергияны, мимиканы, дене қозғалысын ести білу. Сондай-ақ мәнді әрі ойлы сұрақтар қоя білу аса маңызды. Өкінішке қарай, әңгіме барысында біз көбіне өз пікірімізді айтуға асығып, адамды соңына дейін тыңдамаймыз. Ал шынайы диалог назар мен қызығушылық бар жерде ғана басталады», — дейді Анастасия.
Командалық сессияларды фасилитациялаған кезде ол ұжымға ортақ тіл табысуға, мақсат пен рөлдерді нақтылауға көмектеседі. Әсіресе шағын командаларда әр адамға жеткілікті көңіл бөлу, жеке әңгімелерде коучингтік тәсілді қолдану маңызды.
«Басқару деген — бұйрық беру емес, адамның өзіне қандай жағдай қажет екенін сұрау. Мысалы: „Мен жақсы жетекші болу үшін саған не істей аламын?“. Мұндай тәсіл коммуникацияны тиімді етіп, әр түрлі көзқарасты ескеруге мүмкіндік береді. Ал егер жасөспірімдермен жұмыс істесек, мақсатты нақты қою, жүйелі түрде кері байланыс беру, ресурстармен қамтамасыз ету және сенім арту қажет», — деп толықтырады HR-маман.
Тұрақты өсудің негізі — тепе-теңдік
Анастасия Старчикованың айтуынша, карьерада тепе-теңдікті сақтау үшін ең алдымен нақты мақсат қою маңызды. Мақсат — энергияны шашыратпай, басымдықтарды айқындап, өз жолыңнан жаңылмауға көмектеседі. Ал екінші маңызды фактор — адамның ішкі күйіне мән беру, оның ішінде тұрақты физикалық белсенділік те бар.

«Спорт мен үшін нағыз құтқару шеңберіне айналды. Өткен жылдың қысында жүзуді бастадым, содан бері ашық суда өтетін Ocean Man, Ыстықкөлдегі жарыстарға да қатысып үлгердім. Жүзу тәртіпке үйретеді, өз-өзіңе деген сенімді нығайтады, мақсатшыл адамдарды жолықтырады. Адам қайда және не үшін бара жатқанын түсінгенде ғана фокус сақталады, энергия ең маңызды мақсаттарға жетеді», — дейді сарапшы.
Қателік арқылы өсу: өз дамуыңды түсінудің кілті
Кәсіби өсу жолы қателіксіз өтпейді. Анастасия бұл ретте Freedom Finance компаниясындағы маңызды тәжірибесін есіне алады. Сол кезде колл-орталық қызметкерлеріне үлкен көлемде қоңырау шалу міндеті тұрған, ал ол көмектескісі келіп, олардың тиімділігін өз бетінше талдауға кіріседі.
«Барлық деректі жинап, кесте жасадым. Қызметкерлердің нәтижелі жұмысын талдауға бір аптамды арнадым. Кейін мұның ешкімге қажеті болмағанын түсіндім. Бастамас бұрын „Бұл іс қаншалықты керек?“ деген сауалға жауап беруім керек еді. Практикалық құндылығы жоқ іске уақыт зая кетті. Сондықтан үнемі нақтылайтын сұрақтар қойыңыз: „Қандай нәтиже көргің келеді?“, „Бұл жұмысымның ең үздік нәтижесі қандай?“. Ал егер мансапта өскіңіз келсе — „Қызметте өсуім үшін не істеуім керек?“ деп сұрауды әдетке айналдырыңыз. Адамдармен ашық сөйлесіп, олардың сізге қатысты үмітін айқындап отыру маңызды. Мұны тек жұмысқа емес, кез келген қарым-қатынасқа қатысты айтып отырмын», — дейді ол.
Анастасия Старчикованың пікірінше, коучинг бизнес пен карьераны дамытуға арналған стратегиялық құрал. Мың құбылған әлемде саналы әрекеттер мен адамдар арасындағы құрылған дұрыс байланысқа сүйеніңіз. Жеке дамуға арналған әрбір инвестиция еселеп қайтады, адамды өз жетістігінің архитекторына айналдырады.
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)