Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Қазақстаннан Женеваға жол: зияткерлік меншік заңгері Дилия Чанышеваның ДЗМҰ-дағы жұмыс тәжірибесі

Orkenlink Media-ның келесі кейіпкері - зияткерлік меншік заңгері, Франциядағы магистратура бағдарламасының түлегі және Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) жас сарапшылар бағдарламасына таңдалған алғашқы қазақстандық әйел Дилия Чанышева. Ол бұл сұхбатта Қазақстандағы зияткерлік меншік саласындағы қызметінен бастап, Женевадағы ДЗМҰ-да жас сарапшылар бағдарламасына қатысып, сонда жұмыс істегенге дейінгі кәсіби сапары туралы айтады. Ұлттық зияткерлік меншік мекемелерінде де, халықаралық деңгейде де жұмыс атқарған ол тілдердің, тағылымдамалардың және тәлімгерліктің рөлі, күмән мен қорқынышты жеңу және бүгінгі таңда зияткерлік меншік заңгері үшін маңызды дағдылар туралы әңгімелейді.

Бұл сұхбат студенттерге, жас заңгерлерге және зияткерлік меншік саласында халықаралық мансап құрғысы келіп жүрген кез келген адамға шабыт сыйлары анық.
«Қазақстанда кәсіби бағытта жақсы дамыдым»
— Дилия, WIPO-да немен айналысатыныңды және жалпы өмірде IP-заңгерлер не үшін қажет екенін айтып берші?
WIPO-ға мен Young Expert ретінде екі жылға келдім. Мұнда әр жыл сайын әртүрлі департаменттерде жұмыс істедім. Бірнеше кезеңнен тұратын ұзақ іріктеу болды: мен бүкіл әлемнен жиналған 3500-нан астам жас маманның ішінен таңдаған 11 адамның бірі болдым.

Меніңше, IP-заңгерлер — прогресті іске асыратын адамдар. Әлемнің осылай тез дамуына мүмкіндік беретін бүкіл жүйе дәл біздің арқамызда өмір сүріп тұр деп нақты айта аламын. Зияткерлік меншік нысандарын үнемі байқай бермесек те, кез келген жерде кездеседі.
Анықтама: Young Experts Programme — әлемнің әр елінен келген жас мамандарға арналған ДЗМҰ-ның (WIPO) екі жылдық бәсекеге қабілетті  бағдарламасы. Бағдарлама қатысушылары ұйымның түрлі департаменттерінде ротациядан өтеді, халықаралық ортада жұмыс тәжірибесін жинақтайды және зияткерлік меншіктің жаһандық жүйесіне қатысты нақты жобаларға қатысатын мүмкіндікке ие болады.
— Сіз Қазақстандағы зияткерлік меншік (IP) жөніндегі ұлттық сарапшыдан Женевадағы БҰҰ құрылымына дейін бардыңыз. Халықаралық деңгейге қалай шықтыңыз?
Өте ұзақ жол болды десем, артық айтқаным емес. Бәрі университет қабырғасында негізгі тіл ретінде француз тілін таңдаған сәттен басталды. Ал кәсіби мансабымның өсуіне Франциядағы магистратура себеп болды.

Халықаралық ұйымға құжат тапсырмас бұрын мен көптеген курстан, кәсіби даярлық бағдарламасынан, семинар мен вебинардан өттім. Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жүрсем де, карьерамның халықаралық деңгейге өскенін қалайтынмын.
Анықтама:
Женевада БҰҰ-ның көптеген құрылымының, соның ішінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ/WIPO) штаб-пәтерлері мен кеңселері орналасқан. БҰҰ жүйесінде жұмыс істеу халықаралық орта қалыптастырып, бірнеше тіл мен мәдениетті көріп, жаһандық маңызы бар жобаларға қатысу дегенді білдіреді.
— IP-заңгерінің жұмысын студенттер мен жас заңгерлер өзінше елестетеді ғой. Ал шынында қандай екенін айтып беріңізші?
Нақты айту қиын. Студент кезімде тағдыр мені дәл осы салаға алып келеді деп тіпті ойламаппын. Бірақ бұл сала үнемі өзгеріп отыратынын және оны аз уақытта толық меңгеріп шығу мүмкін емесін нақты айта аламын.

Бастапқыда тез арада мықты маман атанып, бәрін біліп аламын деп ойлауың мүмкін. Алайда оның жай ғана ой екенін ұмытпа. Әдетте уақыт өте келе және тәжірибе жинақталған сайын адам зияткерлік меншіктің ішіндегі жанына жақын, нақты бағытты таңдап, соны тереңінен зерттей береді.
Анықтама:
«IP» (Intellectual Property) әдетте зияткерлік меншікті білдіреді. Бұған патенттер, тауар белгілері, авторлық құқық, өнеркәсіп үлгілері, география нұсқамалары және заңмен қорғалатын басқа да материалды емес активтер жатады.
— Қазіргі уақытта IP-заңгеріне нақты қандай дағдылар керек?
Меніңше, кез келген мықты кәсіби маманға тән тез бейімделу, жауапкершілік, үнемі іздену, сондай-ақ адамдармен тіл табыса білу деген қасиеттер қажет.
— Таза заңгер тұрғысынан алғанда халықаралық ортада коммуникация, келіссөздер жүргізу және нетворкинг деген дүниелер қаншалықты маңызды?
Бұл әркімнің алдына қойған мақсатына байланысты дер едім. Егер нақты халықаралық ұйымдар туралы айтар болсақ, қазіргі таңда оның ерекшеліктері бар.

Кейінгі кезде БҰҰ жүйесінде аз уақытқа ғана келісім шарт жасалып жатқанына байланысты коммуникация, келіссөздер мен нетворкинг тілін білсең, біраз мүмкіндіктің есігі ашылады. Бұлар жұмысыңнан айырылып қалғанда не жаңа жұмысты оңай табу үшін сан соғып қалмас үшін керек. Негізгі ісіңе қосымша нәрсе болса да, білгеннің артығы жоқ.
— Сіздің халықаралық білім деңгейіңіз өте жоғары. Осының ішінде не нәрсе мансабыңыздың өсуіне шынайы әсер етті, ал өткенге қарап отырып, нені онша маңызды емес еді деп айтар едіңіз?
Нақты мына нәрсе әсер етті деп айта алмаймын. Өйткені кейде ұсақ-түйек деп қараған нәрсенің өзі көп дүниені шешкен болуы мүмкін.

Мәселен, магистратураға түсу үшін басқа қалаға сұхбатқа барудың өзін алайық. Студент болып, әр тиыныңды санап жүргенде, тіпті автобуспен жол жүрудің өзі үлкен шығын болып көрінуі мүмкін. Сондықтан, «бір істі жасау керек пе, әлде жасамай-ақ қою керек пе?» дейтін таңдау тұрғанда, мен әрқашан жасау керек дегенді таңдаймын. Мұндайда, ең алдымен, ішкі түйсігіме, тәнімнің сол шешімге қандай әсер беретініне мән беремін.

Бәрі де қорқады, бірақ біз үнемі өзіміз үшін не нәрсенің дұрыс екенін іштей сеземіз. Соны түсіне білуіміз керек.
«Егер сізді жұмысқа алмаса, біліміңіз не қабілетіңіз жетпейді деген сөз емес»
— Егер адам IP (зияткерлік меншік) саласындағы мансабын енді дамытқысы келіп жүрсе, неден бастағаны жөн?
Бұл адамның қай кезеңде тұрғанына байланысты. Егер ол студент болса, ең дұрысы — тағылымдамадан бастау. ІІ курстан бастап-ақ ұзақ уақытқа созылатын жазғы тағылымдамаларды іздеуге кеңес берер едім.

Сондай-ақ өзіңізге ментор тауып, интернеттен IP-заңгерлерінің немен айналысатыны туралы оқып, видеолар қараңыз. Қазір ақпарат өте көп. Білім алуды Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) базалық курстарынан бастауға болады.
Анықтама:
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ/WIPO) — бұл зияткерлік меншіктің әлемдік жүйесін дамытатын БҰҰ-ның арнайы агенттігі. Ол елдерге IP-саясатын құруға көмектеседі, халықаралық келісімшарттарды басқарады және белсенді білім береді.
WIPO-ның өте керемет білім беретін ашық платформасы бар. Онда зияткерлік меншік бойынша ең қарапайым деңгейден жоғары деңгейге дейінгі тегін онлайн-курстарды табуға болады. Осы сілтемені басып оқи аласыз: www.wipo.int/academy/en/courses/
— WIPO сырттай өте құпия болып көрінеді. Ол жерге жұмысқа орналасу үшін не нәрсе қажет?
Мен олай айтпас едім. Менің ойымша, БҰҰ жүйесіндегі ұйымдардың ішінде WIPO — жастарға есігін қуана ашатын мекеменің бірі.

Мұқият ізденген адамға ол жерде мүмкіндік өте көп. Жыл сайын әртүрлі конкурстар өткізіп тұрады. Сондықтан сайтты үнемі зерттеп, материалдар жазып, бағыңызды сынап көріп, өтініш тастаңыз дер едім.

Егер сізді жұмысқа алмаса, біліміңіз немесе қабілетіңіз жетпейді деген сөз емес. Өйткені іріктеу кезінде сіз әсер ете алмайтын дүниелер де болады.
— Қандай әрекет басында тым қарапайым немесе маңызы жоқ сияқты көрінгенімен, кейін жолыңның ашуылуына тікелей әсер етеді?
Қаншалықты қарапайым естілсе де, шет тілдерін үйрену керек. Кем дегенде екі түрлі тілді, мысалы, француз және қытай немесе испан және араб тілдерін білген жөн. Ал ағылшын тілі - must have.

Тағылымдамадан өту, қателесу, сұхбаттарға бару, тіпті ол мінсіз жұмыс болмаса да бағыңды сынап көру керек. Сұхбаттардан өтпей қалсаң да, содан сабақ алу қажет. Өмірдің белгілі бір кезеңінде кәсіби маман ретінде қалыптасатыныңды, ал студенттік кезеңнің уақытша екенін түсінген абзал.

Әр жұмыс пен әр сұхбат сайын өзім үшін не нәрсе маңызды екенін тереңірек түсіне бастадым. Бұл — баға жетпес тәжірибе. Неғұрлым көп нәрсені байқап көрсеңіз, өзіңізді соғұрлым жақсы танисыз. Осылайша жол ашылады. Себебі артық нәрселерге уақыт шығындамай, нақты қай бағытқа барғыңыз келетінін түсінесіз.
Соңында өз соқпағыңды таңдау үшін, біраз бұралаң жолдан өту керек. Әрі мұны ең басында істеген әлдеқайда тиімді дер едім.
— Сіздің тәжірибеңіз бойынша, IP саласындағы жолды неден бастаған дұрыс: мемлекеттік органдардан ба, консалтингтен бе, әлде жеке практикадан ба?
Меніңше, жүріп өткен жолым өзім үшін ең дұрыс жол болды. Сол жолым білім көкжиегімді айтарлықтай кеңейтті. Өйткені әрбір кезең алдыңғысын толықтырып, келесі сатыға өтуге көмектесті: алдымен мемлекеттік сектор, содан кейін жеке сектор, ал соңында халықаралық деңгей.
— Бүгінгі таңда Қазақстан мен Орталық Азияға қалай қарайсыз: біздің жаһандық IP-экономикасында көзге түсуге мүмкіндігіміз бар ма?
Бұл салада біздегі жағдай өте жақсы деп айта аламын. Дамып келе жатқанымыздың өзі жетістік. Ең бастысы, осы қарқынды бәсеңдетпей, жалғастыра беру керек.
— Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар IP-заңгері мамандығын қалай өзгертіп жатыр және бұл салаға енді ғана қадам басқандар не нәрсеге дайын болуы керек?
Жасанды интеллект — жұмысты тезірек орындауға көмектесетін дос әрі құрал. Алайда ақпараттың шын-өтірігін ажырату үшін білімді болуың керек. ЖИ — нағыз жұмыс құралы. Тек оны дұрыс пайдалана білу қажет. Қазірдің өзінде жасанды интеллектіні меңгеруге арналған курстар көп, соларды оқып алуға кеңес беремін.
«Күмән мен қорқыныш болса да, бәрібір алға қадам басу керек»
— Халықаралық ортаға көшіп, жұмыс бастағанда қандай ішкі қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?
Францияда оқып жүргенде шетелде тұрып көрген едім. Сондықтан бұл елге көшіп келген кезде аса қиналмадым. Бірақ мұны тұратын жеріме қарамастан, өмірімді жүйелей алғанымнан дер едім.

Қай жерде жүрсең де, сол жерде толыққанды өмір сүре алатын, эмоционалды түрде дами алатын, түрлі қалауы бар бақытты тұлға болу керек. Менің үйім деп өзім бар жерді айтамын.
— Егер сіз қазір 20 жаста болсаңыз, зияткерлік меншік саласын қайтадан таңдар ма едіңіз? Неге?
Қиын сұрақ. Білмеймін. Егер нақты құқық саласы туралы айтсақ, мен ойланбастан тағы да осы саланы таңдар едім. Бірақ, мүмкін, басқа бағытқа кетер ме едім…

Маған ғылым, адамға қатысты дүниенің бәрі және мидың жұмысы өте қатты ұнайды. Бұл ішінара зияткерлік меншікпен де ұштасады, сондықтан ерте ме, кеш пе, бәрібір осы салаға келер едім деп ойлаймын.

Жалпы басқа саладан білімің болып, оған қоса зияткерлік меншік құқығын меңгерсеңіз, нағыз гауһар іспетті таптырмас маманға айналасыз.
— Халықаралық мансап «тым алыс» немесе «мүмкін емес» болып көрінген сәттерде берілмеуге не көмектесті?
Мен мұндай шекара қоймауға тырыстым. Егер қандай да бір идея немесе ой бізге келіп, біз оны өз өмірімізбен байланыстыра алсақ, демек ол нәрсе біздің өмірімізде бар деп ойлаймын. Тек соған қашан жететініміз — уақыт еншісіндегі мәселе.
— Жаһандық мансапты армандайтын, бірақ өзіне сенімсіз болып жүрген жастарға қандай ең кеңес немесе ұсыныс айтар едіңіз?
Өзіңізге күмандасаңыз да, қорықсаңыз да, алға баса беріңіз. Ең мықты деген халықаралық ұйымдарда да әрдайым ең ақылды адамдар жұмыс істей бермейді. Ол жерге барған кезде әлі-ақ өзіңіз көз жеткізіп, таңғаласыз.

Батыл болыңыз және өміріңізді өзіңіз жасаңыз. Егер шын ниеттенсеңіз, өмірде бәрі де мүмкін болады. Ал егер бір нәрсеге қол жеткізе алмасаңыз, демек оның уақыты әлі келмеді деген сөз.

Жолдағы кедергілерді қиындық ретінде қабылдамаңыз: керісінше, мүмкіндік ретінде қараңыз. Ізденімпаз болыңыз. Тек жұмыста ғана емес, өмірде де осы кеңестерді қолданыңыз.
— Дилия, ашық әрі шабыт сыйлайтын сұхбатыңызға көп рақмет! Сіздің жауаптарыңыз зияткерлік меншік саласында және халықаралық аренада мансап құруға ұмтылған көптеген жас маманның кәдесіне жарайды деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Зарина Қайратқызы
Аударған Құндызай Әмірбекқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)