Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

ЕРЛАН АМАНГЕЛДИНОВ, FORBES «30 UNDER 30» РЕЙТИНГІНІҢ ЛАУРЕАТЫ: КӘСІПКЕР КҮН САЙЫН БЕЛГІСІЗДІККЕ ІШТЕЙ БІР СЕНІММЕН ҚАДАМ БАСАДЫ

Кез келген бизнес ойдағы қарапайым идеяны іске асырудан басталады. Ерлан Амангелдиновтің жолы — соның дәлелі. Малайзиядағы екі айлық курс, Нью-Йоркте жерлестерге арналған экскурсия мен әлемді көруге деген ерекше құштарлық Sweatberry Tours компаниясының дүниеге келуіне негіз болды. Бүгінде бұл компания адамдарды пайдалы сапарларға біріктірумен қатар, бүге-шүгесіне дейін ойластырылған логистикасымен құнды болып отыр. Ерланның есімі Forbes «30 under 30» рейтінгіне кездейсоқ ене қойған жоқ, оның сыры тәртіп, тәуекел және нағыз еңбекте жатыр.
ЖОЛ БАСЫНДА
— Әр кәсіпкердің идеясының нақты іске асатын бір шешуші сәті болады. Сіздің ісіңіз қалай басталды?
—  2011 жылы алғаш рет Малайзияға екі айлық тіл курсына жалғыз өзім ұштым. Сонда жаңа салт, жаңа тағам, жаңа достар, қаланың қарқыны маған ерекше әсер етті. Осындай сәттерде әлем сен білетін аумақтан әлдеқайда кең екенін түсініп, өзіңнің үйреншікті әдеттеріңді ұмытады екенсің. Сөйтіп, қызығушылықтан басталған сапар мені саяхат бизнесіне әкелді. «Кейінге қалдыру» әдетіне бой алдырмай, бірден бастағаным дұрыс шешім болды.

Бұл сапар бес жылға созылған Канададағы оқу мен жұмысқа ұласты. Көп саяхаттадым, тәжірибе үшін сапарды жоспарлауды үйрендім. Содан түйгенім — саяхат хаос емес, мағынасы терең, жүйеленген сервис екен. Мұны ұғынғанда, бәрі өз орнына келді.
SWEATBERRY ИДЕЯСЫНЫҢ ТУУЫ
— Бүгінде Sweatberry брендін мыңдаған адам таниды. Бұл идея қалай пайда болды? Атауы нені білдіреді?
—Sweatberry Tours — сүйікті хоббиімнен туған бизнес. Қазақстанға оралмас бұрын АҚШ-қа барып келдім. Достарым бос болмағандықтан, жалғыз өзім саяхаттауға тура келді. Нью-Йоркте Геннадий Головкиннің жекпе-жегіне келген қазақстандық жігіттермен таныстым. Олар бос уақытта қайда баруды, билет алу мен маршрут құруды білмей жүр екен. Екі күн бойы олардың жеке гиді болып, қаланың танымал жерлерін көрсеттім. Олар болса менің билеттерім мен тамағымды төлеп жүрді. Қысқасы, екі тарап та дән риза болдық.

Сол сәтте ұйымдастырудың ұсақ-түйегіне бас қатырғысы келмейтін адамдар бар екенін, сондай-ақ жол серігі жоқ жандардың да аз емесін көрдім. Ал мен бұл екі мәселені де шеше алатынымды түсіндім. Осылайша, алты айдан кейін АҚШ-қа алғашқы топты алып бардым.
Ақпарат үшін: Sweat — еңбек, тәртіп, жоспар;
Berry — өмірдің дәмі, эмоция, жаңа нәрсені көргеннен кейінгі қуаныш. Екеуінің қосындысы — «жарқын өмір үшін еңбектену» формуласы.
АЛҒАШҚЫ ҚИЫНДЫҚТАР
— Көпшілік ең қиыны идеяны табу деп ойлайды. Шын мәнінде, ең қиыны — адамдарды өзіңе, өніміңе, тәжірибеңе сендіру. Сіз үшін бастау кезеңіндегі ең қиын сәт қандай болды?
— Иә, кез келген кәсіптің алғашқы кедергісі — сенім. Ол сезім әлі есімде. Барлығын ойластырып, есептеп, шабыттанып тұрған кезде, өзгелер үшін мен интернеттегі бейтаныс адам ғана едім. Атым жоқ, дәлелім жоқ. Тек өз ісіме деген сенім мен турлар туралы бірнеше пост қана болды. Шынтуайтында, белгісіз адамға ірі соманы аударудан адамдар қорықты, сескенді. Онысын түсінемін, өйткені мен де ойланар едім.

Сол себепті мен толықтай ашыламын деген стратегияны таңдадым. Әр қоңырау кішігірім «таныстыру әңгімесіне» айналатын: жаңадан бастап жатқанымды жасырмай айтатынмын. Бірақ ондаған елге барғанымды, маршруттарды өзім жүріп өткенімді, виза жүйесін, қонақүйлерді, рейстерді білетінімді түсіндіретінмін. Яғни турды «сатудан» бұрын тәжірибемді айта бастадым.

Сөйтіп, сенім сөзбен емес, іс жүзінде қалыптасатынын түсіндім. Клиенттерге тек визаны рәсімдеуді бастау үшін алдын ала кішігірім төлем жасауды ұсындым. Осы кезеңде олар менің жауапкершілігімді байқайтын: құжаттарды уақытында жіберетінмін, хабарламаларға жауап кешіктірмедім, нақты ақпарат беретінмін.

«Иә, бұл жігітке сенуге болады» деген сенім осылай қалыптасты. Алғашқы сенім кредиті — ақшаға емес, шынайылық пен сапаға алынған ең қымбат кредит.

Шынында адамдар бізден мінсіз әрекетті емес, шынайылықты күтеді.
ТӘЛІМГЕРЛЕР МЕН ОРТА
— Сізге бағыт көрсеткен, қолдаған жандар кімдер?
— Менің басты тәлімгерлерім — әкем мен анам. Олар кәсіптің мамандық емес, мінез екенін көрсетті. Әкем: «Уәде берсең, қалай болса да орында», — деп үйретті. Анам: «Тиын-тебеннен үнемде, бірақ сенімнен үнемдеме», — дейтін. Уақыт өте бұл қарапайым сөздердің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Бүгінде жастарға кеңес берген сайын осы сөздерді айтып отыратынымды байқаймын. Демек отбасылық мектеп менің командамда да жалғасып жатыр.
ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТ: FORBES «30 UNDER 30» РЕЙТІНГІНЕ ЕНУ
— Бұл тізімнен көріну көптеген жас кәсіпкердің арманы. Біреу үшін — мақсат, екіншілер үшін — мойындау, үшіншілер үшін — жауапкершілік. Ал сіз үшін бұл қандай сәт болды?
— Бұл рейтинг жеңістің басы ғана дер едім. Forbes мен үшін медаль иелену емес, бұл — жүріп өткен жолдың көрсеткіші. Дұрыс бағыттасың, жол енді басталды дегеннің белгісі. 2019 жылы 24 жаста «Бизнес» санаты бойынша FORBES «30 UNDER 30» тізіміне енгенде, эйфориядан бұрын, мойынға артқан жауапкершілікті сезіне түстім. Өйткені бұдан былай мені тек клиенттер емес, бүкіл бизнес ортасы тани түспек.

Бұл тізім — айна іспетті. Жасап жатқан ісім өзгелер үшін маңызды деген сөз. Енді тоқтауға хақым жоқ. Сөзіме,ісіме, командадағы адамдарға — бәріне асқан жауапкершілікпен қарай бастадым. Қысқасы, FORBES «30 UNDER 30» бойды менмендіктен аулақ ұстап, үлгі болатындай жол салуға негіз болды. Егер осы сұхбатты жастар оқып, оның ішінен тым болмаса біреуі «Мен де іс бастай аламын» деп шабыттанса, онда біздің еңбек бекер емес дер едім.
Forbes 30 Under 30 тізімі — бұл 30 жасқа толмаған жас таланттарды, кәсіпкерлерді және көшбасшыларды марапаттайтын Forbes журналының жыл сайынғы рейтингі, Қазақстан үшін жергілікті тізімі бар. Онда әртүрлі саладағы (технология, өнер, спорт, әлеуметтік сала) ең үздік жастар анықталады. Тізімге кіру үшін өзіңді немесе басқаларды номинациялауға болады. Содан кейін редакция мен сарапшылар топ құрамына 30 лауреатты таңдайды. 
КӘСІПКЕР САБАҚТАРЫ
— Жасөспірімдерге берер үш кеңесіңіз?
— Үйренуден жалықпаңыз. Білім іздеңіз. Білім тек университетте емес. Мына алмағайып заманда бір дипломға ғана сенуге болмайды. Мен үнемі жаңа курстардан өтіп, кітаптар оқимын, дәрістер тыңдаймын. Әр айда бір жаңа нәрсені меңгеруге тырысамын. Білім — еркіндік. Неғұрлым көп білсең, соғұрлым жағдайға тәуелді болмайсың.

Екінші кеңесім, тәуекел етуден қорықпаңыз. Тәуекел — жау емес, жаттықтырушы дер едім. Қателік — тәжірибе жинақтаудың басы ғана. Туристердің алғашқы тобын жинағанда бірнеше түн ұйқы көрмедім. Бірдеңе дұрыс болмай қалады деп қорықтым. Әрине, қиындықтар болды. Ондай сәттер мінезді шыңдайды.

Үшінші кеңес, репутацияны, яғни арыңызды қорғаңыз. Бұл — бизнестің заңдылығы. Ақша жоғалса, оны табуға болады. Сенім жоғалса, міне, қиындық осы болмақ. Мен әрқашан уәдемді орындауға тырысамын. Үлгермесем — алдын ала айтамын. Сөзінде тұратын адамды мүмкіндік өзі табады.
КӨШБАСШЫЛЫҚ ЖӘНЕ КОМАНДА
— Көшбасшы қандай болуы керек? Командамен қарым-қатынасыңызды қалай сипаттайсыз?
— Айқайға салып, команданы қорқынышпен ұстайтын көшбасшыдан гөрі, өз ісіне, сөзіне сендіре алатын көшбасшының беделі үнемі оқ бойы озық тұрады. Нағыз көшбасшы бұйрықтың артына тығылмайды, ол команданың жанынан табылады, басқаларға үлгі болады. Бастапқыда бақылауға құштар болдым. Уақыт өте бақылау — қорқыныш, ал сенім өсу екенін түсіндім. Біздің командадағы қағидамыз өте қарапайым. Біз үшін бірінші кезекте — адам және оның жағдайы, сосын нәтиже тұр. Адамға жайлы болса, оң нәтиже өзі-ақ келеді.
ИДЕЯ МА, КОМАНДА МА, ТАБАНДЫЛЫҚ ПА?
— Жастар «неден бастаймын?» деген сұрақты жиі қояды. Бастау үшін ең маңыздысы не?
— Бизнес идеядан туады, бірақ табандылықтың арқасында ғана биікке өрлейді. Команда — күш, ал алғашқы команда — өзің. Мен де солай бастадым. Сайт жасадым, клиенттермен сөйлестім, құжат жинадым, былайша айтқанда бәрін өзім істедім. Ал табандылық — бастағанды аяқтауға мүмкіндік беретін қасиет.
КҮМӘН МЕН ҚОРҚЫНЫШТАР
— Қиын сәттерде қалай күш жинайсыз?
— Сиқырлы формула жоқ. Бір қарапайым шындықты түсіндім, адамның психикалық жағдайы физикаға сүйенеді. Ұйқы, дұрыс тамақтану, спорт — барлық жетістіктің негізі. Алкоголь мен темекіге мүлдем қарсымын. Олар ертеңгі энергияңызды ұрлайды. Тән сау болса, ой да анық болады. Жаңалық іздейді. Проблемаға емес, шешімге назар аударады.
ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТУРАЛЫ
— Қандай қағидаттарды ешқашан бұзбайсыз?
— Ең бастысы — адалдық. Бұл қағидат қарапайым естілгенімен, ұзақ мерзімді бизнес жасаудың негізі дер едім. Адалдық бар жерде серіктестік, клиент пен команда бар. Бизнес — мәміле емес, адамдар арасындағы сенім.
ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ КЕҢЕС
  • Микрожоба бастаңыз: бір күндік экскурсия, шағын мерч, мини-курс.
  • Есеп жүргізіңіз.
  • Хатты сауатты жазыңыз: тақырып, дедлайн, сілтемелер.
  • Тәлімгер табыңыз, уақыт үнемдейсіз.
  • Сөзіңізде тұрыңыз.
— «Кәсіпкер болу — …»
— …күн сайын белгісіздікке іштей бір сеніммен қадам басу. Бұл сенім сәттіліктен не жолы болғаннан пайда болмайды. Бұл — дайындық, жауапкершілік және үздіксіз еңбектің нәтижесі. Әдетте мұндай еңбек тыныш, артық дабырасыз өтеді. Сол тыныш еңбек — бизнестің күші.
Кәсіпкер — арқасынан қағуды күтпей, нәтиже уәде етілмесе де алға жүретін жан.

Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)