Реклама
Курс для молодежи 12–18 лет
Я – предприниматель
News & Trends
Education
Career
Community
talks
News & Trends
Education
Career
Community
talks

Елшінің жары: «Бұрын дипломатия тек таңдаулы адамдардың кәсібі сияқты көрінетін»

Тіл — жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол — әлемді, адамдарды, өзге мәдениеттерді, тіпті өзіңді танудың кілті. Хамзаева Гүлістан Талғатбекқызының өмір жолы тіл үйренуге деген махаббаттың арқасында жарқын естеліктерге толы. Ағылшын және испан тілдерінде еркін сөйлеуі оған Америка мен Еуропада өзін еркін сезінуге, күні бүгінге дейін сұранысы жоғары маман болып қалуына мүмкіндік берді. Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында дәріс оқып, бірнеше тілде кітап жазып, дипломатиялық миссиямен әлемнің түрлі елдерінде қызмет атқарған кейіпкеріміздің айтары жеткілікті. Біз Гүлістан Талғатбекқызымен өмірлік таңдау, жауапкершілік, ішкі тірек және дипломатияның көпшілікке беймәлім қыр-сыры жайында әңгіме өрбіттік. Бұл сұхбат жастарға ой салып, бағыт-бағдар беретін әңгімелердің бірі болады деп сенеміз.
Орынды қалжыңдап, тіпті «өсек айта» да білу керек
— Гүлістан Талғатбекқызы, сіз — жазушы, дипломат, ұстаз, лектор, суретші, полиглотсыз. Осыншама рөлді бойыңызда қалай үйлестіріп жүрсіз?
— Негізі, мен айналысатын дүниенің бәрі шығармашылықпен байланысты. Бұл қырлар өмірімнің әр кезеңінде әртүрлі формада көрініс тапты. Жазушылыққа да, сурет салуға да бірден келген жоқпын — уақыт өте тәжірибе жиналды, білім артты, ішкі ой мен түйсік тереңдей түсті. 50 жасымда алғашқы кітабымды жаздым, ал 55 жасымда салған алғашқы картинам жүлделі болып, Бельгиядағы галереяда қойылды. Ал дипломатия мен шет тілдерін меңгеру — менің кәсібім ғана емес, тілдерге деген шынайы махаббатымның нәтижесі.
— Дипломатия, испан тілі мұғалімі, ағылшын тілінде кітап жазу. Осының бәрі тілдермен етене байланысты. Тілдің өмірді өзгерте алатын құрал екенін алғаш рет қашан сезіндіңіз?
— Ағылшын тілін 5-сыныптан бастап үйрене бастадым. Маған шын, сізге өтірік — тілге бірден ғашық болдым. Ата-анам дәрігер болғанымды қалады, бірақ мен олардың дегеніне қарсы шығып, жүрек қалауына құлақ астым. Шыны керек, ол кезде шет тілдерінің аса қажеті жоқ сияқты көрінетін. Әкемнің: «Жұмыссыз қаласың немесе мектепте ағылшын тілінен ғана сабақ беретін мұғалім боласың», — дегені бар.

Араға көп уақыт салмай, 1993 жылы АҚШ-қа алғашқы шетелдік іссапарға шықтым. Елшілікте жұмыс істеу бұйырды. Дәл сол сәтте жасаған таңдауыма әуелі өзіме, кейін тағдырыма шын жүректен алғыс айттым. Дипломаттардың жұбайларының ішінде ағылшын тілінде еркін сөйлейтін жалғыз мен болдым, сондықтан мені елшіліктің қабылдау бөліміне жұмысқа шақырды. Америкалықтардың сұрақтарына жауап беріп, аударма жасадым, елшіліктегі отбасыларға көмектестім.

Тілді меңгерудің арқасында өзгелерге қарағанда жаңа ортаға әлдеқайда жеңіл бейімделдім. Қарым-қатынас орнатуда ешқандай кедергі болған жоқ. Адамдар тілді әртүрлі деңгейде біледі. Базалық деңгейде сөйлесу — жақсы, бірақ бұл жеткіліксіз. Тілді терең меңгеру тек ақпарат жеткізумен шектелмейді, ойды сауатты, әдемі әрі жүйелі түрде жеткізе білу де маңызды. Тілдердің арқасында мен көптеген шетелдік достар таптым, олармен әлі күнге дейін араласамын. Тіпті әзілдеп: шет тілінде тек сөйлеп қана қоймай, орынды қалжыңдап, тіпті «өсек айта» да білу керек, — деп айтамын.

1999−2005 жылдары Испанияда ағылшын тілін білетіндер некен-саяқ еді, сондықтан испан тілін үйренуге кірістім. Екі жыл оқып, сертификат алдым. Қазір өзім осы әдемі тілді үйретемін.
Кейін Италияға көштік — сол жерде итальян тілін меңгере бастадым, ал Бельгияда француз және неміс тілдерін оқыдым. Бұл тілдер маған күнделікті қарым-қатынаста да, түрлі мәселелерді шешуде де көп көмектесті. Маған аудармашылар мен хатшылардың көмегі қажет болмады.

Тілдер адамның өміріне елеулі өзгеріс әкеледі. Қазір жетпіс жастамын, әлі де жұмыс істеймін, шет тілдерін оқытамын және Қазақстандық дипломаттардың жұбайлары қауымдастығын басқарамын. Бұл — менің сүйіп істейтін ісім. Кейде «егер тіл білмесем, немен айналысар едім?» деп ойлап, өз ойымнан өзім шошып кетемін…
Тіл — әлемге ашылған терезе
— Бүгінгі сіздің болмысыңызға, өмірлік шешімдеріңізге не әсер етті? Жолыққан адамдар ма, оқыған кітаптар ма, меңгерген тілдер ме, әлде өскен ортаңыз ба?
— Балалық және жастық шағымда әдебиетті көп оқыдым. Үйдегі кітапхананы бірнеше мәрте қайта оқып шықтым, тіпті шамның жарығы сөнсе де, түнделетіп кітаптан қол үзбейтінмін. Ата-анам көзіме зияны тимесін деп кітаптарды алып қоятын. Маркстың «Капиталын» да толық оқып шықтым. Кітап жетіспегендіктен, кітапханадан шықпайтынмын. Қазір ойланып қарасам, сол оқуға деген ықылас пен үздіксіз ізденіс менің жазушылық жолымның негізін қалаған екен.

Мен орыс, ағылшын, испан және итальян тілдерінде алты кітап жаздым. Ағылшын және испан тілдеріндегі кітаптарды өзім жазып, редакторлар тек түзетулер енгізді. Ағылшын тіліндегі кітап кейін итальян тіліне аударылды.

Алғашқы «Оставляя частичку сердца» атты кітабым дипломат жұбайлары үшін оқуға тиіс үстел кітабына айналып, үш рет қайта басылды. Қазір бұл кітап Қазақстандағы дерлік әрбір дипломаттың сөресінен табылады.

Бельгияда жарық көрген Behind the Silk Curtain кітабы да оқырманның ықыласына бөленіп, нидерландтық баспа арқылы жарық көріп, Amazon платформасына орналастырылды.
— Үлкен әлемді көруді армандайтын, халықаралық деңгейде жұмыс істегісі келетін ауыл мен аймақ жастарына не айтар едіңіз? Неден бастаған жөн?
— Жоғары оқу орындарының студенттерімен дипломатия тақырыбында жиі кездесулер өткіземін. Әрдайым мықты білім алудың, көп оқудың және өзіңді түрлі салада сынап көрудің маңызын айтып отырамын. Міндетті түрде дипломат болу шарт емес.

Мектеп оқушыларына ең алдымен тіл үйренуге кеңес беремін. Тіл — әлемге ашылған терезе. Тек ағылшынмен шектелмей, сирек тілдерді де меңгеру маңызды: парсы, қытай, фламанд сияқты. Қазір ағылшын тілін білумен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Заманауи, сұранысқа ие маман бірнеше тілді қатар меңгеруі тиіс.

Компьютерлік дағдылар да — заман талабы. Қазіргі әлемде онсыз алға жылжу мүмкін емес. Сонымен қатар қарым-қатынас орнату, тіл табыса білу өнерін меңгеру де аса маңызды машықтардың бірі.
— Жасөспірімге тіл меңгеру — өз жолы ма, әлде басқа бағытқа бет бұрғаны жөн екенін қалай түсінуге болады?
— Тілді мақсат емес, мақсатқа жетудің құралы ретінде қабылдау керек. Ең маңыздысы — бүгінгі күнде сұранысқа ие бағыттарды дұрыс таңдай білу. Қазір IT саласының мамандары, деректерді талдау, киберқауіпсіздік мамандары, мобильді қосымшаларды әзірлеушілер жоғары сұранысқа ие.
Дипломатияда ұсақ-түйек жоқ, бәрі есепке алынады…
— Жастар шет тілін үйрене бастағанда қандай қателіктерге жиі жол береді?
— Тілді меңгеру үшін мотивация мен уақыт қажет. Көпшілік тіл үйренуді қысқа мерзімді мақсат ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде бұл — ұзақ жол. Сондықтан тілмен тұрақты түрде айналысу керек, ең болмаса меңгергенді қайта-қайта пысықтап отырған жөн.
— Көпшілік дипломатияны маңызды қабылдаулар, әсем залдар мен жоғары мәртебелі қонақтар арқылы таниды. Ал бұл салада ең қиын әрі көпшілік біле бермейтін қандай тұстар бар?
— Өкінішке қарай, дипломаттар мен олардың жұбайларына қатысты стереотиптердің бары рас. Көп адам тек сыртқы жылтыр қабатын ғана көреді. Ал дипломатиядағы ең күрделі дүние — жауапкершілік. Дипломаттар өз елін әртүрлі мемлекеттерде таныстырады, әрі ол елдердің бәрі бірдей жайлы бола бермейді. Сондықтан жауапты болу, ашық әрі кәсіби қарым-қатынас орната білу, тыңдай алу, ұсақ-түйекке мән беру аса маңызды.

Дипломатияда ұсақ-түйек жоқ — сыртқы келбеттен бастап, сөйлесу мәнеріне дейін бәрі есепке алынады.
— Дипломат болуды армандайтын, бірақ жоғары бәсекеден қорқатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Бұрын дипломатия тек таңдаулы жандардың кәсібі сияқты көрінетін. Ал бүгінде бұл салада сұраныс бар, бірақ талап та жоғары. Елшіліктер шет тілдерін білетін, нақты елге қатысты білімі бар жас мамандарды іздейді. Мәселен, Иранда — парсы тілі, Түрікменстанда — түркмен тілі қажет. Ана тілінде сауатты жаза алатын дипломат-аналитиктерге сұраныс жоғары. Ақпараттық технологиялар саласында білімі бар дипломаттар да ерекше бағаланады.

Қазір протекционизм азайып келеді. Білімсіз, заманауи дағдылардан хабарсыз дипломат ешкімге қажет емес. Сонымен қатар дипломатиялық этика да өз маңызын жойған жоқ: баға жеке адамға емес, ол өкілдік ететін елге беріледі.
— Сіз ағылшын, испан, орыс тілдерінде кітап жаздыңыз. Кітаптарыңыздың басқа тілдерге де аударылғанын айтып өттіңіз. Қай тілде ойлайсыз?
— Мен орыс және ағылшын тілдерінде ойлаймын, ал қазақ және басқа тілдерде сөйлеймін. Өзімді жайлы әрі жайсыз сезінген кезде қолыма қалам аламын. Жазу — эмоцияны өткерудің, ішкі күйзеліс пен толғаныспен күресудің бір жолы. Мен үшін бұл — қажетке айналған дүниe.
Мен әрдайым ұстаздық жолға адал болдым
— Мамандық таңдау мәселесінде жастардың сұрағы көп. Сіздіңше, жолдың басында не маңыздырақ: беделді оқу орны ма, үйрене білу қабілеті ме, әлде өзгерістерге бейім болу ма?
— Ең алдымен өз саласында нақты білімнің болғаны маңызды. Оқу орны аса беделді болмауы мүмкін, бірақ үйренуді, бейімделуді, өзгеруді ешқашан тоқтатпау керек.

Мамандықпен қатар міндетті түрде бір ісің, бір шеберлігің болғаны жөн. Кейде мамандық өзектілігін жоғалтады, ал ісмерлік ешқашан өлмейді. Бүгінде ісмерлік ұғымы кеңейіп, креативтен бастап, бірегей, эксклюзивті дүниелер жасауға дейін жетті.

Жасанды интеллект дамыған сайын кейбір кәсіптер ұмытылады, ал техникалық бағыттағы мамандар мен қолынан іс келетін адамдар әрдайым сұраныста болады.
— Интеллектуалдық, кәсіби және тұлғалық тұрғыда өскісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Бүгінде ең құнды нәрсе — ақпарат. Жастар өзіне қажет мамандықтар мен мүмкіндіктер туралы ақпаратты жан-жақты ізденіп, терең игеруі керек.

БҰҰ, Британ кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдар арқылы түрлі курстар, гранттар мен жобалар ұсынылады, олардың көпшілігіне қатысу тегін. Күтпей, әрекет ету керек. Мысалы, Астана мен Алматыдағы дипломатиялық мектептер студенттерге арналған екі айлық кешкі курстар ұйымдастырады, оқу соңында сертификат беріледі.
— Сіз үшін «табыс» деген не және уақыт өте келе оның мәні өзгерді ме?
— Табыс — бұл мойындалу. Егер сені маман ретінде мойындаса, сол — табыс. Мен әрдайым ұстаздық жолға адал болдым және үнемі жастармен жұмыс істедім: дипломаттармен, шәкірттеріммен, дипломаттардың жұбайларымен. Қазақстандық дипломаттардың жұбайлары қауымдастығын алты жыл бойы басқару — менің еңбегім мен тәжірибемнің мойындалуы. Өз ісімді шын жүректен жақсы көремін.
Тігін тігуді, тоқуды, әшекей бұйымдар жасауды ұнатамын — қолөнер арқылы жаным тынышталады. Саяхаттағанды, адамдармен араласқанды жақсы көремін, уақытымды қадірлеймін, достықты бағалаймын. Балаларымды, немерелерімді және елімді жақсы көремін.
— Гүлістан Талғатбекқызы, салиқалы әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбатты дайындаған:
Зарина Қайратқызы
Хабардар болыңыз!
Кейінгі жаңалықтардың аңдатпасын бізден біле аласыз. Қызық оқиғалар мен мақалаларды біздің сайттан оқыңыздар!
Шақыруыңызды табуға және сәтті мансап құруға көмектесеміз.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар
Қолдау
Мекен жай
Қазақстан, Астана, Достық көш., 18, 20 оф. (22 қабат.)