— Бұл сұрақ менің жаныма өте жақын. Көпшілік үшін сахна тосқауыл болса, менің түсінігімде тосқауыл бар жерде — мән бар. Мені бұл тақырыпқа тәжірибем әкелді: ондаған эфир, спикерлермен кездесулер, өз ойы бар, бірақ «әлі дайын емеспін», «сынға қалам ба?» деп ішке бүгіп жүрген үрейлері бар жасөспірімдер мен ересектер себеп болды. Уақыт өте мына ақиқатты аңғардым: өз болмысымен көріну — дауыстап сөйлеу де, мінсіз дикция да емес. Ол — ішкі шындығыңды сақтай отырып, өз қалпыңда да жұрт алдына шығудан қорықпау.
Өйткені дауыс — жай ғана дыбыс емес, ол — адамның болмысын айқындайтын энергия.
Дауыс арқылы мағына мен құндылық көрінеді, мінез сезіледі. Адам өзі сенетін нәрсені дауыстап айтқанда, мақсатын айқындап, ұстанымы мен әрекетін нақтылай бастайды.
Үнсіздік — позицияны әлсіретіп, мүмкіндікті қолдан шығару. Дауыс дірілдесе де, сөйлеңіз. Діріл — әлсіздік емес. Діріл — тіршіліктің нышаны. Ол бұл әрекеттің маңызды екенін көрсетеді. Дәл сол сәтте өзіңмен, тыңдарманмен және істеп жатқан ісіңмен үнсіз байланысасың. Адамның өз ойын ортаға салуы, көпшілік алдына шығудан қаймықпауы әрдайым түп-тамырыңа деген құрмет пен болашақ алдындағы адалдықты талап етеді. Қазақтың педагогикалық дәстүрінде сөз — жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол — жауапкершілік. Айтылған әр сөздің салмағы бар, оның адамға да, ортаға да әсері болады.
Ал XXI ғасырда сөз жаңа кеңістікке шықты. Ол презентациялар, подкасттар, питчтер, қысқа видеолар сынды цифрлық құралдармен ұштасып отыр. Формат өзгергенімен, мән-мазмұны өзгерген жоқ. Дауыс цифрлық дағдылардан кем емес. Себебі технологияға жан бітіретін, оған адамдық мағына қосатын — дауыс.
Бұл — туа бітетін қасиет не тылсым құбылыс емес. Бұл — жаттығу арқылы қалыптасатын дағды.
Мен тренингтерімде дәл осы бағытта жұмыс істеймін және көпшілік алдына шығуға көмектесетін мынадай тәсілдерді қолданамын: